– 20 қарашада өтетін президент сайлауына үмкіткер ұсынуға берілген уақыт 11 қазан күні сағат 18.00-де аяқталды. ҚазАқпарат сайлаудың күнтізбелік жоспарына сүйене отырып, саяси науқанның әрі қарай қалай өрбитінін баяндайды.
Үміткер ұсынуға 19 күн берілді
2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары қолданыстағы сайлау туралы заңнама бойынша әзірленген.
Мәселен, Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидаттарды ұсыну 23 қыркүйекте басталып, 11 қазан сағат 18.00-де аяқталды. Осы кезеңде 5 үміткердің талаптарға сәйкестігі анықталған. Кеше ОСК тағы екі үміткердің ҚР Президенттігіне үміткерге қойылатын талаптарға сәйкес екендігі туралы қаулы қабылдады. Олар – «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі үміт артып отырған Салтанат Пархатқызы Тұрсынбекова мен «Халық демографиясы» қоғамдық бірлестігі ұсынған Жұматай Әлиев.
Ал, Нұржан Әлтаевтың үміткер ретінде тапсырған құжаттарының төңірегіндегі дау ушығып барады. Президенттікке ұсынды делінген «Мұқалмас» бірлестігі Нұржан Әлтаевтың сайлауға түсуіне қарсылық білдіріп, сотқа жүгінген. Соны алға тартып, Орталық сайлау комиссиясы Нұржан Әлтаевты президент сайлауына кандидат ретінде тіркеуді тоқтату жөнінде шешім қабылдады.
«Біз кандидат тапсырған құжаттарды құзырлы органдарға жіберіп, сәйкестігін анықтадық. Кеше Астана қалалық соты бізге Н. Әлтаевты кандидат ретінде қабылдау туралы хаттаманы уақытша тоқтату туралы ұйғарымын ұсынды. Сол себептен, Орталық сайлау комиссиясы Нұржан Әлтаевты кандидат ретінде тіркеуді уақытша тоқтата тұрады», – деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Өтемісов.
Қалған 4 үміткердің де Конституция мен «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңында қойылатын талаптарға сәйкестігі қаралып жатыр.
Ол талаптар мынандай:
– тумысынан Республика азаматы болуға тиіс;
– ҚР аумағында соңғы он бес жыл бойы тұруға тиіс;
– жоғары білім;
– қырық жасқа толған;
– белсендi сайлау құқығына ие болуға тиiс;
– мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жылды құрайтын жұмыс тәжірибесі болуға тиіс;
– мемлекеттік тілді еркін меңгеруi тиіс.
Үміткерлерді тіркеуге 29 күн беріледі
Сондай-ақ, кеше ОСК кезектен тыс президент сайлауының үгіт-насихат кезеңіне өткен алғашқы кандидатты тіркеді. Ол – халықтық коалиция атынан ұсынылған Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жалпы, үміткер ұсынуға ұзын саны 19 күн берілсе, олардың заңнама талаптарына сәйкестігін анықтауға 29 күн көзделген, яғни бұл шара 21 қазанға дейін жалғасады.
Осы аралықта сайлау заңнамасына сай толық іріктелген кандидаттар облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кем дегенде үштен екісінің атынан теңдей өкілдік ететін сайлаушылар санының кем дегенде 1% қолын жинау қажет. 1 шілдедегі жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы сайлаушыларының тізіліміне дауыс беру құқығы бар 11 827 277 азаматты енгізген. Осылайша, әр кандидатты қолдау үшін сайлаушылардың 118 273 сенім қолы жиналуы керек.
Ол жиналған қолдардың дұрыстығы да 21 қазанға дейін тексеріліп бітуі керек.
«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 59-бабының 5-тармағы бойынша, ҚР Президенттігіне кандидаттарды тіркеу мына құжаттар болған жағдайда жүргізіледі:
1) қоғамдық бірлестіктің жоғары органының Президенттікке кандидат ұсыну жөніндегі мәжілісінің осы қоғамдық бірлестікті Республиканың Әділет министрлігінде тіркеу туралы құжаттың көшірмесі қоса тіркелген хаттаманың үзіндісі;
2) Президенттікке кандидат болып дауысқа түсуге келісім беру жөніндегі өтініш;
3) азаматтардың кандидатты қолдап жиналған қолдарын тексерудің нәтижесі туралы аумақтық сайлау комиссияларының хаттамалары;
4) кандидаттың өмірбаяндық деректері;
4.2) кандидат пен оның зайыбының (жұбайының) активтері мен міндеттемелері туралы декларацияларды тапсырғаны жөнінде мемлекеттік кіріс органының анықтамасы;
5) кандидаттың сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжат;
6) денсаулығының жай-күйі туралы медициналық қорытынды.
Үгіт-насихат қашан басталады?
Сайлау алдындағы үгіт тіркеу кезеңі аяқталғаннан кейін басталып, 2022 жылғы 22 қазаннан 19 қараша сағат 00-00-ге дейін жалғасады. Бұл процеске берілген 28 күн түгесілген шақта «тыныштық күні» жарияланады – 19 қараша сағат 00.00-ден 20 қараша сағат 00.00-ге дейін.
Дауыс беру 2022 жылғы 20 қарашада жергілікті уақыт бойынша 07-00-ден 20-00-ге дейін өтеді. Әкімшілік-аумақтық бірліктер бойынша дауыстарды санау нәтижелері аумақтық комиссиялардың отырыстарында белгіленеді және ОСК-ға екі күндік мерзімде (22 қарашадан кешіктірмей) жеткізіледі. Демек, сайлаудың алдын ала қорытындылары 21-22 қараша аралығында жариялануы шарт.
Заңнамада сайлау қорытындыларын белгілеуге және жариялауға, сайланған Президентті тіркеу сайлаудан кейін 10 күннен аспайтын мерзімде көзделген. Бұл жолы сайлау қорытындыларын анықтап, сайланған Президентті тіркеуге 7 күн беріліп отыр – 21.11.2022 ж. – 27.11.2022 ж.
Қорытып айтсақ, кезектен тыс президент сайлауы дауыс беру күнін қоса есептесек, Жарлық жарияланған күннен бастап 60 күннің ішінде өтуі керек. Үміткер ұсыну кезеңі 19 күнге, қолдардың сәйкестігін анықтау, беру, жинау және тексеру 29 күнге, сайлау алдындағы үгіт-насихат 28 күнге, дауыс беру алдындағы «тыныштық күні» 1 күнге, дауыс беру процесі 1 күнге, қорытындыларды белгілеп, сайланған Президентті тіркеу 7 күнге созылады. Ал, бұқаралық ақпарат құралдарында сайлау қорытындылары туралы ақпараттық хабар сайлау өткізілген күннен бастап 10 күннен қалмай, яғни 30 қарашадан кешіктірмей жариялануы керек.
Байқаушылар мен БАҚ өкілдерін аккредиттеу
Шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын Орталық сайлау комиссиясы Сыртқы істер министрлігінің ұсынысы бойынша аккредиттейді. Аккредиттеуді өткізу дауыс беру күніне бес күн қалғанда, яғни 2022 жылғы 14 қарашада елорда уақыты бойынша 18.00-де аяқталады.
Сондай-ақ, 1 қарашаға дейін аумақтық сайлау комиссияларының құрамдарын оқытуды аяқтау,
18 қарашаға дейін учаскелік сайлау комиссияларының барлық мүшелерін оқыту жоспарланған