Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көмек - АРҚА АЖАРЫ

Көмек

Толымбек ӘБДІРАЙЫМ

Құлатөбел қараша. Шақшиған аяз…

Қайын жұртына  бара жатқан мұғалім жігіт Қажымұрат мінген жеңіл машина Астанадан Көкшетауға  жетіп, Қостанай бағытына бұрылды. Бұл жолмен қатты жүруге болмайды. Тас жол болғанмен, ойқы-шойқы, жыртық-тесік тұстары көп. Алдағы жүк машинасын қуып жетсе, озып өтуге қарама-қарсы жолыққан көліктерден сақтанып амалсыз ақырын жүруге тура келеді.

– Жылдамдықты қоспайсың ба? – деп қояды төркін жұртына асыққан әйелі.

– Көрмейсің бе, жол  тайғақ, қатты жүруге келмейді.

– Қараңғыға қалып қоймаймыз ба?

– Ертерек шығу керек еді…

–  Шуымызды шұбатып жүріп алған өзіміз…

–  Өкінгенмен пайда жоқ!..

– Аман-есен жетсек – сол абырой!

– Ақшам намазының уақыты кірді.

– Ауылға жеткен соң оқысаң болмай ма?

– Көлік өзіміздікі… Намазды себепсіз қалдыру – күнә.

Аққұба жігіт сақылдаған сары аязға қарамастан машина қалқасында, жайнамаз үстінде  ақшам намазының парызын асықпай оқыды.

Алда Горный селосы, одан әрі Корнеевка, ар жағында  ауыл тиіп тұр.

Машина орнынан қозғала бергенде қалта телефоны дызылдады.

– Қайдасыңдар? – дейді өзі де, сөзі де шапшаң әбігер  қайынағасы Ғабдул-Мәжит.

– Горныйға жақындадық..

– Егіндік алқабы арасындағы төте жолмен жүр.

– Батып қалмаймыз ба?

– Қорықпа, қар жұқа! Қаттырақ жүрсең түк те етпейді!

«Машина болса аласа,  тұрып қалса қайтемін?!.  Жә, неде болса  тәуекел!..».

Төрт дөңгелегі бірдей жұмыс істейтін, асты недәуір биік ақ машина әлі бірде-бір із түсе қоймаған қарлы жолға бұрылды да, зулап жөнелді. Көзі дымданып, жүрегі лүпілдеген Қажымұрат жүйткіп бара жатқан «Ниваның» соңынан салды.

Алла қаласа!..

           Ұзын бойлы, атжақты келген Еділбай курстасым бұрын да ширақ еді, қазір тіпті пісіп-қатып алыпты. Шымкентте жеке кәсіпкер екен. Әңгіме үстінде «Құдай бұйырса»  деген сөзді жиі айта бергенін естіп:

– Екі сөзіңнің бірі «Құдай бұйырса» боп келеді екен?!. Осының сырын айтасың ба? – дедім.

– Онда ауылда тұрамын. Шұғыл шаруамен аудан орталығына жиналдым. Күн батуға жақын. Машина руліндегі дос жігіт  төте жолмен жүруді ұсынды.

– Жақсы білесің бе? Адаспаймыз ба?

– Не көрінді адасып!.. Ары кетсе екі-үш сағатта жетеміз.

– Құдай бұйырса де!

– Құдай бұйырса да, бұйырмаса да жетеміз. – деді ол қабағын түйе.

Мен тіксініп қалдым…

Ымырт жабылды. Жүріп келеміз. Бағытымыз дұрыс сияқты.  Бұралаң-бұлтарысы көп қара жол қашықтап кеткендей ме, қалай?

– Айтқан уақытың өтті!.. – Мен елегізіп, тықырши бастадым.

– Сабырсыз екенсің!.. – дейді досым.

– Адасқан сияқтымыз…

– Төте жолды  тәп-тәуір білуші едім…

Ашу-ызасын машинадан алғандай,  ой-шұңқырға қарамай ағызып келеді.

– Білмейтін жердің ой-шұңқыры көп!..  Байқа!

– Жыным қозып келеді… Тыныш отырсаң қайтеді?!

-«Бір жол бар жақын, жақын болса да алыс, бір жол бар алыс, алыс болса да жақын» – деуші еді…

Ерзат үсті-үстіне шылым шегеді. Кабина іші көк түтін. Тағы бір сөз   айтсам жарылғалы отыр. Дұрысы – үндемеу. Түн ортасы ауғанда бізді ұйқы қысты.  Қалжырап шаршадық. Бір жүрген жерімізге әлденеше айналып соқтық. Таң ағарып атқанда кеше түнде өзіміз шыққан ауылға зорға жеттік. Осы оқиғадан соң, қандай іс жасасам да, «Құдай бұйырса!» деп айтуды әдетке  айналдырдым. Түйгенім, адам баласы жоспар құрғанымен, іске асырар Алла. «Адамнан – әрекет, Алладан берекет» деп текке  айтпаса керек…

Тасаттық

          – Өзенге барайын десем, ешбір бала шықпайды!.. Терезелерін қараңғылап, көлеңкелеп үйлерінде  жатыр.

Бұтында шолақ шалбар, үстінде мәйкіден өзге дәнеңе жоқ тақыр бас Тасқын үйге жүгіріп кірген бойда қалт тұра қалды.

Атасы түскі намазын оқып болып, тасбих тартып отыр екен.

– Тыныш, ақырын! – деді бесінші сыныпта оқитын Тарғын тентек інісіне  қарап. – Атам жайнамазда отырғанда дабырламай ақырын жүруді ұмытқансың ба?!

– Жо-ға, білемін…

– Ендеше,  тыныш отыр.

– Жарайды…

Қайдағы үндемей отырған! Тасекең  қалтасынан «Самсунг» телефонын алды да, бір тетігін басып еді, даңғаза музыка үні естілді. Тақыр басын бұлғаңдатып, көздерін тарс жұма ырғақты әуенге еліткен Тасқын ағасының бүйірден нұқып қалғанын аңдап:

– Ои-й, қолың батып кетті ғой!.. Атама айтам, – деді жыламсырап. Онымен қоймай, бүйірін ұстап отырған жеріне  құлай кетті.

Күмістей ақ сақалы өзіне жарасатын иман жүзді Нұрхан қария жайнамазын бүктеп, орындық үстіне қойды да малдас құрып жайғасып отырды.

– Бері таяңдар, – деді ағалы-інілі екі немересіне қарап. – Өткенде  айтқам, ұмытып үлгергенсіңдер ме?! Қазақтың кез келген мақалы өмірден алынған.  Шетінен мән-мағынаға ие. «Күннің жаманы кетеді, адамның жаманы кетпейді» деген нақыл  бар. Аптап қайтады. Алла тағала тозақтың ыстығын ара-тұра шығарып, құлдарын сынап жатыр. Тозақтың тыныстайтын кезі бұл… Сол үшін, «Тәңірі ризамыз саған, тозақтан сақта» деген жөн… Әуе райының құбылуы, қар, жаңбыр, суық және төрт мезгілдің ауысып-алмасуы бәрі-бәрі, бір Алланың қолында.

Ай жарымнан асты, жарықтық жаңбыр  тамбай тұр, шөп те сарғая бастады. Алдыңғы күні ауыл ақсақалдары жиналып, тасаттық беруге байлау жасадық. Алдағы бейсенбі күні мал сойылып, төбе басында құран оқылады.

– Жақсы болды ғой!..

– Алақай!.. Бұл – керемет жаңалық!..  – деді  ұлдар  қуанып.

– Жә, өрекпімеңдер!.. Не нәрсеге сабыр керек, құлындарым.

– Ата, тасаттық деген немене?

– Тасаттық – діни ғұрып. Бұл арабтың «тасалдық» – құрбан шалу деген сөзінен шыққан. Қазіргідей  жаңбыр жаумай, шөп шықпаған жағдайда ел-жұрт ортадан мал шығарып Алладан жаңбыр тілеп, «тасаттық» жасаған. Оның реті былай. Көпшілік жиналып төбе басына, немесе өзен жағасына апарып мал сойып, пісіріп жеп, құран оқып, Тәңірге жалбарынып жауын тілейді. Қарттардың айтуынша, осыдан кейін көбінесе жаңбыр жауған…

Тасаттық рәсімін балалар тықырши тосты.

Әуе айналып жерге түскендей  күн ыстық. Ауыл маңы қу тақырға айналған. Қой мен сиырды ауылдан ұзатып алыс-алыс тау бөктеріне, болмаса жақсылау жайылымға апармаса болмады. Шөп-егіннің шығуы да нашар.

Бейсенбі күні бесін намазынан соң Қотырбайтөбе деген жерге барып,  Тарбағатай ауылының адамдары жиылып, бірнеше қой сойып, Алладан жарылқау тілеп тасаттық бермек.

Жұртшылық ауыл молласы Кәтікен ақсақалға құран оқы деп өтініш айтқан.

–  Балқыбек молланы алдырыңдар, – деді Кәтікен кәрия.

– Ол кісі қайда?

– Аздап сырқаттанып, үйінде жатыр.

Жұрт арасынан екі-үш кісі шығып, Балқыбек ақсақалға барды.

Көп ұзамай Балқыбек молла келді. Ауыл адамдары тасаттыққа сойылған еттен асықпай жеді. Одан соң Балқыбек қарт  құран оқыды. Қырағат-мақамы не деген әуезді! Жүректерді шымырлатып, жан дүниені шарлаған қоңыр әуен-құран үні біразға созылды.

Сол-ақ екен, сүт пісірім өтті ме, өтпеді ме Қарасеңгір тауы жақтан шөкімдей-шөкімдей қара бұлттар шықты да,  дауылдатып қатты жел тұрып артынша шелектеп жаңбыр құйып берді. Ел-жұрт екі шақырым жердегі ауылға зорға жетті.

Жаңбыр  көп жауды. Жұрт мәз-мейрам, у – шу…

Ертеңінде-ақ,  сарғая бастаған шөп те, егін де түлежіп сала берді.

Белдік

Қасиетті Мекке шаһарына жақын жерде тұратын бір тақуа кісі қажылық атқаруға жолға шығады. Жаз айы. Күн шыжып тұр. Тақуа жан  шіліңгір шілде ыстығына  шыдап бақты. Ілбіп ақырын жүре берді. Ара-тұра тоқтап терін басады, арқасындағы жол сөмкесінен су алып ішіп жан шақырады.

– Раббым, бүгін қасиетті Әл-харам мешітіне, қара тас орын тепкен мекенге жетуімді нәсіп ет! – дейді жалбарына.

Екінті  намазын оқу үшін тоқтап дәрет алады да, сәждеге бас қояды.  Бұл жолғы отырысы недәуір созылды.  Қажылық тәуафқа неше мәрте келіп жүрсе де, Пайғамбарымыздың табаны тиген өлкені сағынып қалыпты. Жүрегіне нұр құйылып, жан дүниесі елжіреді. Мұндай сәт сирек болады…

Тақуа жан орнынан сергек тұрады да жол сөмкесіне киім-кешек, оны-мұны заттарын салып, ішкі астарында қалтасы бар  белдігін ұмытып кетеді.

Кешке қасиетті қалаға келеді. Киімін ауыстырып, ихрамға еніп кіші қажылық атқарады. Ертеңінде қаражат қажет болып, белдігін іздесе жоқ. Олай қарайды, былай қарайды, жол сөмкесін ақтарып-төңкереді. Сонда барып, кеше тоқтаған жерде ұмытып кеткені есіне түседі…

Баяғы тақуа жан тоқтап, намаз оқыған жерге жақын тұста бір адам отыр. Ол орнынан тұра берді де отыра кетті. Жуандығы білектей қара шұбар жылан басын қақшита көтеріп алған. Оғаш қимыл көрсетсе, атылатын түрі бар.

– Алла сақтай гөр!.. Мына пәледен құтылуды нәсіп ет!.. – дейді дұға жасап.

Мына ғажапты қараңыз! Он бес күн бұрын қасиетті Меккеге сапар шеккен тақуа жан ширақ жүріп келді де,  қара шұбар жыланның қасына келіп отыра кетті.

– Абайлаңыз!.. Шағып алмасын! – деп шошына айқайлады екінші жолаушы.

–  Қайдағы жылан?! Не айтып тұрсыз?!

Тақуа жан  қара шұбар жыланды  беліне асықпай байлады да, үсті басын қағып орнынан түрекелді.

– Апырым-ай!.. Өңім бе,  түсім бе?!. Тура сіз отырған жерде, әлгінде ғана қара шұбар жылан жатқан.

– Ол менің өткенде ұмытып кеткен, ішкі қалтасында алтын ақшасы бар белдігім ғой, – дейді тақуа жан  сыпайы ғана күлімдеп.

– Алла әділ! Алла мейірімді! – деді  екінші жолаушы кәлима-шаһадат айтып.

Адал сауда

Индонезия елінің Горонтало шаһарында пайда болған бес саудагер жайлы  әңгімені ең әуелі қала базарындағы сатушылар естіп білді. Әр тұтынушыны  түстеп танитын  сатушылардың аңдыған-баққандары сол емес  пе?

Сөредегі затын асыра мақтап, ылдым-жылдым өткізіп жіберуге машықтанған, тұтынушыны алдап-сулап баюдың жолына біржолата түскен  олардың бойын іштарлық, қызғаныш сынды қызылкөз нәпсі жайлағалы қа-ша-ан?!

Байқайды, жаңадан келген саудагерлердің азық-түліктері мен жеміс-жидектері жылдам өтіп кетеді. Қалалықтардың кезекке тұрып жатқандарын көрмейсіз бе?

«Бұл қандай сиқыр?! Бөтен елдің бөгде жандары елдің басын айналдырып, дуалап қойғаннан сау ма?!.»

–   Затымыз өтпейтін болды…

–   Аналарға тиым салу керек…

–   Басынуларын…

– Үндемеген сайын үдеп барады, –  деп байбалам салды жергілікті саудагерлер. Қолдары жүрмеді, заттары өтпеді. Бұл қырсықтың келімсектерден келгенін сезген сайын ашу-ызаға тізгін берді.

–   Табандарыңды тайдырыңдар!

–   Қайдан келсеңдер,  сонда жөнеліңдер!

–   Оңдырмаймыз! – деп қоқан-лоқы көрсетті қала саудагерлері.

–   Неге кетеді?!

–   Саудалары адал…

–   Сендерге ұқсап таразыдан жемейді.

–  Таразыдан жеген – тасбақа…

– Момын жандар, – деп қала жұртшылығы шыр-пыры шыға кішіпейіл, жуас, момын жат жұрттықтарды жақтады.

Дау-дамай соңы төбелеске ұласты да, жергілікті саудагерлер жат жұрттықтарды соққыға жықты.

Арашаға келген қазы, бес саудагер басшысы Бахриддинді сауалға тартты

–  Кімсіңдер?

–  Біз мұсылманбыз. Алланың нәсібімен келген жайымыз бар.

– Мүләйімсуін қараңыз,  арам шетінен… – деді қала саудагерлері айқайлап.

Қазы шуылдақ жерлестерін тоқтатты.

– Жұртты сонша  неге дүрліктірдіңіздер?

– Біз емес, – деді бөгде жандар бір ауыздан. – Жазығымыз жоқ сияқты… Не үшін бізді  соққыға жықты?!

– Менің де білмегім осы, – деді қазы сабыр сақтап. – Бахриддин әпендім, бәрін айтыңыз? Естуімше, сіздердің саудаларыңыз жүріп кетіпті, жұртшылық қалалық сатушылардан зат алуды азайтыпты. Сол  рас па?

–  Шын.

–  Жұртшылықты қалай каратып алдыңыздыр?

– Біз хақ мұсылманбыз. Мейірімді Алланың құлы, хазырет Мұхаммед ғалейһи уәссаламнын үмбетіміз. Саудамыз адал, таразыдан жемейміз. Сатқан затымыздың бүлінгені, жарамсызы болса жасырмай айтамыз, ұнатпай кері қайтарса, қайтып аламыз. Қарапайым болуға тырысамыз, жыпылдатып шапшаң сатуды мақсат етпейміз. Содан болар, біздің заттарымыз өтімді, ал мұсылман үшін адал сауда сауапқа жатады.

Бахриддиннің уәжіне тоқтаған қазы, бөгде бес саудагерді қалада қалдыруға шешім қабылдайды. Кейіннен сол бес саудагер арқылы Горонтало шаһарында мұсылмандық кең тараған екен.

Бір  қап алтын

81 жастағы Мехмет қарт Түркияның Мерсин қаласын мекендепті. Ол өзіне тиесілі кең алқапқа күріш, бұршақ, ноқат, жасымық  дақылдарын өсіріп Иракқа апарып өткізеді екен.

Түркияның оңтүстік-шығысынан Ирак бағытына қарай Евфрат өзені ағады. Мерсин өзенге тақау болғандықтан, кесілген бөрене ағаштарды біріне-бірін шегелеп сал жасайды да, үстіне тонналап күріш, бұршақ, ноқат, жасымықтарды қапқа толтырып тиейді. Қой терісін сойылған жерінен тігіп, шарға ұқсатып ішіне ауа үрлеп салдың астына жайғастырады. Ауа толтырылған тері үстіндегі сал суға батпайды.

Тиелген жүктер қозғалмайтындай жақсы байланған соң жағадан жылжытып ағызады да, бірнеше салт атты кісі Иракқа жеткенше өзен жағалап еріп отырады. Апарған жеміс-жидектер мен салдан босаған ағаштарды алтын ақшаға айырбастап, қой терілерінің ішіне салып, салт атқа артып елге қайтады.

Күн ыстық. Жол ұзақ. Аттар болдыра бастайды. Адамдар да шаршайды. Мерсин қаласына таяу Евфрат өзенінің  бір тармағынан өте бергенде  оқыстан екі ат суға кетіп, біреуі жүзіп жағаға шығады. Екіншісі біраз жерге дейін ағып барып, ол да тұяғын жағаға азар іліктіргенде, үстіндегі бір қап алтын түсіп қалады.

Аттың иесі уайымдап, қожайынға қалай көрінем деп қалып қояды. Жолдастары қалаға келіп, Мехмет қартқа болған уақиғаны баяндайды.

-Жоғалуы тиіс емес, – дейді қожайын.

Қасына бір-екі жігіт ерткен қожайын алтын жоғалған жерге келсе, жағада отырған жігіт суға төне түсіп тапжылмай отыр. Мехмет аттан түсіп, емен-жарқын амандасты.

-Уайымдама! Жоғалған алтын шынында менің адал дүнием болса табылады, – дейді Мехмет.

-Мен кінәлімін, – дейді қызметші.

-Пенде болған соң, біз көп дүниенің парқына жете бермейміз. Мейірімді Алла адал құлдарын жақсы көреді. Мен тапқан пайдамның тиісті зекетін жылма-жыл төлеймін. Оған шүбәң болмасын. Суға кеткен алтын ақшалар табылмаса, онда оған харам араласты деген сөз.

Олар осылайша әңгімелесіп тұрған кезде, өзен ағып жатқан тұстан бір иірім пайда болады да, бір қап  алтын жағаға шығып қалады…

Қария қайтыс болған соң оның баласы Белгин киім тігетін мата өндірумен айналысады. Ал Мехмет марқұмның құрдастары балаға ақыл-кеңес беріп, әкесіндей адал болуды, зекетін үзбей төлеуді айтып отырады.

Белгинның кәсібі ұлғайып,  үлкен зауытқа ие болады. Тапқан пайдасынан зекет беруді дағдыға айналдырған ол испандық  бір кәсіпкермен келісім-шартқа тұрып, ол жаққа  өнімдерін  жіберіп тұруға келіседі.

Бір күні жүк  тиелген кеме Испанияға бет түзейді. Апат та,  ажал да аяқ астынан емес пе? Кемеден өрт шыққанын бұқаралық ақпарат  тарата бастайды.

-Жағдайды естіген шығарсыз? – дейді испандық кәсіпкер Белгинге қоңырау шалып.

-Естідім.

-Қанша жүк жіберіп едіңіз?

-40 контейнер.

-Сақтандыру жасадыңыз ба?

-Жасадым.

-Қандай фирмаға?

– «Үлкен қожайын» компаниясына…

Кеме портқа кеп тоқтайды. Түркиялық кәсіпкерге тиесілі контейнерлерді ашып қараса, көп ештеңе бүлінбеген.  Тек шет жақтағы бір жүк контейнерінің төбесінен шамалы су өтіп, үш-төрт қаптағы тауар жарамсызданыпты. Испаниялық кәсіпкер қуанып, барлық тауарын түсіріп алады.

Сол жылы испандық бизнесмен Түркияға келеді. Белгинның үйінде қонақ болып отырғанда өткендегі өрт жайлы әңгіме қозғалады.

-Жүктер қалай аман қалды? Соған таң-тамашамын… Сіз айтқан «Үлкен қожайын» сақтандыру компаниясын интернеттен қанша қарасам да таба алмадым. Бұл не ғажап?

-Ондай компания жоқ, – дейді Белгин күлімсіреп.

-Қалайша?!

-Үлкен қожайын дегенім – он сегіз мың ғаламның иесі Алла тағала!

Қасиетті Құранда, тапқан пайданың қырықтан бірі, яғни екі жарым пайызы зекетке жатады делінген. Кімде-кім зекетін уақытында төлеп тұрса, ондай адамды Алла өз қарамағына алады.  Мен зекетімді  уақытында төлеп тұрғандықтан,  ешнәрсеге алаңдамаймын…

Христиан кәсіпкер сол жерде ислам дінін қабылдаған екен.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар