– Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сабила Мұстафина сайлау жарнасы кандидатқа қандай жағдайда қайтарылатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңында қандай жағдайда сайлау жарнасы қайтарылатыны көрсетілген. Біріншіден, егер кандидат жеңіске жетсе оның жарнасы қайтарылады. Екінші жағдай – үміткер сайлаушылардың 5 пайыздан кем емес дауысын жинауы тиіс. Сонымен қатар, кандидат қайтыс болған жағдайда сайлау жарнасы оның отбасына қайтарылады», — деп түсіндірді Сабила Мұстафина.
Спикердің айтуынша, аталған талаптан басқа жағдайларда кандидаттың сайлау жарнасы мемлекеттік қазынада қалады.
Бүгінгі таңда сайлау жарнасының мөлшері — 3 миллион теңге.
Еске салайық, бүгін Орталық сайлау комиссиясы соңғы болып құжат тапсырған үміткерлердің бірі Бақыт Жаңабаевтың кандидатурасы барлық талаптарға сай екенін мәлімдеді.