Ағымдағы жылы Атбасар ауданында 17 инвестициялық жоба іске асырылуда. Аудан экономикасына құйылған мол қаржы шаруашылыққа да, өнеркәсіпке де соны серпін беріп, игіліктің бастау көзіне айналып отыр.
Топырағы құнарлы, ақтылы мал өсіріп, ақық дән аялауға әбден қолайлы жердегі аудан еңбеккерлері биылғы жылы қажырлы жұмыс істеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 71 миллиард теңгеге жетті. Осы орайда, диқандардың мол табысқа қол жеткізуіне егіншілік мәдениетін жетілдіру, жаңа технологияны батыл қолдану, маусымдық жұмыстарды тап-тұйнақтай етіп атқаруы себеп болып отырғандығын екпін түсіріп айта кетуге болады. Ауданда өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 22 миллиард теңге көлемінде. Осы арада бір айта кетерлігі, ағымдағы жыл ішінде аудан экономикасына 13,2 миллиард теңге инвестиция тартылды. Былтырғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда, 2,5 пайызға жоғары.
Ел игілігін молайтуға білек сыбана кіріскен аудан еңбеккерлері құрылыс жұмыстарын да қарқынды жүргізуде. Бұл тарапта барлық жұмысқа 6 миллиард 209 миллион теңге қаражат жұмсалды. Қазіргі күні 45 және 100 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Сөз арасында үстіміздегі жылы ауданның құрыш қолды құрылысшылары төрт мың шаршы метр жеке тұрғын үйді пайдалануға бергендігін де айта кетсек артықтығы болмас.
– «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы құны 647 миллион теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асырылуда, – дейді аудан әкімі Аманбек Қалжанов, – өзге шаруамен бірге бүгінгі күні өте өзекті мәселеге айналған қысқы жылу беру маусымына да тиянақты қамдандық. №1 және №3 аудандық қазандықтарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оған 248 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ, бюджет есебінен жалпы құны 321 миллион теңге болатын көмір сатылып алынды.
Аудандағы жылт еткен жаңалықтың ең алдымен бірліктің арқасында пайда болып отырғанын айта кетейік. Табиғаты тамылжыған өлкеге төрт түлік малдың басы өсіп келеді. Есепті кезең ішінде 5 мың тонна ет, 21 мың тонна сүт, 8 миллион дана жұмыртқа өндірілді. Аудан еңбеккерлері әсіресе, ауыл шаруашылығы ден қойып отыр. Биылғы күзгі орақта 465 мың тонна дәнді және бұршақты дақыл жиналды. Өндірілген өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 45 пайызға жоғары.
Жалпы құны 6,2 миллиард теңгені құрайтын инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Мұның жақсы жағы да бар. Осы жобалардың арқасында жиырмаға жуық тұрақты жұмыс орны ашылды. Алдағы уақытта сұлы жармасын дайындайтын азық-түлік фабрикасын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл жобаның қуаты 2,5 миллиард теңге. Жылына 14 мың тонна өнім шығара алады.
Ауданда шағын және орта бизнес те қарқын алып келе жатыр. Бұл да халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізетін жай.
Б.ҚАЙЫРЛИН.
Атбасар ауданы.