— Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері мен Көкшетау қалалық Қоғамдық кеңесінің мүшелері мемлекеттік органдармен бірлесіп өңірдің Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын іске асыру шеңберінде сумен жабдықтау жүйесінің жұмыс сапасына көшпелі мониторинг жүргізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, мониторинг барысында жұртшылық өкілдері Шағалалы су қоймасына, Краснояр ауылындағы ұңғымаға, сондай-ақ Көкшетау қаласының тазарту құрылыстарына барды.
Қаланы сумен жабдықтау Шағалалы су қоймасынан және Көкшетау топтық су құбырынан (Сергеев су қоймасынан су тартумен) жүзеге асырылады.
«Көкшетау топтық су құбыры арқылы қаланы сумен қамту жұмыстары белгілі бір себептер бойынша толық көлемде жүзеге асырылмайды, ал ауыз суды тұтынушылар болса, жылдан жылға артып келеді. Сондықтан кәсіпорын Шағалалы су қоймасынан суды пайдалануға мәжбүр, бірақ оның тазарту қондырғыларына 50 жылдан астам уақыт болған, яғни күрделі жөндеуді қажет етеді. Мұның бәрі ауыз судың сапасына әсер етеді, осылайша қала тұрғындарының көптеген негізделген сындары және шағымдарын тудырады», — деп түсіндірді «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорнының басшылығы.
Айта кетейік, биылғы жылдың қараша айында Көкшетау қаласының Қоғамдық кеңесінің отырысында жұртшылық пен мемлекеттік органдар халықты сапалы сумен жабдықтау, атап айтқанда, қалалық су тазарту станциясын қайта жаңарту және жаңа тазарту құрылыстарын салу мәселелерін көтерген болатын.
Осы ретте, «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорнының басшылығы 2009-2010 жылдары әзірленген тазарту құрылыстарын жөндеу жобасы бірнеше рет түзетілген және қазіргі уақытта тағы түзету енгізіліп жатқандығын атап өтті.
«Тұрғындарды таза сумен қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорын Павловск су қоймасындағы жұмыстарды қайта бастауды, сондай-ақ Шағалалы су жинаудың үшінші желісін өткізуді ұсынады», — деп қосты кәсіпорын басшылығы.
Көшпелі мониторинг қорытындысы бойынша жұмыс тобы Павловск су қоймасын қалпына келтіру бойынша жұмыстарды жүргізуге, Көкшетау қаласы мен Краснояр ауылдық округінде жаңа қосымша ұңғымаларды ашуға, сондай-ақ тазарту құрылыстарын жөндеу жөніндегі жоспарды әзірлеуге қатысты ұсыныстар әзірледі. Бұл мәселелер жұртшылықтың бақылауына алынды. Сонымен бірге, бұл саладағы мәселелер облыстың Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасында көрсетілген.