Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бұлақ  басынан басталған жол - АРҚА АЖАРЫ

Бұлақ  басынан басталған жол

жерлесіміз, белгілі әдебиетші-ғалым Жарылғасын Әбішев жетпіс жаста

Жарылғасын Әбішев біздің Көкшетаудың, Степняктың түлегі. Біз екеуіміз немере-шөбере ағайындымыз. Менің әкем Тақан мен Жарылғасын екеуі немере, ағайынды кісінің баласы. Менің атам Әлімжан мен Жарылғасынның әкесі Шалабай бір туған, екеуі Әбіштің баласы. Шалабай ата Совет заманының өзінде жастайынан дін жолын ұстаған кісі. Құранды білетін, ораза ұстап, намаз оқитын. Кішкентай бала болсам да, есімде қалыпты. Ерте қайтыс болды, 53-55 жаста болар, 1959 жылы, сонда біз бес-алты жасар баламыз. Оразада, өз үйінде ауыз ашқанда, бір кесе айранды тартып жіберген бойда жан тапсырыпты.

Рахия апамыз, Жарылғасынның анасы аңқылдаған кісі болатын. Жарылғасын өз үйінде және біздің үйде өсті. Рахия апамыз 13-14 құрсақ көтерген, балаларының біреуі де тұрмай бәрі де өле берген соң, Жарылғасын туғанда ырымдап, анасы емізбей, менің шешем Бәтимә емізген екен. Рахия апамыз бертінде, 1986 жылы 80-нен асып қайтыс болды. Жарылғасын мен әйелі Күләш екеуі Алматыда бағып-қағып,  қолдарынан атқарды.

Біздің Степняк қаласы Бұлақбасы, Абай,  Бірінші май, Шанхай, Жармау, Капай, Жөкеаяқ, Октябрь, Орталық, Кірпіш сарайы секілді ауыл-ауылға бөлініп айтылады, аты қала демесең, жайылып жатқан үлкен ауыл сияқты. Ол жерден алтын шыққан, ертеректе Степняк үлкен қала болды, жан-жақтан келген халқы көп болды. Кейін, алтын біткесін, бәрі тарап, халқы да азайды. Алтын біткен жоқ, алуы қиын, жер астындағы судың ағыны қатты дейді. Бір кездері ағылшындар да алтын алған. Арғы замандарда моңғолдар да алтын алған екен деген деректер бар. Оның іздерін моңғол тұнбасы-монгольские илы дейді. Міне, осындай аңызға айналған жер, аңызға айналған өлке. Бұл Біржан салдың  елі,  қазір аудан Біржан атамыздың атында.

Жарылғасын менен екі жастай үлкен. Біздің үйдің бір баласы болып өсті.  Үйіміздің ортасында үй жоқ, екі үй жапсарлас салынған. Бала күнінен оқуға құмар еді. Кітапты көп оқитын. Біздің үлкен аға-апаларымыз оқу бітіріп, жан-жаққа  кетті, кіші ағамыз Мейрамбай марқұм, одан кейінгі Сұлушаш апамыз,  Жарылғасын бәріміз бірге өстік. Мен ең кішкентайымын. Жарылғасынның  кластастары сайдың тасындай болатын. Бұлақбасында Балтабек Айнабаев, Ботан Мұнашев, Жамал Омарова, Бірінші май, Абай жағында тұратын Сағидолла Әшімов, Марат Кәкімов сияқты  кластастары болды.

Жарылғасын  жақсы оқыды, ылғи ударник, отличник болатын. Мен көбіне соларға ілесіп, бірге жүріп, араласқан боламын. Олардан кішкентаймын, мектеп жасындағы балаға бір-екі жастың айырмасы білініп тұрады ғой. Олар кейде маған үлкенсіп сөйлейді, мен көнбеймін, еркемін, қиянқымын. Олар қолдан альбом жасап, сурет салады. 24, 48 беттік қалың дәптерлерді бояйды, қарындашпен неше түрлі гүлдердің суреттерін салады, сосын өлең, әндердің мәтіндерін, бір жақсы афоризмдерді жазады.

Бірінің альбомын бірі көреді, оған қолтаңба қойып, бірінің альбомына бірі өлең жазып береді. Осындай қызық уақыт болатын. Оларға еліктеп мен де альбом жасағым келетін, бірақ менде суретшілік өнер жоқ, апайым Сұлушаш көмектесетін. Өздері және бас қосады, бас қосуларында әңгімелері оқыған кітаптарын, көрген киноларын айтады. Осының бәрі маған қызық. Сосын неше түрлі кітап әкеліп оқиды. Кітапханадан алады, бірінен-бірі алып оқиды, олардан қалмай тырмысып-жармасып мен де бір шетінен оқып жатамын. Осындай қызық болатын.

Бала болсақ та, үй шаруасына қолғабыс жасаймыз. Жазда ағаш кесіп, отын жару, қыста мал жайлау, құдықтан су әкелу үйреншікті іс болатын. Әлі есімде, Бұлақ құдығының суы мөп-мөлдір болып, ернеуіне дейін шүпілдеп толып тұратын, тіпті, бір құлаштай арқанмен ғана шелегіңді батырып ала беруге болатын. Күннің аптабында қыр астында асыр салып, жүгіріп жүріп көбелек қуып, малдың алдынан шығып, сиырды алып келеміз үйге, ауылдың балаларымен кезектесіп ауыл жылқысын бағатынбыз. Біздің ауылды Бұлақбасы дейді. Бұлақбасы – Біржан салдың жатқан жері.

Сол Бұлақбасында жылқыны кезекпен, далада, түнде бірге бағамыз. Сонда Жарылғасын, Жәнібек, Төлеген, Жексенбай, Айтеке, Ботан, Самат, тағы басқа балалар бәріміз бірге шығамыз. Сенің кезегің үшін, менің кезегім үшін деп, екі-үш үйдің балалары біріге кетеміз. Сөйтіп, кейде күнара, таң атқанша далада жылқы бағатынбыз. Жұлдызды аспан керемет еді! Менің «Бала күнгі жұлдыздар» деген өлеңім сол әсер, сол сағыныштан туған! Түнде от жағып, қоламтаға көміп жеген картоптың дәмі әлі ауыздан кетпейді!

Жаздың тағы бір қызығы – футбол командасын құрып, барлығымыз футболшы боламыз деп, ақ тер, көк тер болып, ертеден кешке дейін доп тебетінбіз.

Қыста шана, шаңғы, коньки теуіп, доптаяқ (хоккей) ойнаған кездер қандай керемет еді!  Міне6 осындай тәтті балалық шағымыз бірге өткен туған жеріміз қайда жүрсек те көңілге ыстық.

Жарылғасын Абай мектебін бітіретін кезде: «Мен Алматыға, КазГУ-ге журналистика факультетіне оқуға барамын!» деді. Өзі бала күнінде бірдеңелерді жазып жүретін. Жазуы әдемі. Жарылғасын  оқуға да, шаруасына да пысық деп мақтайтын Сұлушаш апайым. Ол әдемі жазуымен әңгіме, повесть жазып жүретін бала күнінде. Бір қызығы, мектепте оқып жүріп «Қазақстан пионері» газетіне хат жазады. Оған кейде редакциядан жауап хат келеді. Конверті бояулы, «Қазақстан пионері» деген әйдік жазуы бар. Бізге ол бір керемет көрінеді. Тіпті, оның кейбір әңгімелері газетке шығып жүрді. Әлі есімде, «Қасқыр тығылған» деген әңгімесі «Қазақстан пионері» газетіне шықты. Әлгіні қызық көреміз.

Сөйтіп, ол мектептің оныншы сыныбын бітіргеннен кейін Алматыға оқуға кетті, апасы ауылда қалды. Жарылғасын КазГУ-дің филология  факультетіне  1970 жылы  оқуға түсті. 1971 жылы мен де сол оқуға түстім. Енді Жарылғасын 2-курста оқиды, мен 1 курста оқимын. Оның курстастары сайдың тасындай ірі жігіттер. Шәймерден Дәуренов, достары Шахи дейтін, екеуміз кейін дос болдық. Жеті жас үлкен менен. Шымкенттің жігіті, өзі сатирик. Өлең де жазды, журналист болып үлкен қызметтер атқарды,  ерте қайтты марқұм. Төребай Омаров деген ағамыз болды, Қызылорданың жігіті еді, телевидениеде қызмет істеп жүріп, ерте қайтыс болды. Ахмет деген үлкендері болды. Ғылым докторы, профессор Жанғара Дәдебаев, оның әйелі, профессор, ғылым докторы Сәуле Жусанбаева, Бәйділхан, Жұмабай Қайранбаев, ғылым докторы Шамхан деген азаматтар болды.  Міне, осындай ығай-сығайлармен бірге оқыды. Ғылым докторы, профессор Құлбек Ергөбеков Жарылғасынмен жасы шамалас, жақын досы, бірге оқыды. Құлбекпен хикаяның өзі бір төбе. Осы мықтылардың барлығы курстағы ең жасы кіші Жарылғасынды Жареке – Жорж деп атап, ерекше сыйлайтын.

Жарылғасынның курсынан кейін әдебиетке бір талай ғалымдар келді.  Үлкен ұстаздар сабақ берді. Бейсенбай Кенжебаев, Тұрсынбек Кәкішев, Зейнолла Қабдолов және басқа да үлкен ғалымдардың дәрісін тыңдады. Міне, осындай мектептерден өткен Жарылғасын оқу бітіргенде, ғұлама-ұстаз Тұрсынбек Кәкішев ағамыз 4-5 баланы, ішінде Құлбек, Жанғара бар, барлығын қолдарынан ұстап алып барып, ғылым академиясына жұмысқа тұрғызды. Кейін олардың біразы жан-жаққа тарап кетті де, Жарылғасын сол ғылым академиясында ұзақ жылдар табан аудармастан отырды. Ғылым академиясының сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінде, көрнекті ғалым  Оразгүл Нұрмағамбетова апамыздың қарауында ғылыми қызметкер болып істеді және ол кісі Жарылғасынның еңбекқорлығын, ізденімпаздығын, ыждаһаттылығын өте жақсы бағалап, өзінің  бауырындай құрметпен қарады. Жарылғасын көп жылдары Мардан Байділдаев, Қабиболла Сыдиқов,

Серік Негимов сынды үлкен ғалымдармен жұмыс істеп, талай рет ауыз әдебиеті үлгілерін жинау үшін экспедицияға шықты, елеулі еңбек жасады. Ғылым академиясында тапжылмай қанша жыл қызмет істегенде бітірген ең үлкен жұмысы – «Қазақ қолжазбаларының ғылыми сипаттамасы» деген іргелі еңбектің авторларының бірі болды. Ол бірнеше том кітап, сонда ғылым академиясының қолжазба қорында жатқан еңбектерге сипаттама жазып, онда не бар, қайсы қай жерде жатыр, қандай қорда қандай жазба бар, соның бәрін екшеп, сүзіп шығып, былайша айтқанда, бәрін оқып, арабша жазылғаны бар, қадімше жазылғаны бар, төте жазылғаны бар, латынша жазылғаны бар, кириллицамен жазылғаны бар, барлық қолжазбаларды түгендеп, сараптап, сұрыптап, сипаттап жазған еңбек – бір төбе үлкен еңбек. Бұл әсіресе осы күнгі және келешек зерттеуші ғалымдарға таптырмайтын дүние.

Шынында да,  қаншама қағаз қолжазбаның, қаншама уақыттар бойы, жүздеген, тіпті екі жүздеген жылдар бойы жиналған дүниенің бәрінің қайсы қайда екенін табу оңай емес қой. Ал мына қолжазбалардың ғылыми сипаттамасын қарай қойса,  қайда не бар екенін тауып алуға жеңіл, ыңғайлы, зерттеу жұмысына қолайлы. Міне, бұл біздің Жарылғасын ағайымыздың аса бір үлкен еңбегі, ғылымға қосқан үлесі деп білеміз.  Жарылғасын Әбішев сонымен бірге қазақ батырлар жырларының, ғылыми жинақтардың, көптеген фольклорлық кітаптардың жауапты шығарушыларының, дайындаушыларының бірі. Сол еңбектердің ішінде аты-жөні жазулы тұр. Талай қолжазбаны дайындап шығарған адамдардың санатында Жарылғасынның да есімі бар, міне, бұл да үлкен еңбек. Кейіннен ғылым академиясынан кетіп, Халық шаруашылығы университетінде қазақ тілінен сабақ берді. Сол кезде қазақ тілінің бірнеше оқулықтарын жазды, сөйтіп ауыл шаруашылығының студенттеріне қазақ тілін оқыту ісіне үлкен үлес қосты. Бір қызығы, өзі осыншама еңбектер жасап, қаншама қолжазбаларды ақтарып, көріп, көзінің майын тамызып, қалам күшін жұмсап еңбек етіп жүріп, өзінің ғылыми дәрежесін уағында қорғамады, әлі күнге қорғамай келе жатыр. Тұрсынбек Кәкішев ағамыз айтатын: «Әй, шәкірттерімнің ішінде осы Жарылғасын ғана қорғамай қалды, баяғыда доктор болатын адам еді!» дейтін.

Шынында да, өзі ғылыми  диссертациясының тақырыбын бірнеше рет ауыстырды. Сол кезде жолы ашық, жеңіл  тақырыптар болды. Мысалы, қазақ әдебиетіндегі жұмысшы образы, не коммунист образы сияқты кеңестік, компартиялық идеологияға сай ыңғайлы тақырыптар. Ал, Жарылғасынның тақырыптары ауыр болды. Ауыз әдебиеті, оның ішінде қолжазбалар болды да, бірнеше жетекші ауысып, тақырып ауысып, ақыры кандидаттық диссертация да қорғамады ғой. Ал, оған татитын еңбегі жетіп артылады. Дегенмен университеттегі көп жылғы еңбегін ескеріп, сол университеттің доценті, профессоры деген атағын берді. Қазақ тілі мен әдебиетін зерттеуде жасаған еңбегі бір төбе болған ағамыз міне осылай аяңдап жетпіс деген жасқа да келіп қалды.

Жарылғасынның мінезі ашық, бауырмал. Зайыбы Күләш Алматы  облысының қызы, екеуі қол ұстасып келе жатыр, айналасына сыйлы, құрметті. Балалары өсіп, үй болып, қазір немере сүйіп отыр. Міне, осындай еңбекқор, адамгершілігі мол, абыройлы Алаш азаматының Бұлақ басынан басталған өмір жолы, еңбек жолы жақсылықпен жалғаса берсін дейміз!

      Баянғали Әлімжанов. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар