Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сөз сұлуы ­– жүректен - АРҚА АЖАРЫ

Сөз сұлуы ­– жүректен

Көкшетау қалалық қазақ үлгілі кітапханасында «Туған өлке»жобасы аясында жергілікті әдебиеттанушы ғалым, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ерболат Баяттың «ДОС: Дүние. Ой. Сөз» атты жаңа кітабының тұсаукесері болып өтті.

Қалалық қазақ кітапханасында қолға алынған «Туған өлке» жобасы жергілікті ақын-жазушылардың, сонымен қатар белгілі қоғам қайраткерлерінің, танымал тұлғалардың өмірі мен шығармашылығы, өнегелі еңбек жолдары арқылы жас ұрпақтың бойына туған еліне, жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыру, қоғамның дамуына өз үлестерін қосуға  талаптандыру, елге қызмет етуге талпындыруды көздейді. Ал, белгілі ақын-жазушы Ерболат Баяттың жаңа кітабының тұсаукесерін ұйымдастырудағы басты мақсат ­– автордың шығармашылығы арқылы өскелең ұрпақты туған елінің, ұлтының әдебиетін сүюге шақыру, рухани ой-санасының дамуына мүмкіндік беру, кітап оқуға деген қызығушылықтарын арттыру болып табылады.

«Сөз сұлуы – жүректен» атты аталмыш кешті қалалық ақпараттық кітапхана жүйесінің директоры, қарымды қаламгер, ақын-жазушы Серік Жетпісқалиев ашып, жүргізіп, іс-шараға Көкшенің зиялы қауым өкілдері, атап айтқанда Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің оқытушылары, әдебиеттанушы ғалымдар ­– Сәбит Жәмбек, Қасиет Малғаждаров, Аян Қажыбай, Ғарифолла Абылқасымовтар және қоғам қайраткері Мұрат Ыдырысов бастаған мәдениет пен өнер саласының майталмандары, студенттер қауымы, кітапхана оқырмандары қатысты.

Ерболат Баятұлы Монғолияның Баян-Өлгий өңірінде дүниеге келген. 1992 жылы атажұртқа қоныс аударып, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің аға оқытушы болып қызмет атқарған. Кейін облыстық «Арқа ажары», қалалық «Көкшетау», тәуелсіз «Бұқпа» газеттерінде Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары колледжінде, әдебиет және өнер музейінде, Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында еңбек еткен, қазіргі уақытта Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің филология факультетінде оқытушысы, философия ғылымдарының PһD докторы.

Серік Сапарұлы жаңа кітап авторын таныстыра отырып, бұған дейінгі жазылған кітаптары мен монографиялық еңбектеріне тоқталып, қаламгердің еңбекқорлығы мен қарапайымдылығына, адами қасиеттері мен білімдарлығына тәнті екендігін жеткізді. Автордың «Түсіме тау кіреді», «Уақыт бедері», «Уақыт белдеуі», «Уақыт шеңбері» секілді жыр жинақтарымен қатар,«Түркі-монғол эпостарының сюжеттер типологиясы» секілді бірнеше монографиялық еңбектері және «Жұмақ әуені» прозалық жинағы бұған дейін жарық көрген болатын. Жақында жарыққа шыққан «ДОС: Дүние. Ой. Сөз» атты жинағы үш бөлімнен құралған. Кітаптың «Дүние» атты алғашқы бөлімінде автордың әр жылдары жазған әңгімелері мен новеллалары орын алса, екінші бөлімінде «Ой-сәуле» атты философиялық тіркестері, түйінді ойлары берілген, ал соңғы «Сөз» бөлімінде әдеби-танымдық жазбалары топтастырылған. Кітап қалың оқырманның жастана оқитын «досы» болады деген ойдамыз.

Кітаптың тұсаукесер рәсімі қоғам қайраткері Мұрат Ыдырысов пен белгілі әдебиеттанушы ғалым, профессор Сәбит Жәмбекке ұсынылып, олар Ерболат Баятұлының жаңа кітабының жарық көруіне шынайы көңілмен ақ жарма тілектерін арнады. Кеш барысында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің әдебиеттанушы ғалымдары кітапқа пікір білдіріп, автордың суреткерлігі мен білімділігін, түрлі әдеби штрих-детальді ойнатып беру тәсілдерін, тілінің шұрайлылығы мен терең ойларын, нью-экшн жанрын қолдануын, шетелдік кейіпкерлері бар прозаларын қазақы таным-түсінікпен ойнатып беруін жан-жақты таратып айтып, автордың ізденгіштігіне, суреткерлік шеберлігі мен парасаттылығына, азаматтық ұстанымына берік әдебиетші екендігіне жоғары бағаларын берді. Ақын-жазушының ізінен ерген жас ақын Манарбек Қыдырбай да Ер-ағаның кісілік келбеті мен ұстаздық ұлағаты жайында қаузап, кейбір кейінгі буын ақындардың осындай тұлғаларды мойындауға саналары жетпей, өзімсініп жүретіндеріне, парасат-пайымдарының төмендігіне ренішін де жеткізді.

Ерболат Баятұлы сан қырлы азамат. Ақындығы мен жазушылығы, журналистік қыры былай тұрсын, ол суретті де бір адамдай салады. Әрі тәп-тәуірәнші де. Кешке жиналған қауым оның әншілігілі мен ақындығының куәсі болды.

Кеш барысында Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің студенттері кітап авторының «Ой-сәуле» бөлімінде берілген философиялық ой-тізбектерін нақышына келтіріп оқып, жиналған қауымның ықыласына бөленді. Сонымен бірге, Ерболат Баяттың кітаптары қойылған көрме де жиналған қауымға ұсынылды.

–Құрметті әдебиет сүйер қауым!Осы «әдебиет сүйер» деген сөз жүрегіме жақын тиеді. Әдебиетті сүю деген – әлемді сүю, өмірді сүю, өнерді сүю, адамды сүю, кішіпейілділік пен адамгершілікті, сұлулық пен шынайылықты сүю деген сөз. Мен еңбектерім шыққанда шүлен таратып, ат шаптыратын бай емеспін, менің тарататын бар байлығым осы кітаптың ішінде. Осы еңбегім оқылып жатса, шын оқырманын тапса мен үшін одан асқан бақыт жоқ! Ал, жазғанымды оқымаса, ешкім керек етпесе, онда одан асқан бейшаралық пен қорлық жоқ мен үшін.  Ақын болу, жазушы болу қиын. Ал, айтарың болмаса, жазудың да қажеті жоқ. Мен әдебиетке кештеу келдім. Алғашқы өлеңдерімнің жарық көруі жарым Гүлжанның арқасы, жазғандарымды жинап жүріпті. Содан кейін бірнеше кітабым жарыққа шығып, оқырманына жол тартты. Десе де, әр нәрсе өз уақытымен. Жастарға айтарым, бойымда Құдай берген талант бар деп жүре бермей, іздену керек, оқу керек, – деп қайырды кеш соңында Ерболат Баятұлы.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар