Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тəуелсіздігіміздің берік нышаны мен көрнекті айшығы - АРҚА АЖАРЫ

Тəуелсіздігіміздің берік нышаны мен көрнекті айшығы

Ұлттық валюта 1993 жылы 15 қарашада айналымға енгізілді. Бұл еліміздің шынайы егеменді экономикалық саясатының бастамасы болды және Қазақстанға ұлттық нарықтық инфрақұрылымды құру бойынша алғашқы қажетті қадамдар жасауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, теңгенің енгізілуі елімізге дербес ақша-кредит және бюджеттік-салық саясатын жүзеге асыруға мүмкіндік берді.

Ақмола облысының аумағында ұлттық валютаны енгізу жөніндегі іс-шаралар, бүкіл Қазақстандағы сияқты, 1993 жылғы 15 қарашада таңғы сағат        8-де басталды. Қысқа уақыт ішінде, яғни, қарашаның 20-сына дейін халық қолдағы ақшаны тәуелсіз елдің валютасына айырбастау керек еді. Осы кезеңде тәулік бойы жұмыс істеген Қазақстан Ұлттық мемлекеттік банкінің облыстық басқармасының және екінші деңгейдегі банктер филиалдарының қызметкерлері тұрғындар қаржысын ауыстырып жатты. Ескі ақша түні бойы қайта есептеліп, сұрыпталып, өңделді. Осылайша өңірде үздіксіз қолма-қол ақша айналымы қамтамасыз етілді.

Осы  ауқымды іс-шараны  Асылхан Зейноллаұлы Оспанов жетекшілік еткен Қазақстан Республикасы Ұлттық мемлекеттік банкінің Көкшетау облыстық басқармасының ұжымы абыроймен жүзеге асырды. Облыс әкімшілігімен және коммерциялық банктермен шұғыл міндеттер бойынша өзара байланыс орнатылып,  тиімді жұмыс қамтамасыз етілді.

Ақша айырбастау процесін ұйымдастыруға және жүзеге асыруға тікелей қатысып, қажырлы еңбек үлгісін көрсеткен келесі банк қызметкерлерін ерекше атап өтуге болады. Олар – бас  бухгалтер Күлбарыш Тәпейқызы Кемпірова, бас есептеу-кассалық орталығының басшысы Әли Күлбайұлы Құдайбергенов, касса қызметкерлері С.К.Кенжеғарина, В.М.Пено, А. Сейсембаева, Ә.Қапезова, Н.Куликова, И.Шестакова, Т.Бовуновская, Н.В.Герасимюк, Г.С.Кравцова, Ю.А.Фильчикова, Т.Григорьева, Г.Таубалдинова, Э.Самигулина, Г.Бегімова, Л.Черникова, Л.Подольская, М.Г.Рева, Ш.Досмағанбетова, Ф.Инназарова, С.Ф.Габдулкафеева, К.Қ. Шукубаева, инкассация бөлімінің қызметкерлері Т.Б.Жақанов, Г.Кравцов, М.Ыбраев, М.Қабдөшев, Қ.Қасымов, Н.Төлеев, Н.Ярмоленко, Қ.Ыбраев, В.Рубанов, Н.Қалиев, В.Зверовский, Е.Жұмабаев, Е.Қасенов, Д.Түсіпбеков, Р.Мақсұтов, В.Чайковский, Г.И.Пузач, А.Рудиков, А.Ежов, Ә.Мұхамеджанов, Т.Мүтәләпов, О.Маликов және тағы басқалары.

Сонымен қатар, 1993 жылдың  қарашасында теңгені айналымға шығаруда екінші деңгейдегі банктердің облыстық филиалдары жүргізген үйлесімді жұмыстарын атап өткен жөн. Айтарлықтай қысқа мерзімде облыс тұрғындарынан, кәсіпорындарынан ақшаны уақтылы қабылдау және қолма-қол ақшаны Ұлттық Банкке тапсыру ұйымдастырылды.

Қазақстан Республикасының айналымдағы ақша белгілері банкноттардан және монеталардан тұрады.  Банкноттар Алматыдағы Банкнот фабрикасында, ал монеталар – Өскемендегі Қазақстан монета сарайында жасалады.

Бүгінгі таңда теңге – әлемдегі  ең әдемі банкноттардың бірі және купюраларымыздың қорғаныштық қасиеті дамыған елдер валютасымен бәсекелесе алады. Қазақстанның банкноттары мен монеталары жылдан жылға беделді халықаралық конкурстар мен көрмелерге қатысып, жеңіске жетеді.

Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге  енгiзiлген күн ретiндегi тарихи маңызын ескере отырып, сондай-ақ, қаржы жүйесi қызметкерлерiнiң тұрақты экономикалық өсудi қамтамасыз етудегi ролiн арттыру мақсатында 1997 жылдың 13 қарашасында Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен 15 қараша Ұлттық валюта – Теңге күні, яғни Қазақстан Республикасы қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып жарияланды.

Қазіргі уақытта Ақмола облысының банк секторы (екінші деңгейдегі банктердің 13 филиалы, «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы) өңір экономикасының дамуына өз үлестерін  қосып, тұрғындар мен кәсіпорындарға көптеген қаржылық қызметтер көрсетеді.

Атап айтқанда, 2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша облыс банктеріндегі депозиттердің жалпы көлемі өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда 27,5 пайызға ұлғайып, 282,2 миллиард теңгені құрады. Бұл өсім теңгелік депозиттер санының ұлғаюына байланысты болды, бұл біздің экономикамызды долларсыздандыру бойынша қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді. Банктердің экономикаға кредиттік салымдарының жалпы көлемі 390,6 миллиард теңгені құрады. Тек 2022 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында облыс банктері 253,3 миллиард теңге сомасына кредиттер берді, бұл 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 23,7 пайызға артық. Ипотекалық кредиттеу саласындағы оң үрдісті ерекше атап өткім келеді. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда кредиттер берудің 31,4 пайызға ұлғаюы байқалды. Ағымдағы жылы «7-20-25. Әрбір отбасы үшін тұрғын үй алудың жаңа мүмкіндігі» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасы бойынша екінші деңгейдегі банктер Ақмола облысының тұрғындарынан 96,1 миллиард теңге сомасына 9392 өтінім қабылдады, оның ішінде 24,1 миллиард теңге сомасына тұрғын үй сатып алуға 2459 өтінім мақұлданды.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақмола филиалы облыстың қаржы нарығының барлық қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтайды!

Сіздерге шын жүректен табыс, зор денсаулық, отбасылық жылылық, жемісті еңбек, кәсіби табыс, қаржы ісіндегі тұрақтылық пен жаңа шығармашылық ізденіс тілейміз!

 Марат БАРЛЫБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Ақмола филиалының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар