– Дерт меңдеп, дауа іздеген кез келген адамның дәрігерге жүгінетіні анық. Осы ретте, ауру азабын тартқан сәтте ажалға араша болатын ақ халатты жандардың еңбегі өлшеусіз. Соның бірі – біздің бүгінгі кейіпкеріміз Баян Қуанышбайқызы Көкшетау қалалық емханасында медбике болып қызмет атқарады. ҚазАқпарат тілшісі осы бір аяулы жанмен жақынырақ танысып, сөзге тартқан еді.
– Әңгімеміздің әлқисасын қайда білім алдыңыз, содан бастасақ.
– Осыдан 30 жыл бұрын Көкшетау медициналық училищесін тәмәмдадым. Ол кезде небәрі 18 жаста едім. Өмірдің ыстық-суығының не екенін әлі білмейтінмін. Шыны керек, бастапқыда медбике болудан қорықтым, өз өзіме деген сенім болмады. Дертіне дауа іздеп келген неше түрлі науқастарды көргенде медицина қызметкеріне жүктеліп отырған жауапкершіліктің өте үлкен екенін сезіндім. Аға буынның жас мамандарға деген ілтипаты мен қамқорлығының арқасында өзіме деген сенімділік пайда бола бастады. Кейін уақыт өте келе, мамандық таңдауда қателеспегенімді түсіндім.
– Қазіргі атқарып жүрген қызметіңіздің қыр-сыры жайлы бірер ауыз айтсаңыз?
– Қазіргі кезде Көкшетау қалалық емханасының №226 учаскесінде медбике болып еңбек етемін. Осы мекемеде жұмыс істеп отырғаныма біраз жылдың жүзі болды. Учаскеде 1800 адам тіркелген болса, күн сайын 16-20 адамға медициналық көмек көрсетуге тура келеді. Ал, қалған уақытта жүріп-тұруы қиын қарт адамдар мен жаңа туған сәбилердің үйлеріне барып, жағдайларын білемін. Бұл жұмыстың өте күрделі екендігін онымен бетпе-бет келген адамдар ғана жақсы біледі. COVID-19 өршіп тұрған кезде жұмыс істеу медицина қызметкерлері үшін өте қиын болды. Қазіргі жағдай сәл тұрақталып, қалыпты өмірге ауыса бастадық.
– Бүгінгі күннің медбикесі қандай болуы тиіс, өзіңізден кейін жас мамандарға айтар ақыл-кеңесіңіз.
– Қазір біздің ауруханаға оқуын енді аяқтаған жас мамандар келуде. Сол жастарды көріп, кешегі өзімнің 18 жастағы кезімді елестетемін, оларға аналық, апалық ақылымды айтуды парызы санаймын. Жақсы медбике болу үшін ұқыптылық, жауапкершілік деген қасиеттер аздық етеді. Ол үшін күнделікті тәжірибе керек. Біздер тек қана ересектермен ғана емес, сонымен қатар, кішкентай балалармен де жұмыс істейміз. Ересек адам қай жерінің ауырып тұрғанын айта алса, балалар ауыратын жерін айта алмайды. Яғни, мұндайда медбике ең біріншіден жақсы психолог болуы тиіс. Қазақта «Жақсы сөз – жан семіртеді» деген аталы сөз бар емес пе. Медбикенің жылы, шуақты сөздері науқастың жанына мыңда бір ем. «Уайымдамаңыз, жазылып кетесіз, дертіңіздің беті бері қарады, бәрі жақсы болады» — деген сөздер, ауырып жатқан жанға үміт сыйлап, өзінің де дертімен күресуіне септігін тигізеді.
– Әңгімеңізге рахмет!