Тілсіз жаумен арпалысып, өшпес ерлік көрсеткен өрт сөндіруші, жерлесіміз Асқар Забикулиннің қазасы бір отбасының ғана емес, бар қазақтың қабырғасын қайыстырып-ақ кетті. Көкшетаулықтар Науан хазірет атындағы орталық мешітте өткен жаназаға қатысып, бейбіт күннің батырын мәңгілік мекеніне құрметпен шығарып салды.
Асқар Забикулин Біржан сал ауданының Үлгі ауылының тумасы. Ол 16 қарашада Астанадағы көпқабатты тұрғын үйден шыққан өрттен бірнеше адамды құтқарып қалды. Алайда, өзін де қатты күйік шалды. Дәрігерлер Асқардың өмірін сақтап қалу үшін бірнеше күн күресті. Әйтсе де, 20 қараша күні ауруханада көз жұмды.
Асқардың ерлігі нағыз ер азаматтың ғана қолынан келетін іс. Сол жолда өзін құрбан еткен марқұмның отбасына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айтып, Астана қаласының бір көшесіне Асқар Забикулиннің есімі беріліп, бюсті орнатылатынын айтты. Сондай-ақ, бірінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталып, отбасына үш бөлмелі пәтердің сертификаты табыс етілді. Марқұмның соңғы сапарына жиналған ет жақын туыстары, ерлікті құрметтеп, бағалай білетін жерлестері, әріптестері, отбасының ауыр қайғысына ортақтасты.
Иманы жолдас, жаны жәннатта болсын.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.