Өскелең ұрпақтың санасына ұлт мұратын қаузаған ұлы ұстаздың орасан зор еңбегін сіңіріп, ел мен жерді сүйе білуге тәрбиелеу айрықша маңызды. Осы орайда өңірде қыруар іс атқарылуда.
Алдымен мерейтой жылы облыс орталығындағы жоғары техникалық колледжге Ахмет Байтұрсынұлының есімін беру межеленіп отыр. Осы бір іс жүзеге асса, колледж қабырғасында оқып жүрген білім алушылардың көкірегіне патриоттық сезім құюға, елжандылыққа тәрбиелеуге септігін тигізер еді. Сөз арасында аталмыш оқу орнының мұндай абыройға әбден лайықты екендігін сәл ғана сыналап айта кетуге әбден болады.
Мәселен, колледж республикадағы ең үздіктердің қатарында. Соңғы жылдары сапалы білім беруге септігін тигізетін заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген әрі «Жас маман» бағдарламасы бойынша үздік орталықтардың бірі санатында. Колледж басшылығының айтуларына қарағанда, білім алушыларға ұлт ұстазының ұлан-ғайыр еңбегі тәптіштеп түсіндірілуде. Бар ісі тегіс болашаққа жол сілтер, адастырмас-айнытпас темірқазық нысана тәрізді сүйектеріне сіңіріліп, балауса арман-мұраттарының бастау көзіне айналдырылуда.
Ұлт ұстазын ұлықтау шаралары өткен жылы бастау алған. Алдымен, Көкшетау қаласының білім бөлімінің базасында «Ахмет Байтұрсынов: ақын, ғалым, публицист» тақырыбында мазмұнды ғылыми конференция ұйымдастырылды. Іс-шараға Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының педагогика және филология факультетінің деканы Айбек Қалиев, қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Ардақ Абдуллина қатысты. Конференцияда филология және өнер тарихының негізін қалаушы жайында тың деректерге толы, тағылымы мол баяндамалар жасалды.
Облыстың 542 мектебі мен 32 колледжінде ұлт ұстазының ұлтымызға сіңірген зор еңбегін насихаттайтын «Ахмет тағылымы» атты онкүндік өткізілді. Ғалымның ғылыми мұрасын жан-жақты насихаттау мақсатында барлық білім беру ұйымдарында мазмұнды бұрыштар орналастырылды. Тақырып аясы кең бұл бұрыштардан оқушылар мен білім алушылар мол мағлұмат алып, көкіректерін мақтаныш сезімі кернегендері анық.
Бір топ мектеп оқушылары мен колледждің білім алушылары Алматыдағы Ахмет Байтұрсыновтың үй мұражайы мен қасиетті Торғай топырағындағы тұлғалар мұражайына ұйымдастырылған виртуалды турға қатысып, әсерленді. Көзбен көргеннің пайдасы көп. Ғалым тұтынған әр зат сыр шертетіндей. Мұражай мұрағаты мұңлы заманның қасіретті кейпін көз алдарына әкеліп, бұдан былайғы заманда Алаш арманының таңғы шықтай мөлдіреген таза болуына жүректері лүпілдеп отырып тілек тілегендей әсер ететіндігі анық.
Жыл бойы онлайн және офлайн форматта филолог ғалымдардың қатысуымен ұлттық сананың сәулесі әдеби қонақ бөлмелерін, әлеуметтік желілерде «Ұлтын оятқан Алаш арысы» баспасөз киплингтерін, «Ұлттың рухани көшбасшысы» тарихи сағаттарын, челлендждерді, ақпараттық постарды өткізді. Дәл осындай берері мол мазмұнды шараларға 110 мыңға жуық оқушылар мен білім алушылар қатысты.
Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай мерейлі мерейтой ЮНЕСКО аясында халықаралық деңгейде аталып өтілгендігі мәлім. Осыған орай, өңірдегі білім ошақтарында ғылыми-практикалық конференциялар, оқушылар мен студенттердің қатысуымен ғылыми-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылды.
Таратып айтатын болсақ, бастауыш сынып мұғалімдері «Бастауыш – білім бастауы» форумын ұйымдастырып, «Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ жазуының тарихы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Облыстың үздік дебат клубтары арасында ұлт ұстазының мерейтойына орай Ақмола облысы әкімінің кубогына облыстық дебат турнирі ұйымдастырылды. Облыс ұстаздарының қатысуымен «Кәсіпқойлық, инновациялар, шығармашылық» ғылыми-практикалық конференция діттеген мұратына жетті. Жас тарихшылар форумында тағылымы мол, тәрбиелік әсері ұшан-теңіз тарихи мұра жан-жақты қарастырылды.
Көкшетау мен Қорғалжынның арасында кең көсілген сайын далада ұлт ұстазының ұлық бейнесі кемеліне келіп, өмір айдынындағы жас толқынды жақсы іске жетелеп тұрды деп айтсақ, артықтығы жоқ. Ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы аясында республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Бұл іс-шараны осындай іргелі істерге ұйытқы болып жүрген Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжі ұйымдастырды. «Ахмет Байтұрсыновтың мұрасы: ізденіс, тәжірибе және перспективалар» ғылыми-практикалық конференциясының мақсаты ұлт мұғалімінің білім мен ғылымға қосқан ұшан-теңіз мол мұрасын жан-жақты талқылау болатын. Аталмыш конференцияда білім беру саласының өзекті мәселелері де талқыланды. Бар мұраны толайым насихаттау үшін арнайы бағдарлама қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, ғалымдар мемлекеттік, идеологиялық бағыттағы «Тіл тағдыры» зерттеу орталығының ашылуын бірауыздан қолдады.
Ахмет Байтұрсыновтың рухани және адамгершілік құндылықтары мен идеяларын ілгерілету жүйелі түрде жалғастырылатын болады. Әдістемеге сүйене отырып, ғалымның қазақ тілі, әдебиет, психология мен өнер саласындағы ілімдері жас ұрпақты тәрбиелеуге, дамытуға үлес қосатыны сөзсіз.
Байқал БАЙӘДІЛОВ.