АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның шет елдердегі мекемелері жанынан ашылған 10 учаске жұмысын аяқтады. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Елдегі ең маңызды саяси шаралардың бірі – кезектен тыс президент сайлауы аяқталуға жақын. Еліміз әлемдік қоғамдастықтың жауапты мүшесі ретінде ұлттық заңнамаға және халықаралық стандарттарға сәйкес сайлау өткізуге мүдделі. Жалпы, Қазақстандағы президент сайлауын бақылауға көптеген шетелдік байқаушылардың қызығушылық танытып, белсенді қатысып жатқанын атап өткім келеді. 10 халықаралық ұйым мен 35 шет мемлекеттен аккредиттелген шетелдік байқаушылардың жалпы саны 641 адамды құрады», – деді ол Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте.
Министр орынбасарының дерегінше, сайлауға 264 шетелдік журналист қатысып жатыр.
«Шетелдегі азаматтарымыздың конституциялық құқығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанның шет елдердегі мекемелері жанынан 53 мемлекетте 68 учаскелік сайлау комиссиясы құрылған болатын. Дауыс беретін сайлаушылардың жалпы саны – 12 841. 19.00-дегі жағдай бойынша Жапония, Корея, Қытай, Сингапур, Малайзия, Тайланд, Индонезия сынды елдердегі 10 учаскенің жұмысы аяқталып, шамамен 7 400 адам дауыс берді. Бұл – тіркелген сайлаушылардың 57,5 пайызы. 57 сайлау учаскесі әлі өз жұмысын жалғастырып жатыр. Бір учаске әлі ашылған да жоқ. Ол – Сан-Франциско қаласындағы учаске», – деді Роман Василенко.