– Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат ретінде құжаттары ұсынылды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Орталық сайлау комиссиясының ақпараттық хабарында былай деп жазылған:
«2022 жылғы 7 қазанда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 54 және 55-баптарына сәйкес, сондай-ақ «2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы бойынша сайлау құжаттарының нысандарын белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2022 жылғы 23 қыркүйектегі № 67/545 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат етіп ұсыну туралы келесі құжаттары ұсынылды:
1. «AMANAT» партиясы, Қазақстан Халық партиясы, «Ақ жол» Қазақстанның Демократиялық партиясы», «Ардагерлер ұйымы», «QAZAQSTAN TEAM», «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі», «Генералдар кеңесі», «Қазақстандық спортшылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестіктерінің жоғары органдары отырыстарының Қазақстан Республикасының Президенттігіне ұсыну туралы хаттамаларынан үзінді көшірмелері;
2. Қ.К. Тоқаевтың Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат болуға келісімі туралы, өмірбаяндық деректері қоса берілген өтініші;
3. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасының енгізілгенін куәландыратын құжат;
4. Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
5. Жоғары білімі туралы дипломдардың көшірмелері».