Ақмола облысындағы ауыз су мәселесі талапқа сай келмей тұр. Микроб көрсеткіштеріне тапсырылған 500-ге жуық сынаманың нәтижесі көңіл көншітпейді. Санитарлық-химиялық көрсеткіштерге арналған ылғал сынамаларының 10 пайыздан астамы да сын көтермейді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина айтып өткеніндей, ауыз суға қойылатын негізгі талаптар: эпидемиологиялық тұрғыдан қауіпсіз, уытты көрсеткіштер бойынша зиянсыз, ал, органолептикалық көрсеткіштер және шаруашылық қажеттіліктер үшін жарамды болуы тиіс.
–Микробиологиялық көрсеткіштерге 2785 сынама зерттелді, оның ішінде 499 сынама нормаға сәйкес келмейді. Санитарлық-химиялық көрсеткіштерге 2769 су сынамасы зерттелді, ол да талапқа сай емес. Орталықтандырылған сумен жабдықтаудың 273 объектісінде ауыз судың сапасын ведомстволық бақылау жүзеге асырылады, оның ішінде 3 өндірістік зертхананың күшімен 28 су құбыры қамтылды. Өндірістік бақылау шеңберінде жыл басынан бастап микробиологиялық көрсеткіштерге 3383 су сынамасы зерттелді, оның ішінде 75 сынама талапқа сәйкес келмейді. Бүгінгі күні ауыз суды тазарту машиналары мол сұранысқа ие. Мониторинг жүргізу кезінде санитарлық-химиялық көрсеткіштерге 232 сынама алынды, оның ішінде сәйкес келмейтіндері анықталған жоқ, – деді облыстың бас санитарлық дәрігері.
Айнагүл Мусина коронавирус инфекциясымен сырқаттану мәселесін де тілге тиек етті. Жалпы, эпидахуал бойынша жағдай тұрақты. COVID-19 ауруының өсуі 15 маусымнан бастап байқалды, сөйтіп, өткен аптада, яғни, 4-11 қазан аралығында 44 жағдай тіркелді, ал, 12-18 қазан аралығында 30 жағдай тіркеліп, 1,4 есе төмендеу байқалды. Күн сайын тіркелетін аурулардың жаңа жағдайларының саны бойынша біздің облыс үшінші орында тұр. Айнагүл Мусинаның айтуынша, уақытылы вакцинация мен ревакцинация алмау вирустың таралуының басты себебі. Мәселен, қазан айында ауырған 92 адамның 39-ы вакцинацияланбаған, 32-сі уақытылы ревакцинация алмаған, 71-інің иммунитеті төмен болған.
Камила ӘБДЕЛМАНОВА.