Өңді өңіріне хас шебер әдейілеп әшекей таққандай тамылжыған табиғаттың тылсым кейпіне еніп, қысы-жазы жайнап тұратын Зерендінің әлденеше ауылының маңын соңғы жылдары күрт көбейіп кеткен жабайы шошқа жайлап, егінін басып, жайылымын жайпап, бұлағын бітеп, көлін қорыс етуде.
Соңғы он шақты жылдың көлемінде дүр етіп басталып, дүркірей даурығып, кейін су сепкендей басылатын, ажарсыз әңгіменің өзегіне айналған тақырып. Ауыл тұрғындары, табиғат жанашырлары осы мәселеге қатысы бар қаншама мекеменің табалдырығын тоздырғанымен, нақты бір шешімге келе алмай отыр. Аңшылық шаруашылығының басшылары болса жабайы шошқа мөлшерден тыс көбейген жоқ деп ант-су ішеді.
Ал, ел ішіндегілер егінімізді басты, жайылымды қопарып тастады деп шағымдануда. Материалдық шығынды айтасыз, зерлі Зеренді орман-тоғайға бай, мөлт-мөлт еткен су айдындары көп әсем өңір ғана емес, Алаш баласы қасиет тұтып, киеліге санайтын, аруақ қонып, нар шөккен атаулы жерлерге толы аймақ. Арыдағыны былай қойғанда күні кешегі Кеңес Одағының Батыры, академик Мәлік Ғабдуллиннің туған ауылы, шоқ жұлдыздай шағын ғана Қойсалған топырағы да ретсіз көбейген талпақ танаудың тақсыретін тартуда.
–Нақты санын ешкім де біліп болмайды, – дейді Зеренді ауданының тұрғыны Сәкен Бекенов, – бәлкім, 150, әлде 300-дің үстінде ме? Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, бұл өңір бұрын-соңды дәл осындай жабайы шошқаның шабуылына ұшыраған емес. Маңайдағы мал сүмесімен, жер емшегімен күн көрген ауыл шаруашылығы құрылымдары, оның ішінде егістігін күні-түні қас қақпай түзетуге қауметі жете бермейтін шаруа қожалықтары зардап шегуде. Жабайы шошқа күндіз ит тұмсығы өтпейтін орман ішінде ойнақ салып, тасалайды, қас қарая жүгері алқаптарын жайратады.
Жабайы шошқаның тұмсығы мен табанынан аман қалған жүгеріні жинап алғаннан кейін, арпа егілген алқаптарға түседі. Қарасыны тым көбейгелі өзгені былай қойғанда, орманды да оңдырмай ойсыратып тұр. Айталық, жаңа бой салып көктеп келе жатқан көшеттердің түбін қазып тастайды. Бітеліп жатқан бұлақ қанша?! Шағын су айдындары да жабайы шошқалардың ыстықта үйездеп суға шомылатын орнына айналған. Күңірсіген күлімсі иісі күншілік жерден қолқаңды қабады. Әрине, біз табиғаттағы тепе-теңдікті сақтауға қарсы емеспіз. Аң-құс та өрістеп өскені дұрыс шығар, бірақ, дәл осы доңыздың ел ішін дүрліктіруі қисынға келе бермейді.
Шынында да Қанай би, Игілік, Ортағаш, Қызылегіс, Көктерек, Еңбек-Бірлік тәрізді бірнеше ауыл тұрғындары жабайы шошқаның зардабын тартып отыр.
– Өткен жылы еккен егінімізді таптап кетті. Іргедегі Щучье сүт зауытының егістігі де шығынға ұшырады. Қазір арпаның ішінде жүр. Жеп тауыспаса да, басып, аунап, бүлдіріп кетеді, – дейді Ортағаш ауылының тұрғыны Батырхан Дәргенов, – орман ішінде етектегі елдің кезерген кенезесіне нәр беріп, ағып жатқан әлнеше бұлақ шошқадан шыққан шатақтың кесірінен бітелді. Мына Тасбұлақтың төңірегіне адам барып болмайды. Ауыл тұрғындары бұлақ басын қоршап, күзетуде. Жанға батары жабайы шошқадан келген шығынды ешкім өтеп бермейді. Арызыңды айтсаң, біріне-бірі сілтейді.
Түсінікті тілмен айтқанда, ие жоқ. Ал, алда-жалда ауыл маңындағы табиғатты қорғаған, егістігін күзеткен біреу мылтық кезене қалсыншы, бір емес он ие табылады. Бір жабайы шошқа үшін 800 мың теңгеге жуық айыппұл төленеді екен. Ел шулаған соң орман шаруашылығының егерьлері келіп, бір апта мылтық атып үркітті. Ауыл адамдары сондықтан доңызды қарауылға байлаудан сескенеді. Бар амал, қорсылдатып қуып тастау. Бірақ, адамның өзіне дөң-айбат шегетін қабан таяқпен қуған жаяудың айбарынан ыға қояр ма?!
Аудандағы «Пухальское» аңшылық шаруашылығы 111 031 гектар жерді алып жатыр. Шаруашылыққа жеке кәсіпкер С.Нұртазин иелік етеді. Шаруашылық басшысының үстіміздегі жылы берген есебіне қарағанда, 148 жабайы шошқа бар екен. Соңғы бес жылдың ішінде 36 басқа көбейіпті. Белгіленген тәртіпке сәйкес жыл сайын саны квота арқылы бөлінген рұқсатқа орай кемітіледі. 2018 жылы «KazBeef Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егістік алқабын жабайы шошқалардың таптап кетуіне байланысты жазған арызына облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы тарапынан санын шектеу туралы ұсыныс жасалған.
Осы тақырыпты індетіп, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсеновпен тілдестік. Басшының айтуына қарағанда, жабайы шошқаның шектен тыс көбеюіне байланысты ел тұрғындары тарапынан арыз-шағым бұрын да түскен. Таяуда аудан әкімі Әсен Жақсылықовпен хабарласып, доңыздан зиян шегіп отырған ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларын жинап беруді өтінген. Көп болып кеңесіп, белгіленген тәртіп шеңберінде мәселені біржақты оңтайлы шешуге ұмтылыс жасаған. Халық құлақтанбады ма, хабар жетпеді ме кім білсін, әншейінде жабайы шошқадан жапа шектік деп аттандап жүрген әлеумет жинала қоймапты.
Қалай болған күнде де ел ішіндегі орынды өкпе-ренішке себеп болып отырған бұл мәселе шешімін табу керек. Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда, доңыздың мұншалықты көбейіп кетуі қасқырдың жоқтығынан деген де жорамал айтылады. Алаш даласының ажарын сақтап қалу үшін де өзіміз жыртқыш деп жарата бермейтін қасқырдың да керек болатын кезі бар екен-ау.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Зеренді ауданы.