Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жарқыра, балалардың Президенттік жаңа жыл шыршасы! - АРҚА АЖАРЫ

Жарқыра, балалардың Президенттік жаңа жыл шыршасы!

Көкшетау қаласындағы «Болашақ» сарайында Ақмола облысының балаларына арналған Қазақстан Республикасы Президентінің «Қош келдің, Жаңа жыл  –  жаңа белес, жаңа арман!» атты жаңа жылдық шыршасы болып өтті.  Мерекелік іс-шарада Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев балаларға бейне құттықтауын жолдап, жылы лебізін білдірді.

Ертеңгілікке қатысқан әр балаға Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан 100 мың теңге сомасында ақшалай сертификат, көркем кітаптар және тәтті сыйлықтар жинағы үлестірілді. Сонымен қатар, мереке барысында үздік жаңа жылдық костюм киген балаларға да естелік сыйлықтар мен сертификаттар табыс етілді. Салтанатты шараға Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, оқушы балаларға ақжарма тілегін жеткізді.

Жаңа жылдық мерекеге өңіріміздегі аз қамтылған және көпбалалы отбасыларынан шыққан және мүмкіндігі шектеулі балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар, сондай-ақ, оқуда озат, мектептің қоғамдық өміріне белсенді ат салысып, өнер мен спортта үздік нәтижелерге қол жеткізіп жүрген балғындарды қоса есептегенде,  барлығы 200 оқушы қатысты. Бірден айта кетуіміз керек, мерекелік іс-шараның өн бойы сиқырлы сұлулыққа толы болды. Әсіресе, театрландырылған көрініс арқылы оқушы балалар ертегі әлеміне қиял қанатында сапар шеккендей әсерге бөленді. Олар өздерінің сүйікті ертегі кейіпкерлерімен бірге қуанды, бірге би биледі, шаттыққа бөленіп, қуаныш құшағынан табылды. Мерекелік декорация, кейіпкерлердің костюмдері, көңілді ойындар, қызықты сценарий мерекелік шараның ажарын аша түсті. Осы орайда, осындай естен кетпес керемет мерекені ұйымдастырған Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары колледжі ұжымының еңбегін ерекше атап өткен ләзім. Осы бір сұлулық тұнған, қамқорлық пен жылылық ескен, болашаққа жетелейтін үкілі үміт пен кемелді келешекке жол бастайтын һәм ынталандыратын  тағылымды кеш ертеңгі күні әр баланың жүрегінде жатталып, бақытты  сәт болып  қалары даусыз. Әсіресе, ел Президентінің сыйлығын алу әрбір баланың жүрегінде естен кетпес естелік болары анық. Бұл – балаларды білімге жетелеп, арманына қанат бітіріп, еңбекке ынталандыратыны да сөзсіз. Жаңа жылдық мерекелік іс-шараның шымылдығы облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың бейне құттықтауымен ашылып, жиналған оқушы балалардың көңілін көкке өрлетіп, қуанышын еселей түсті.

– Құрметті балалар! Баршаңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мерекені әрбір бала асыға күтіп, ерекше көңіл-күймен қарсы алады. Себебі, жаңа жыл шаттық пен бақыт мерекесі. Ең қуанышты және тамаша мереке – Жаңа жылға аз ғана уақыт қалды. Оны балалармен қатар, үлкендер де асыға күтуде. Өйткені, жаңа жылда өмірдегі ең ғажап армандар орындалады.Биылғы жылды Мемлекет басшысы Балалар жылы деп жариялады. Қазақстан Республикасында жас ұрпақтың болашағы үшін барлық жағдайлар жасалуда. Ақмола облысында  тек биыл ғана бірнеше мектеп пен балабақша жаңадан салынды, жөндеу жүргізілгендері де көп. 500-ден артық үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді. 60 заманауи автобустар сатып алынды. Осы жылдан бастап үздік оқушылар қала сыртындағы «Сұңқар» сауықтыру орталығында демалып, сауығатын болады. Биылғы жылы біздің Ақмола облысының 100-ден астам оқушылары халықаралық, республикалық олимпиадалардың жүлдегері атанғаны бізді ерекше қуантады. Болашағымыз – сіздерсіздер! Мемлекет сіздердің кемелді келешектеріңіз үшін барлық жағдайды жасайды, – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Мереке соңында балалар Аяз ата мен Ақша қарға арнап дайындап келген тақпақтарын айтты. Үздік костюм киген оқушы балаларға арнайы сыйлықтар табыс етілді. Мерекелік шараның соңында балалар естелік суретке түсіп, шаттықпен тарқасты.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Рамиль ДУСУМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар