— Ақмола облысында 11 елді мекен, 4 ауылдық округ және 90 көшенің атауы өзгертіледі. Бұл туралы Ақмола облыстық ономастика комиссиясының кезекті отырысында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарт тілшісі.
Жиында Ақмола облысындағы кейбір елді мекендердің және құрамдас бөліктердің атауларын қайта атау бойынша 11 елді мекен, 4 ауылдық округ және 93 көшені қайта туралы барлығы 108 ұсыныс қаралды.
«Облыстық ономастика комиссия мүшелері 1 қала мен 8 ауданнан келген ұсыныстарды талқылап, 11 елді мекен, 4 ауылдық округ және 90 көшеге оң қорытынды берді. Яғни, облыстық ономастика комиссиясының оң қорытындысын алған қайта атау туралы ұсыныстар «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Заңының 12-бабы, 5-тармағы мен 14-бабы, 4-тармағына сәйкес аудандық өкiлдi және атқарушы органдарының, сонымен қатар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкімдерінің қарауына жолданды», — делінген ішкі саясат басқармасының хабарламасында.
Соынмен бірге комиссия отырысында Есіл ауданының 1 көшесі мен Жарқайың ауданының 2 көшесін «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 25-5-бабына сәйкес ономастика жұмысының критерийлері негізінде қайта атау туралы ұсыныстары қабылданбады.