Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Астықты аймақта ұн тапшы. Бағасы да өсіп жатыр. Неге?.. - АРҚА АЖАРЫ

Астықты аймақта ұн тапшы. Бағасы да өсіп жатыр. Неге?..

Биыл Ақмола диқандары 5 миллион тоннадан астам сапалы астық жинап, еңбектері ақталды. Әйтсе де, қолда барды кәдеге жарату тұсы кемшін. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өнім экспортын ұлғайтуды тапсыруда. Ал, Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірге ұсыныспен ғана шектелуде.

Өңірде биыл бидайдың шығымдылығы біршама жақсы болды. Гектар берекесі орташа есеппен 11,7 центнерден айналды. 5,5 миллион тонна өнім жиналды. Сөз арасында бұл табыстың өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 34 пайызға жоғары екендігін де айта кетелік. Тағы бір сүйінішті жай – астық сапасы әлдеқайда жоғары. Біздің өңірдің сапалы астығына сұраныс та көп. Облыстағы дәнді дақылдар қамбасына құйылған астықтың 94,8 пайызы 1,2 және 3-ші класты.

Солай бола тұра, астықты өңір өз өнімін өңдеп, соңғы сату нарығына жеткізе алмай отыр. Статистикалық деректерге назар салсақ, ұнның бөлшек саудадағы бағасы бір жылдың ішінде шамамен 45 пайызға өсіпті. Ұн экспорты ұлғайғанымен, ішкі нарықтағы сату көрсеткіші бұрнағы жылмен салыстырғанда 22,2 пайызға азайған. 2022 жылдың қаңтар-тамыз айында сыртқа сатқан дән көлемі өскенімен, ішкі нарықтағы сату көрсеткіші 840 мың тоннаға дейін азайған. Бір жыл бұрын 3,6 пайыз өсім бар еді. Ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларында бидай мен қара бидай ұнының экспорттық бағасы өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 41,6 пайызға өскені байқалады.

–Ұн бағасын сараптап қарайтын болсақ, өңірде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың тізімінде бірінші сұрыпты ұн, бидай бар екендігін атап өткім келеді, – дейді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Айдрахманов, – ұн бағасы жыл басынан бері өсті. Алайда, соңғы аптада аздап іркілген тәрізді. Азық-түлік дүкендеріндегі ұнның орташа бағасы келісі 140 теңгеден басталады. Қымбат ұн да бар. Ол басқа аймақтардан жеткізілген коммерциялық ұн.

Әсіресе, Қостанай облысынан әкелінетін «Корона» ұны қымбат көрінеді. Өзге де алыс-жақыннан жеткізілген қымбат ұн баршылық. Бұл тараптағы қымбатшылықты тежеу үшін өз ұнымызды өндірсек, әділ бәсекелестікке түсе алар едік. Әйтсе де, бұл орайдағы ұмтылыс ілгері баспай тұр. Барлығы айналып келгенде нан бағасының қымбаттауына әкеліп соқтырады. Бір түсініксіз тұсы, өңір диқандары көктен иіп, жерден берген биылғы жылы 5 миллионнан астам сапалы астық жинап алғанда, шеттен ұн тасымалдағанымыз қалай болар екен? Ішкі нарықта тұтынушылар үшін ұн бағасы үстіміздегі жылдың орта шенінде рекордтық көрсеткішке жетіп, 41,3 пайызға қымбаттаған. Қазан айында бір келі ұнның бағасы шамамен 360 теңгеге дейін көтерілген.

Қарапайым халық үшін кәдімгідей қиындық туғызып отырған осы бір жайдың себеп-салдарын талдап көрелікші. Қара жерге дән еккен диқан қауымның алапат еңбегі ақталмайтын сыңайлы. Жаз бойы әлемдегі ахуалға байланысты жанар май мен қосалқы бөлшектің күрт қымбаттауы шаруаның иығына батты. Енді еңсесін езген басты кедергі – астық тасымалдайтын вагондардың жайы. Диқандардың айтуына қарағанда, олар қазір қасқалдақтың қанындай таптырмайды. Оның үстіне соңғы жылдары жалдау бағасы да бірнеше есе қымбаттап кеткен. Жаңа ғана орын алып отырған мәселе емес, жылдағысы осы. Астық өндірушілер мен диірменшілер талай мәрте дабыл қаққан. Әйтсе де қиын түйін шешілер емес. Соңғы жылдары вагондардың жетіспеушілігі мен қымбатшылығы тұтас ел аумағындағы аграрлық шаруашылықтар серіктестіктер мен диірменшілердің жанын жүдетіп тұр.

–Соңғы үш жыл бойы жүздеген диірмен жұмысын мүлдем тоқтатты. Атбасар қаласындағы 9  диірменнің төртеуі ғана жұмыс істеп тұр. Оның ішінде менің де диірменім бар, – дейді «Иман 777» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Дин-Магомед Асаев, – басты себеп бидайдың, тасымалдаудың бағасында. Биыл бидайдың бір тоннасы 115-126 мың теңге аралығында. Әйтсе де, сол аста-төк бидайды тасымалдап, диірменге жеткізе алмай отырмыз. Себеп, вагон жоқ. Теміржол тарифтерінде астық тиейтін вагонның құны 500 мың теңгеден 700 мың теңгеге дейін көтерілді. Таяуда теміржол компаниялары бұл бағаның тағы да 15 пайызға дейін өсуі мүмкін екендігі туралы хабарлама жолдады. Өткен жылы қуаңшылық болғандықтан ұн тартуға жарайтын сапалы бидайдың құны шарықтап кеткен болатын. Биыл теміржол вагонының тарифі 100 пайыздан астам қымбаттады. Осыдан кейін астықты өңірде нанның қымбаттауы орын алмағанда қайтсін.

Кәсіпкер мәселені шешеді-ау деген құзырлы органдарға соңғы екі жылда 9 мәрте хат жазыпты. Бірақ, бірде-біреуінен тұшымды жауап келмеген. Сарапшылардың пікірінше вагондардың жалдау ақысының қымбаттауымен бірге, Өзбекстанның кеденінде бағаны тағы бір өсіріп, бидайды арзанға алудан шығынға батып отырғанға ұқсайды. Өзбекстан жағы қазақ бидайын тартатын диірмендерді молынан сатып алған. Біздің елде мемлекет тарапынан қыруар субсидия бөлініп, арзандатылған жанар-жағар маймен қамтамасыз етіліп, әупірімдеп өсірілген алтын астықтың қызығын сол өз-ағаларымыз көріп отыр. Олар Тәжікстан мен Ауғанстан нарығында қазақ ұнын еркін саудалауда.

Осыдан он жыл бұрын ұн шығаруда жалпақ әлемде жол бастап тұрған ел диірменшілері шаруалары құлдырап, ұн өндірісі құрдымға кетудің аз-ақ алдында тұр. Тағы да статистикалық деректерді тілге тиек етелік. 2012 жылы Қазақстан ұн өндіруден әлемде бірінші орынға ие болған. 2015 жылдан бастап диқандардың бүйірін шығарған бұл жай қожырай бастаған. Сол жылдары елімізде 1300 диірмен болса, қазір небары 170 қана диірмен жұмыс істеп тұр. Ұн өндіруде ұнжырғамыз түскендігін осы бір ғана дерекпен дәлелдеуге болады. Бұрын Қазақстаннан ұн сатып алатын өзбек жағы енді тек бидай ғана алмақ.

Тиімді істің тетігін көздері көріп отыр емес пе?! Қазір Өзбекстан жағы жылына үш миллион тоннаға жуық Қазақстан бидайын алады екен. Онымен ұнды молынан тартып, ішкі нарығын қамтып қана қоймай, алыс-жақын көршілерінің де көсегесін көгертіп отыр. Осылайша мемлекеттің қыруар қолдауының арқасында жер бетіне бар бейнетті өзімен бірге ала шығатын алтын астықты әупірімдеп өсіріп отырған диқан қауым соңғы сату нарығынан да айырылып қалып отыр. Әлбетте өңделген өнім құны да жоғары болмақ. Демек, бұдан шығатын қорытынды, астықты өзімізде өңдеудің тиімді жолдарын қарастырған дұрыс.

–Облыста бұл бағыттағы жұмысты үйлестіру үшін жедел штаб жұмыс істеуде, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Балжанов, – вагондардың жетіспеушілігі және тасымалдау бағасының қымбаттауы бойынша астық өндірушілер, диірменшілер және теміржол бөлімі басшысының қатысуымен арнайы жиын өткіздік. Олар бағаны тұрақтандыруға уәде берді, осы жөнінде  арнайы хаттама толтырылды.

Ал, теміржолшылар болса, қажетті вагондардың жеткілікті екендігін айтып ақталуда. Тек сұраныс көп болғандықтан, барлығын бірдей қамтамасыз ете алмай отырған сыңайлы. Үстіміздегі жылдың алғашқы тоғыз айында астық тасымалы өткен жылмен шамалас болған. Яғни, 6,5 миллион тонна астық тасымалданған. Қазір астық тасымалдайтын вагондар Қазақстан теміржолының меншігінде емес, бәсекелестігі мол ортада. Негізінен «Казтеміртранс» акционерлік қоғамы мен «Астықтранс» компанияларының меншігінде. Вагондарды жалға алушылар мен меншік иелері арасындағы қатынастар теміржолдың қатысуынсыз өзара шарттармен реттеледі. Жекелеген өңірлерде вагонға деген сұраныс өсе түскен. Ел аумағында вагондар қозғалысының өзгеруіне көршілердегі геосаяси жағдай ықпал етсе керек.

Қалай айтсақ та, бар бидайды кәдеге жарата алмай отырғанымыз шындық. Диірменшілердің қолын ұзарту үшін тасымал құнын шарықтата бермей, қалыпқа түсіру қажет. Бұл мәселенің түйінді жері осы. Әйтпесе, «Мақта қыздың» ертегісі тәрізді бір-бірімен шиеленісе байланысып, шиыршық атқан жағдай күрделене бермек. Нақтысы, миллиондаған гектар алқапқа миллиардтаған субсидия төлеп өсірген ақық дән өзіміздің өзегімізді жалғамай, өзгенің экономикасына жұмыс істеуде. Негізсіз бағаны өсіріп, бір қолын екі ете алмай отырған шаруаларды шырылдатып қойсақ, кесірі жарытымсыз жалақымен күн көріп отырған қарапайым халыққа тиеді. Астықты өңірде отырып, ұнға жарымау ұят.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар