Өскелең ұрпақтың экологиялық білімін жақсарту мақсатында облыс орталығында экологиялық жобалар көрмесі өткізілді.
Жобаға қатысушылардың бірі экологиялық қалдықтарды өңдеп, қажетті бұйымдар жасаса, енді біреулері табиғат тазалығын сақтап қалу мақсатында ашқан жаңашыл технологияларын ұсынды.
–Көрмеге оқушылар мен студенттер қатысуда. 60-тан астам өтінім қабылданды. Бастапқыда үш жүлделі орын болады деп болжадық, бірақ жобаларды қарау барысында жеңімпаздарды анықтау өте қиын екенін түсіндік. Нәтижесінде бізде бір бірінші, екі екінші және 7 үшінші орын бар. Барлығы 10 жеңімпаз. Жалпы жүлде қоры – 750 мың теңге, – дейді «Kazakhstan Innovations» ҚҚ төрағасы Мариям Әбішева.
Барлық жобалар техникалық тұрғыдан өте күрделі және жақсы ойластырылған. Бұған мектептерде экология сабақтары оқытыла бастағаны, материалдық-техникалық жабдықталудың жақсарғаны себеп болып отырған сыңайлы. Қатысушылардың бірі – Екатерина Городецкая Бурабай кентіндегі Сәкен Сейфуллин атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 8 сынып оқушысы. Ол бір реттік медициналық маскаларды қауіпсіз жою тәсілдерін зерттеу арқылы халықты қызықтыра білді. Бірқатар тәжірибелер мен зерттеулердің арқасында бетперде бірер минут ішінде қандай химиялық затта еритінін анықтаған.
Туған жерінің ауасы жылдан жылға ластанып бара жатқанын көрген атбасарлық Артем Каблуков «Қазандықтар – экология мен адам денсаулығына зиян тигізетін негізгі себеп» жобасын қолға алған.
–Қазіргі уақытта қалада қоқыс көлемін анықтайтын бір ғана датчик қалды, қалғандары істен шықан. Мен өз сүзгімді жасап, қоқыс көлемін қалай азайтуға болатынын тексеріп көруді ойластырдым. Мен шаңсорғыштың қозғалтқышын құрылғымның негізі ретінде алдым, оған сүзгіні енгізіп, ішіне қоқыс құйдым. Осы сүзгі лас ауаны сіңіріп алады. Жиналған ауаның тазалығын анықтау үшін өзім ауа сапасын өлшейтін құралын жасап алдым. Құралды орнатқаннан кейін қалдықтар үш есе азайып, ауа мөлдірленді,– дейді Артем.
Назарбаев зияткерлік мектебінің шәкірттері Расул Мейрам мен Мадина Абатова «Ауыл шаруашылығы алқаптарын сараптау» жобасын әзірледі. Балалар биологияны информатикамен біріктіріп, алгоритмі бар код жасады, дронға орнатылған камералардың көмегімен арамшөптерді анықтауға болады.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар сертификаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
–Бірінші орынды «Теміржол дірілінен энергия генерациялау құрылғысы» жобасы еншіледі. Жобаның өзі техникалық жағынан аса күрделі. Мектеп оқушысы жасаған осынау үлкен жаңашылдыққа таңғалмау мүмкін емес. Кез-келген заттың дірілінен шығатын энергияны зерттеп, осы жобаны одан әрі дамытуға болады деп ойлаймын, – деп атап өтті Мариям Әбішева.
Жобаның авторы – Көкшетау қаласының NIS оқушысы Кәрім Диасәлі.
–Бүгін мен электромагниттік индукция принципімен жұмыс істейтін теміржол дірілі энергиясын генерациялау құрылғысының жобасын ұсындым. Пойыздың қозғалысы кезінде дірілдің пайда болатыны белгілі, бұл тербелістерді аккумуляторларда сақтау арқылы электр энергиясына айналдырамын. Бұдан әрі оларды еліміз бойынша темір жолдарды электр энергиясымен қамтамасыз етуге болады. Сондай-ақ, темір жолдарды жарықтандыру немесе бақылау үшін пайдалануға да жарайды, – дейді байқау жеңімпазы.
Мариям Әбішеваның айтуынша, электронды және баспа нұсқасында облыстың экологиялық жобаларының жинағын жасау жоспарлануда.
Камила ӘБДЕЛМАНОВА.