Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Облыста биыл 20 жаңа мектеп пайдалануға берілмекші - АРҚА АЖАРЫ

Облыста биыл 20 жаңа мектеп пайдалануға берілмекші

2023 жылы республика бойынша «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынады. Жоба аясында облыс бойынша 20 жаңа мектептің құрылысы басталмақ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Ботакөз Дүйсенова мәлімдеді

Жалпы, Ақмола облысының білім беру жүйесінде 1330  ұйым жұмыс істейді, онда 36 мыңнан астам адам қызмет атқарады, оның 22 мыңнан астамы педагог. Облыстың білім саласындағы бюджеті биыл 164,4 милилард теңгені құрады.

Өз сөзін спикер мектепке дейінгі тәрбие және оқыту саласындағы оң өзгерістер туралы баяндаудан бастады. Бүгінгі күні облыс төңірегінде 602 мектепке дейінгі ұйым, оның ішінде 258 балабақша, 344 шағын орталық жұмыс істейді. Биыл облыстың мектепке дейінгі ұйымдарында 1240 жаңа орын құру жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда 1115 орындық 14 мектепке дейінгі ұйым ашылып, 16 балабақша 348 орынға кеңейтілді, 8 балабақша бөбекжайға ауыстырылды. Барлығы 1463 жаңа орын құрылды.

–1706 орындық 7 балабақшаның құрылысы жалғасып жатыр. Олар Целиноград ауданының Қоянды және Қараөткел ауылдарында 280 орындық, Шортанды ауданының Төңкеріс ауылында 140 орындық, Қосшы қаласында 280 орындық, Көкшетау қаласы маңындағы Краснояр ауылындағы Нұрлыкөш ауылында 280 орындық, Көкшетау қаласының Көктем шағын ауданында 166 орындық шағын мобильді топтарға арналған балабақша, Сарыарқа шағын ауданында сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға арналған 280 орындық балабақша, –  деп қосты Батокөз Дүйсенова.

Орта білім бағытына келер болсақ, облыстың 542 мектебінде 135 мыңнан астам оқушы оқиды. Орта білім беру жүйесінде 1291 оқушыны қамтитын дарынды балаларға арналған 5 мамандандырылған мектеп-интернаты жұмыс істейді.

–Жалпы білім беретін мектептерде 16 мыңнан астам  педагог жұмыс істейді. Жоғары білімі бар педагогтар – 13699 (85,4 пайыз), техникалық және кәсіптік – 2340 (14,5 пайыз). Педагогтердің 10373 немесе 65 пайызы жаңа жүйе бойынша аттестаттаудан өтті және 56 педагог-шебер, 2401 педагог-зерттеуші, 4256 педагог-сарапшы, 3660 педагог-модератор біліктілік санатына ие, – деп толықтырды Ботакөз Балапайқызы.

Бүгінгі күннің өзекті тақырыбына айналған үш ауысымды оқыту және білім беру орындарының тапшылығы мәселесін шешу үшін 15 орта білім беру нысандарының құрылысы жүргізіліп жатыр. Осы  жылдың 1 қыркүйегінде Қосшы қаласында 1200 орындық ІТ мектебі пайдалануға берілді, Көкшетау қаласында 100 орындық жеке мектеп ашылды.

Ұлттық жобаға сәйкес биыл ауыл мектептерін жаңарту жұмыстары жалғастырылды. Биылғы жылы бюджет қаражатынан 94 мектепте жөндеу жұмыстарын жүргізуге, жаңа модификация кабинеттерін сатып алуға, мектеп жиһаздарын жаңартуға, көркем әдебиеттерді сатып алуға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 1,8 миллиард теңге бөлінген екен. Жалпы, биыл 11 мектепте күрделі жөндеу жүргізуге 1,6 миллиард теңге бөлінді.

Білім беру жүйесін цифрландыру жұмыстары да қарқынды  жалғасуда. Бүгінгі таңда облыс мектептерінде 45 мыңнан астам компьютерлік техника бар. Сондай-ақ, республикада «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленіп, бекітілді. Жобаны іске асыру 2023 жылы басталады.

Ақмола облысы бойынша ұлттық жоба аясында Көкшетау, Қосшы, Щучинск қалалары мен Аршалы, Целиноград және Шортанды аудандарында екі ауысымда оқыту кезінде 26,5 мың орындық 20 мектеп салу жоспарланып отыр. Мектептің барлық үй жайлары мен жиһаздары ыңғайлы, қауіпсіз және тиімді оқыту процесін ұйымдастыру үшін білім алушылар мен педагогтердің оқу-тәрбие қажеттіліктеріне жауап беретін талаптарға сәйкес ұйымдастырылады және жабдықталады деп сендірді облыстық білім басқармасы.

Камила ӘБДЕЛМАНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар