Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Обал - АРҚА АЖАРЫ

Обал

Ел шетіне екінді ауа іліккенбіз. Шағын ауылдың қақ ортасындағы нағашымның үйіне жетіп, тізгін тарттық. Қарекетсіз қарап отыра алмайтын қара шал мал жайғап жатыр екен.

Көптен көрмеген соң, амандық-саулық сұрасу ұзаққа созылған.  Көршісі де тіршілік қамында. Алыстан келген бізді жанары шалғанымен, сәлемдесуге мұршасы жоқ. Біреуі ер жетіп қалған, екіншісі мектеп оқушысы болар, екі бала қызыл сиырды қораға кіргізе алмай әуре. Ырсиған қабырғасын тірі күйінде саусақпен санарлықтай, ыңыршағы айналудың аз-ақ алдындағы қызыл сиыр шашпаның ішінде бей-берекет шашылып жатқан көк шөптің қырқындысына ұмтылады. Баланың жастауы бас жібінен тартып тұр. Ересектеуі таяғынан жасқанбаған соң қолына күрек ұстаған. Кәдімгі қыры қылыштай темір күрек. Қыр арқасына тиген сайын тілсіз мал қайқаң ете қалады. Сонда да қораға аяқ басатын емес, есі-дерті шашпада.

–Қырымен ұр! – деп айғай салды көршісі баласына зекіп.

Әлде күнделікті сүтін сауып, қаймағын жеп отырған малға жаны ашымаған баланы кекеткені, бәлкім қырқынды шөпті жұмырына жұқ қыламын деп бас бермей тұрған сиырға ашуланды ма екен.

Көлденең көрініске көңіл аударған соң нағашымның көршісінің жасы үлкен болса да жөнін айтуға бекіндік. Әуелі балаларға. Жазықсыз малды жәбірлеудің жөн еместігін. Атам қазақта обал деген ұғымның бар екендігін тіліміз жеткенше сипаттадық. Төрт түлік малға қатысты ырым-жырым қазақта жетіп артылады. Бұрынғы мал баққан қазақ соның барлығын қатаң сақтаған. Қазіргі күні қорама мал бітпейді дейтін кейбіреулер сол ырымды сақтамаған соң зардабын тартып та жүрген шығар. Ал, онсыз да аяғын әрең басып жүрген арық, көтерем сиырды сабау адамшылыққа жатпаса керек.

Екі бала теріс айналды. Бәрінің бас терісі келіспей тұрған соң нағашымыздың үйіне бұрылғанбыз. Шаруа ыңғайланған соң қайтпақ болдық. Біздің ауыл бұрын кеңшардың орталығы еді. Әне, ана көшеде  екі қабатты мәдениет үйі болатын. Қазір жым-жылас. Әлдебіреу болар-болмас тиынға сатып алып, тік көтере бұзып әкетіпті. Мәдениет үйінің арғы жағы жаз бойы жайқалып тұратын бақ еді. Алма ағашы гүлдегенде төңіректің бәрі иран бағы тәрізді болып тұрушы еді ғой. Кейін ол бақтың да бағы тайды. Көп білетін біреу етті алма ағашының бұтағымен сүрлесең, дәмі тіл үйіріп тұрады дейтін пікір айтқан ғой. Тәтті етті жақсы көретін біздің ағайын дәл ауылдың іргесінде жайнап тұрған бақты түгел отаған. Сөйтіп, бір күн сүр ет жеймін деп аталарымыздың маңдай терімен өскен қаншама жеміс ағаштарын шауып тастады.

Сол кезде обал деп ешкім айтпады ма екен? Алтайдан Атырауға дейінгі иен даланы жайлап, аттың жалында, түйенің қомында күн кешкен ата-бабаларымыз әр нәрсенің обалын ойлайтұғын.  Кешегі қазақтың көші тағдырдың соқтықпалы-соқпалы жолынан сүрінбей өтсе, сол дәстүрді сақтағанынан еді ғой.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар