Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Дос жылатып айтады... - АРҚА АЖАРЫ

Дос жылатып айтады…

(Ерболат Баятұлының «Дүние. Ой. Сөз.» атты жаңа кітабы туралы)

Әдебиеттанушы ғалым, педагог, философия докторы Ерболат Баятұлының шығармашылығы әмәнда қызықтыратын. Терең білімді, теориялық дайындығы мол қаламгердің лирикалық өлеңдері де, шағын әңгіме, новелла, эсселері де парасатты, пайымды, ұстамды, ойлы болып келеді. Қай-қайсысынан да философиялық шешімдер, пікірлер, ұстанымдар ширығып алдыңнан шығады. Оқыған дүниеңді сол бойы ұмытып, тастай салмайсың. Ойға бөгіп отырып қаласың. «Стиль дегеніміз – жазушының өзі» деген тұжырым бұл ретте өзінің дәлдігіне тағы бір жүгінтеді. Ғалым қаламгердің жаңа кітабының өресі биік. Талғамды оқырманның әлі-ақ тұшынып оқып, оң бағасын береріне әбден сенімдіміз.

Кітапты осыншама қуатты етіп, деңгейін көтеріп, дәрежесін арттырып тұрған не? Алдымен, елең еткізіп, көңіліңді тоғайтып, шалқар қуаныш сыйлайтын автордың тіл байлығы, сөздік қоры! Оның қаламы еркін көсіледі, тілі тежеусіз шешіледі. Айтарын айта алмай кібіртіктеу, ойын түйіндей алмай шоқырақтау, айналсоқтау жоқ. Керісінше, кестелі тілмен көмкерілген сөйлемдерден қазақтың небір көне сөздерін, кейде өзің естімеген сүбелі сөз орамдарын жолықтырасың. «Сөзтаным» деген тақырыппен берген сөздердің мазмұны, мағынасы, шығу тегі, құралуы туралы анықтамалары  жазушының сөздік қорының молдығын шүбәсіз аңғартады. Оларды оқи отырып, бүгінгі сөз қолданысымыздан талай-талай атаулардың, керемет сөздердің шет қалғанын да көріп, алаңдайсың.

Тағы бір ұтқырлығы, қай шығармасының болмасын қысқа жазылуы. Бұл бүгінгі оқырман талабынан туындаған шешім болса керек. Қысқа ғана әңгіме-новеллалары бірден-ақ өзіне тартып, баурап алады да, тез оқылады. Бірақ, ол қысқалық әдемі суреттер, бейнелі образдардың тууына, оқиға желісінің өрбуіне бөгет болмаған. Керісінше, қат-қабат өмір белестері, қым-қиғаш тағдырлар көз алдыңнан өтеді. Жазушы шеберлігінің белгісі сол оқиғаларды өзің ішінде жүргендей сезініп, әр дәуірдің өз іс-әрекеті, әдет-ғұрпын кейіпкерлермен бірге кешесің. Ондай атмосфера туындату үшін қаламгердің сол  баяндау тәсіліне қаншалықты дайындықпен барғандығын да ұғыну қиын емес. Ол үлкен біліктілік пен ізденістің жемісі.

Ерболат Баятұлының кітапқа енген прозалық шығармаларынан оқырман Гете, Бальзак, Шопен, Шоқан, Мұхтар, Әлкей сияқты танымал тұлғалардың мінез-құлқын, кез болған құпия оқиғаларын біліп, оларға жақындай, оларды бұрынғыдан да тереңірек біле, жақын тарта түседі.

Ұстамды да сабырлы автор кейбір әңгімелерінде астарлы, құпиялау күлкі, сарказмді аса ұтқыр пайдаланады. Мұны «Мә саған, капитализм!», «Ірің көз», «Батагөй»,  тағы басқа әңгімелерден көруге болады. «Осының бәрі ала бұзаудың қырсығы!», «Бірақ, Халелдің осы отырысы бір аптаға жеткен жоқ» деген сияқты сөйлемдер еріксіз езу тарттырады.

Романтикалық, кейде философиялық сарындағы әңгімелер, тіпті, естелік ретінде өрілген дүниелер жанрлары әртүрлі болғанымен, автордың ортақ, қазақы да адами ұстанымынан туындап, көкірегіңді сағыныш пен шуаққа толтырады.

Өмірдің сәні, мазмұны, мағынасы туралы философиялық ой-түйіндері, қысқа байламдары да кімді болмасын бейжай қалдырмайды. Өйткені, өмірдің әртүрлі сәттерінде кезіккен қиындықтар, бала-шағасы, әріптестерімен қарым-қатынастағы, қоғамдағы болсын шешуі шытырмен жағдайлар туралы ойланбайтын адам жоқ.

Кітаптың келесі бір қызығы «Жапон суреттері» деп аталған новеллалар циклі. Арналы, бояулы, мақамды, ғаламат қазақы сөз саптау осы тұста жалт етіп, өзгешеленіп шыға келді. Жапондықтардың өздеріне ғана тән дүниетанымдары, көнеден келе жатқан, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріне сай автордың жазу стилі де басқа күйге енеді. Өмір енді солардың көзқарастарымен екшеленіп, шешімді солар қабылдайды. Бұл сізді жаңаша, басқаша ойлауға үйретеді.

Кітап мұқабасының безендірілуінде де сыр бар. «Дүние. Ой. Сөз.» деген атаудағы сөздер бірінің астына бірі жазылып, бас әріптер басқаша боялған. Сонда «Дос» деген сөз шығады. Кітапты оқымай тұрып, ол көргеніңнің қандай сыры барын түсіне қоймауың ықтимал. Ал, оқып болған соң сан тарау тақырыпты қозғаған, санаңда жүрген көптеген сұрақтарыңа жауап табар кітапқа кез болғаныңды, өзіңе жаңа бір дос тапқаныңды түйсінесің. Иә, алдамайтын, адал сөйлейтін, білім-білігі толыққан, көргені көп  шынайы дос! Кей тұсыңды оңдыртпай сынаса, оның да әбестігі жоқ. Дұшпанның күлдіріп, достың жылатып айтатыны бұрыннан белгілі емес пе? Қысқасы, «Достың» жөні бөлек, өресі биік шығарма.

Серік ЖЕТПІСҚАЛИЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар