Ашық күннің әрбір сәтін тиімді пайдалануға тырысқан диқан-механизаторлар күзгі жауапты науқан – егін орағын уақытында әрі сапалы аяқтап шығуға бар күш-мүмкіндіктерін жұмылдыруда.
Күні бүгінге дейін барлық алқаптың 96 пайызы бастырылды. Соңғы тәуліктерде гектар берекесі біршама арта түсті. Бірқатар аудандарда шығымы мол егістік алқаптарды бастыру сәл кейіндеу жүргізілген болатын. Осыған орай, соңғы тәуліктерде гектар берекесі көбеюде. Қазір әр гектардан 11,3 центнерден астық жиналуда.
Егіндікөл, Аршалы, Бурабай, Есіл тәрізді аудандар егін орағын аяқтауға жақын. Өзге аудандарда да жұмыс өнімді. Енді бірер күн ауа райы қолайлы болса, ел игілігі ысырапсыз жиналып алынбақ. Қазір бар мүмкіндік осы бағытта жұмылдырылған. Егін орағының белгіленген мерзім ішінде атқарылуына ең алдымен ауыл шаруашылығы құрылымдарының материалдық-техникалық базасын жақсартуы септігін тигізіп отыр. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығы ұжымдары өнімді жұмыс істейтін шетелдік техникамен қамтамасыз етілуде.
Диқандар көктемгі егістің қамын да осы бастан ойластырып, тұқым қорын жасақтауға мейлінше мән беруде. Көктемгі егіске 529,8 мың тонна тұқым қажет болатын болса, қазірдің өзінде бар шаруашылық бұл көлемдегі сапалы тұқымды жүз пайыз қамбаларына құйып алды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.