– Еңбек министрлігі «Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына өзгерістер енгізбек. Құжат «Ашық» нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетейік, бұрынғы тәртіп бойынша субсидиялау республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылатын еді. Сонымен қоса, жаңа өзгерістер негізінде енді мүгедектігі бар адамдар мен жұмыс беруші арасындағы еңбек шарты 3 жылға жасалады. Бұрын мұндай норма болмаған еді.
Жаңа қағида бойынша Халықты жұмыспен қамту орталықтары ерекше күтімді қажет ететін жандардың мына мөлшердегі жалақысын субсидиялайды:
— жұмысқа орналасқан алғашқы 12 айда жалақы мөлшерінің 70%, бірақ 30 АЕК-тен (айлық есептік көрсеткіш) аспайды;
— жұмысқа орналасқан 13-ші айдан бастап 24-ші айға дейін жалақы мөлшерінің 65%, бірақ 30 АЕК-тен аспайды;
— жұмысқа орналасқан 25-ші айдан 36-шы айға дейін жалақы мөлшерінің 60%, бірақ 30 АЕК-тен аспайды.
Бұйрықты ашық талқылау 5 желтоқсанға дейін жалғасады.