Егемен еліміздің басты құндылығы, көзіміздің қарашығындай қорғалуы тиіс – Тәуелсіздігімізге де биыл отыз бір жыл толып отыр. 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан Республикасы мемлекеттік тәуелсіздігі туралы жариялап, әлемге шегі мен шеті жоқ Еуразия құрлығында жаңа дербес мемлекет пайда болғанын паш етті.
Тәуелсіздік – аса қасиетті, киелі, қастерлі ұғым. Өйткені, тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Бұл еркіндік пен азаттықты ғасырлар бойы аңсаған қазақ халқының тағдырында болған аса маңызды бетбұрыс кезең болды.
1991 жылы 16 желтоқсанда Декларация қағидаттары негізінде «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Қазақстанда Конституциялық заңның қабылданған күні «Тәуелсіздік күні» ретінде атап өтіледі.
Өзінің белгіленген шекарасы, діні мен тілі, мемлекеттік рәміздері мен ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен салт-дәстүрі бар тәуелсіз зайырлы елге айналдық. Өткен жылдарға көз жіберсек, сол желтоқсанда тұтас елдің жасаған таңдауы тәуелсіз қазақ елінің тек сол жылдардағы ғана емес, болашақтағы сенімді даму жолының мызғымас алғышартын айқындап бергенін көреміз.
Қазақстанға жаңа тарихи жағдайларда тәуелсіздігі мен егемендігін нығайтып қана қоймай, сонымен қатар, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің қатарына ену үшін азаматтық қоғам мен қауіпсіз мемлекет жүйесін құрып, қаржылық және банкілік жүйені дамытып, нарықтық механизмдерді игеріп, экономиканың жаңаша үлгісін құру қажет болды.
Бүгінде Қазақстан Республикасы түбегейлі әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды өткізудің қомақты жетістіктерімен аты шықса, халықаралық қауымдастық та біздің елімізді жаһандық әлемдік процестердің ықпалды әрі беделді мүшесі ретінде қабылдайды.
Қазақстанның ұлтаралық және конфессияаралық ұлттық саясатының бірегей үлгісінің арқасында өзге мәдениеттер мен діндердің үйлесімді дамуы олардың өзара қарым-қатынасына, бірін-бірі рухани байытуына мүмкіндік береді.
Біздің еліміздегі қолданыстағы заңнама діни еркіндік пен бостандыққа кепілдік береді, Қазақстан халқының рухани мұраларымен үйлесетін діннің тарихи және мәдени құндылықтарын таниды.
Қазақстанның құқықтық негізі өз азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, білікті заңгерлік көмек алу үшін әрбір қазақстандықтың конституциялық құқығына кепілдік береді.
Тәуелсіздік жылдарында әділет органдарының функциялары үнемі жетілдіріліп отырды. Қазақстан Республикасының заңнамасына барлық өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, көптеген тіркеу рәсімдерін жеңілдетуге, қағаз құжаттарын азайтуға және ел дамуының түрлі салаларындағы бюрократиялық кедергілерді азайтуға бағытталды.
Мысалы, тәуелсіздік жылдарында әділет органдары ұсынатын барлық мемлекеттік қызметтер электрондық нысанға аударылды, бірқатар мемлекеттік қызметтер толығымен автоматтандырылып, мемлекеттік қызметтер көрсетудің мерзімдері айтарлықтай қысқартылды. Соның нәтижесінде бірқатар электрондық мемлекеттік қызметтер санаулы сағат ішінде көрсетіледі.
Сонымен қатар, елімізді цифрландыру саясаты шеңберінде заңгерлік көмекті автоматтандырудың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру бойынша адвокаттық қызмет және заң кеңесшілері қызметін автоматтандыруды көздейтін «Е-Заң көмегі» ақпараттық жүйесі әзірленді. Ақпараттық жүйені іске қосудың негізгі мақсаты халыққа білікті заң көмегін көрсету, сондай-ақ, оны қамтамасыз ету бойынша адвокаттық қызмет пен заң кеңесшілер қызметін автоматтандыруды жеңілдету болып табылады.
Қазақ халқы тәуелсіздікке қол жеткізуді бірнеше ғасырлар бойы арман етті. Сондықтан, Тәуелсіздік күні әрбір қазақстандық азамат үшін ерекше мереке, біздің ата-бабаларымыздан қалған асыл мұра. Осы мұраны сақтап қалу және Қазақстанның тәуелсіздігін нығайтуға бар күш-жігерін салу әр азаматтың міндеті.
Қазіргі уақытта біздің елімізде үлкен саяси реформалар жүріп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті Қазақстанның орнауына күш салып, қоғамда заң мен заңдылық үстемдік етуіне мүдделі болып отыр. Бұл күш-жігер зая кетпей, ел еңсесі тіктеледі, еліміз шынайы демократиялық, адам құқы әрдайым алдыңғы орында тұратын зайырлы мемлекет болатындығынан үмітіміз зор. Тек осы жолда бәріміз де жауапкершілік жүгін жете сезініп, елдің бүгіні мен болашағы үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара еңбек етуіміз керек. Сонда біз сөз етіп отырған қастерлі тәуелсіздігіміздің де жемісін барынша көре түсеміз. Бұл ретте, халықтың сенімі үлкен рөл атқарады. Сол үшін де ертеңге сенуіміз қажет. Тәуелсіздік мұраты – көздеген мақсаттарға қол жеткізу болып қала бермекші.
Гүлмира ӘКІМОВА,
Ақмола облысы Әділет департаменті басшысының орынбасары,
әдеп жөніндегі уәкіл.