– Жыл басынан көші-қон заңнамасын бұзған 45 707 шетелдік әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ішкі істер органдары шетелдік азаматтардың елімізде жүріп-тұруын бақылауды тұрақты негізде жүргізеді. Шетелдіктердің Қазақстанда жүріп-тұру ережелерін сақтауын бақылау уақытша тұруға берілетін рұқсат негізінде жүзеге асырылады. Оны алу процесі реттелген. Заңда көзделген жағдайда шетелдікке еңбек шартының мерзіміне, оқу, емделу және басқа да толық негіздер кезінде Қазақстанда болу құқығын беретін уақытша тұруға рұқсат алғанда тұрғылықты мекенжайы, тұрғын үй иесі және онда тұратын шетелдіктер туралы толық ақпаратымыз болады. Бұл көші-қон бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Аслан Аталықов ІІМ баспасөз қызметіндегі брифинг барысында.
Оның дерегінше, осы жылдың басынан бері уақытылы есепке қоймай, ресейлік азаматтарды қабылдаған 16 240 адам әкімшілік жауапқа тартылды.
«Көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін барлығы 45 707 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде РФ азаматтары – 2 959. Елден 4 190 адам шығарылды. Оның ішінде 203 ресейлік бар», — деді ол.