Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Агротуризмнің ауылға септігі тисе игі - АРҚА АЖАРЫ

Агротуризмнің ауылға септігі тисе игі

Еліміздің бірнеше облыстарында Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасының қолдауымен қазақстандық агро және ауылдық туризм қауымдастығы мобильді оқыту семинарларын ұйымдастыруда. Басты мақсат өңірдегі туристік әлеуетті арттыру, ауыл тұрғындарының табыс табуына көмектесу әрі ұлттық салт-дәстүрдің алтын бесігіндегі ғажайып мұраны насихаттау.

Танып білуге құштар туристер белгілі бір аймақтың тыныс-тіршілігімен танысып, ілкі заманнан бері жалғасып келе жатқан ұлттық мұраның ұлағатын ұғынғысы келеді. Көп көңіліндегі қызығушылықтың кәдесіне жарайтын көл-көсір дүние Көкшетау мен Қараөткелдің сайын даласында жетерлік. Кілкіп тұр демесек те, жұқанасы табылады. Танымдық деңгейін арттыруға тырысатын туристерді бедерлі Бурабай өңіріндегі Қатаркөл мен Ақылбай ауылдары, Қорғалжынның жергілікті ұлт дәстүрінің күбісі күмпілдеп тұрған кең жазирасы, Ерейменнің етегіндегі Торғай ауылы қызықтырады екен. Шындап іздесе, жүрген аяққа ілігетін жөргем қай жерде де бар.

–Туристерге салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты үйрете алатын, әрі сол арқылы тән азығы мен жан азығын бере алатын фермерлер мен қолөнер шеберлерін ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырамыз. Шын мәнінде халықтың қолөнері шеберлік сағаттары үшін ғана емес, ата дәстүрді жалғастырып, бүгінгі күннің кәдесіне жарату үшін де керек, –дейді қазақстандық агро және ауылдық туризм қауымдастығының президенті Халида Төлегенова, – тіпті қаланың қыз-келіншектері сиыр саууды үйренгісі келеді. Сауылған сүттен сүт өнімдерін дайындап көрмек. Олар табиғи таза өнімнің қасиетін ұғынып отыр.

Дәл қазір бұл шаруа қаланың ғана емес, ауылдың адамдары үшін де өзекті. Ауылдың өзінде бие сауып, қымыз баптамайтын, бейнетін белден кешіп қара мал ұстағанымен, ауызына ағарған тимейтіндер жыртылып айырылады. Босағасына бес сиыр бітсе де қаймақ-майын қаладағы базардан сатып алатындар пайда болған. Ал, мына бастама ауылға да, қалаға да бірдей. Ең бастысы, көне дәстүрді тұмшалаған жалқаулықтың жұлым-жұлым шымылдығын серпіп тастамай, бүйіріміз шықпайтын тәрізді. Ал, бұрынғы дүние қандай еді. Зеренді ауданына қарасты Игілік ауылындағы Жібек Алпысбаева өз тәжірибесімен былайша бөліседі:

–Ертеректе аналарымыз дәмі тіл үйіретін сүзбе жасайтын, жақсылап ұйып тұрған қатықты қапқа салып, арқалыққа асып қойып, әбден сорғытып сүзетін. Ертеректе сүзбе екі түрлі әдіспен әзірленген. Оны тұздап та, тұздамай да дайындайтын. Кеберсіген сүзбе қарынға салынатын-ды. Тұздалған сүзбе көбірек сақтауға, көжеге, сорпаға езіп ішуге әсіресе ұзақ жолға шыққанда жолаушының жол азығына арналатын. Әрі сусын, әрі адамға күш-қуат беретін әжептәуір қуатты тағам ретінде саналатын. Қаймағы алынбаған қою сүттен ұйытатын. Әрі сусын, әрі тағам ретінде пайдаланылатын. Қазіргі қазақ ауылдарында қойыртпақты күндіз қолыңа шам алып іздесең де таба алмайтыныңа мен кепіл. Қатыққа, айранға, іркітке сүт немесе су қосып торсыққа құйып, қанжығаға байлап жүріп, далада ішетін ақ. Қанжығада көп жүріп, әбден шайқалып, бабына келгеннен кейін қойыртпақтың ашыған дәмі әсте білінбейді. Ішуге ерекше дәмді. Асқазанның қорытуына өте жеңіл.

Ертеректе оны малшылар, жолаушылар жиі пайдаланатын. Осы күні көбі ұмытқан іркіттің өзі бір бөлек әңгіме. Құрт қайнату, майын бөліп алып, іркітін сусынға ішу үшін күбіге жинап қояды да үстіне шикі сүт құйып жинай беретін. Кейін одан құрт қайнатады. Сапырып сусын орнына да ішеді. Әлі есімде, сүттен істелетін тағамның ішінде быршыма дейтін де түрі болатын. Ол көп тұрып ашып кеткен айран немесе іркіт түрлері. Быршымадан да құрт қайнататын. Ол кезде қаймақтың да түрі көп еді. Піскен қаймақ, шикі қаймақ, кілегей қаймақ, бал қаймақ тағы басқалары. Оларды шайға қату, әр түрлі тағамдарға қосу үшін дайындайтын. Кілегей қаймақтан сары май алынатын. Бал қосып қоюландырған бал қаймақ сырқат адамдарға шипалық дәруі бар ас ретінде пайдаланылатын. Пісірілген сүттің қазанға жабысқан тұнбасын қаспақ дейтінбіз.

Қаспақты әсіресе кішкентай балалар сүйсініп жейтін. Осы күні арада әлденеше жылдар, тіпті бір адамның ғұмырына пара-пар уақыт өткенде санамызды сарғайтып, сағынатын ана бейнесі көз алдымда кес-кестеп, мейірбан жүзімен мұндалап қылаң берген сайын оның қолынан шыққан небір тәтті, дәмділерді, ең бастысы қашан да таусылып бітпес қазақтың көл-көсір, кең жазира даласындай дархан пейілін, жарық күннің шуағындай жанға жайлы мейірін аңсаймын да тұрамын.

Қауымдастық басшысының айтуына қарағанда, ауа райының өзгеруі агроөнеркәсіп саласына да әсер етпек. Бұл деректі Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасының болжамына сүйеніп айтып отыр. Енді бір отыз жылдан кейін астық өнімділігі күрт төмендеуі мүмкін. Жайылымның тарлығынан төрт түліктің басы да көбейе қоймайды. Міне, сондықтан да дастарханның берекесін келтіріп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін сан ғасыр бойы жалғасып келе жатқан ұлттық дәстүрді дамытқан абзал. Агротуризмді дамыту ауыл еңсесін көтермек. Ауыл тұрғындарын жаңа дағдыларға икемделуге ықпал етеді.

Алдағы уақытта осы жұмыстарды бір арнаға түсіргеннен кейін қала балаларының тіл үйрену мүмкіндігін де қарастырмақ. Жазғы демалыс кезінде ауыл өмірімен таныса алатын «ауылдағы демалыс» шаралары қолға алынады. Бұл да игі істің бірі.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар