Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Үш жылдың облыстық бюджеті қаралып, бекітілді - АРҚА АЖАРЫ

Үш жылдың облыстық бюджеті қаралып, бекітілді

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен және сөз сөйлеуімен облыстық мәслихаттың кезекті 23-інші сессиясы болып өтті. Онда өңір басшысы алдағы жылға арналған облыс бюджетінің жобасына тоқталып, халықтың тұрмысын жақсартып, жайлы етуге септігін тигізетін жобалардың жүзеге асырылу барысын баяндады.

Сессияда облыстықмәслихаттың хатшысы Талғат Жүнісов төрағалық етті. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қанат Дүзелбаев жасаған баяндамасында 2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджеттің параметрлері, жоспарланған кірістер мен шығыстар, облыстық бюджетке түсетін трансферттер көлеміне тоқталды. Баяндамашының айтуынша, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бір емес, бірнеше рет айтқан өңірлердің тәуелсіздігін нығайту ісі біздің облыста да нақты көрініс тапқан. Аудандардың қаржы жағынан «орталыққа» тәуелділігін азайту үшін келесі жылы табыс салығы түсімдерінің жартысы облыстық деңгейдегі бюджеттерге қайта бағытталады. Мұндай түсімдердің көлемі келесі жылы 8 миллиард теңгеден асады.

Бұл туралысессия барысындасөз сөйлеген облыс әкімі Ермек Маржықпаев соның арқасында 2023-2025 ​​жылдары тағы 6 аймақ өзін-өзі қамтамасыз ететін болады деп атап өтті. Өңір басшысы әр ауданда жөнделген жолдарға, мектептер мен ауруханаларға тоқталып, тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарының ашылғанын мәлім етті.

– Алдағы жаңа жылда аудан, қала бюджеттеріне берілетін нысаналы трансферттердің көлемі бір жарым есеге артып, 50 миллиард теңгені құрайды. Соңғы үш жылда, яғни, 2019 жылдан бері қаржыландыру көлемі Атбасар ауданы бойынша бес есеге артып, 1 миллиардтан 5 миллиард теңгеге дейін, Қорғалжын ауданында 32 миллионнан 2 миллиард теңгеге дейін өсті,  – деді бұл орайда өңір басшысы. – Біздің облыстың бюджеті қашанда әлеуметтік бағытта болды, келесі жылы да оның 50 пайыздан астамы әлеуметтік саланың қажеттіліктеріне бағытталады. Келер жылға арналған облыстық бюджетті қалыптастыру кезінде ауқымды жұмыстар атқарылды, оған мәслихат хатшылары мен депутаттары, өңірлердегі қоғамдық кеңес мүшелері тікелей қатысты. Нәтижесінде адамдардың өмір сүру сапасын жақсартатын негізгі мәселелер айқындалды.

Сондай-ақ, облыс әкімі соңғы үш жылда облыста өнеркәсіптің дамуы басымдыққа ие болып, қазір ол облыс экономикасының үштен бір бөлігін құрайтынын айтты. Оның үстіне өндірістің өсуі тек тамақ өнеркәсібінде ғана емес, сонымен қатар, химия, машина жасау, металлургия, құрылыс индустриясында да байқалуда. 2020-2021 жылдары облыста өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 триллион теңгеге жетсе, келер жылы 1,4 триллион теңгені құрайтын болады. Бұл – жыл сайын өсім төрттен бірге жетеді деген сөз. Облыста жүзден астам инвестициялық жоба жүзеге асырылуда, осының есесінен 10 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Облыс тұрғындарының өтініш-тілектерінің басым бөлігі тұрғын үй мәселесіне қатысты болып келеді.

Ал, бұл мәселе кезең-кезеңімен шешілуде, жыл сайын орта есеппен 500 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй алаңы пайдалануға берілуде. Биыл бұл көрсеткіш 700 мың шаршы метрге жеткізілмекші. Ал, бұл – 5,5 мың пәтер. Құрылыс қарқыны тек облыс орталығында ғана артып қоймай, өзге аудандар мен қалаларда да өріс алуда. Ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнімнің көлемі де төрттен бір есеге артып, 1 триллион теңгеден астам соманы құраған. Бұл республикадағы ең жақсы көрсеткіштердің бірі. Ал, жалпы өңірлік өнім көрсеткіші соңғы үш жылда бір жарым есеге жуықтаған. Облыс бюджеті де 2019 жылы 270 миллиард теңге болса, бүгінде  500 миллиард теңгеге жуықтап, екі есеге ұлғайып отыр.

Әрине, сессияның күн тәртібіне енгізілген «2023-2025 жылдарға арналған облыстың үш жылдық бюджеті туралы» мәселенің ауқымы кең. Онда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 20 жаңа мектепті пайдалануға беру, 470 мектепті жаңарту жоспарлануда. Тек келесі жылы ғана 22 білім беру нысанын күрделі жөндеуден, ал, 44 мектепті ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстарына 5 миллиард теңге қарастырылған. Денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру аясында 38 нысан пайдалануға беріледі, екі аудандық аурухана трансформацияланады. Денсаулық сақтау саласын дамытуға 10,6 миллиард теңге бағытталып, оның жартысы медициналық ұйымдарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалмақшы. Сол сияқты, 29 мәдениет және 5 спорт нысаны жөндеуден өткізіледі.Мұнымен бірге, жаңа кәсіпорындарды іске қосудың есебінен 2025 жылға дейін 17 мың жұмыс орнын ашу жоспарда бар. Бұл жоспарлардың әрқайсысының астарында халықтың әл-ауқатын жақсарту, тұрғындардың үйлерінен алыс бармай, сапалы білім мен медициналық көмек алу мүмкіндігі жатыр.

Өңірдің өзекті мәселелеріне тоқталған облыс әкімі бүгінгі таңда ең бастысы, халықты қысқы жылу берумен ойдағыдай қамтамасыз ету екендігін ерекше атап көрсетті. Жылу маусымы басталғалы Бурабай кенті, Атбасар, Степногорск, Есіл қалалары мен облыс орталығының тұрғындарынан осы мәселеге байланысты шағымдар да түсіп жатыр.

– Проблемалар бар, біз оларды жасырмаймыз және үнсіз қалмаймыз.Жылу жүйесіндегі барлық мәселелерді бірден шешу мүмкін емес, бірақ, соның өзінде облыс әкімдігі осы жағдайды тұрақты бақылауында ұстап отырғандығын айта кетуге тиіспіз, – деді Ермек Маржықпаев.

Сессияда сөйлеген сөзінде өңір басшысы облыстық мәслихат депутаттарының биылғы жылы атқарған жұмыстары ауқымды болғанына тоқталып өтті.

– Биылдың өзінде депутаттардан 766 бюджеттік өтінім түсті. Бұл жергілікті атқарушы органдар мен өкілетті билік орындарының бірлескен ынтымақты жұмысының көрінісі. Бүгінде көп нәрсе өзгеріп жатқанын бәріңіз білесіздер. Келесі жылдың қаңтарынан бастап облыстық мәслихаттың хатшысы лауазымы мәслихат төрағасы лауазымына өзгертіледі. 2023 жылы мәслихаттар сайлауы болатыны да белгілі. Сондықтан, баршаңызды өкілеттік мерзімдеріңіз аяқталғанша жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, сайлаушылардың сенімін ақтауға бар күш-жігерлеріңізді салуға шақырғым келеді. Алда бірлесе атқаратын жұмыс көп, – деді облыс әкімі.

Мәслихат сессиясының жұмысы күн тәртібіндегі басқа да мәселелерді қараумен жалғасты. Депутаттар Ақмола облысының 2021-2025 жылдарға арналған үш жылдық бюджетіне енгізілген түзетулерді мақұлдап, облыс әкімдігі жанындағы жер комиссиясының жаңа құрамы мен лауазымын бекітті, өзге де бірқатар маңызды шешімдер қабылдады. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттығына кандидат ұсыну туралы мәселе де қаралып, дауыс беру арқылы қабылданған шешім бойынша облыстық мәслихаттың хатшысы Талғат Жүнісовтің кандидатурасы аталды.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
Владислава КОКОРИНА.

 Суреттерді түсірген Айбек Данияров.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар