Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көне де көрікті Көкшетау - АРҚА АЖАРЫ

Көне де көрікті Көкшетау

Қазақтың тарихы мен мәдениетінде Көкшетау елі мен жерінің алатын орны ерекше. Табиғаты өзгеше осынау аймақ айналасына сонау ерте кезден-ақ белгілі. «Киелі Көкше жері», «Жер шоқтығы Көкшетау», «Арқаның кербез сұлу Көкшетауы»  –  таңғажайып еліміздің қосарлы атаулары. Аймақ орталығында атақты Көкшетау тауы орналасқан. Ертеден келе жатқан тарихи өлкенің «Көкше» атауы  Қазақ даласының керемет әсемдігінің белгісі болып келген.

Бүгінгі Қазақстанның табиғи бренді. Көкшетау таулары,аты аңызға айналған Оқжетпес пен Жұмбақтас,ЖетісудағыАлатау, солтүстік Тян-Шан мен Көлсай, Керекудегі берекелі Баянауыл, Сарыарқадағы киелі Ұлытау, оңтүстіктегі айбынды Түркістан,батыстағы жұмбақты Маңғыстау, шығыстағы Алтайменен қатар,еліміздің ірі туристік кластерлерінің бірінежатады.Көп қырлы «Көкшетау» ұғымы ұлттық топонимі, гидронимі, оронимдер, фитонимдер, тіпті жеке есімдерді де біріктіреді.

Көкшетау таулары Қазақстандағы ең көне таулардың бірі екені белгілі. Бір шақырымға жуық жоғарыға ұмтылған Көкшенің ең биік шоқысының құрметіне тарихи өлкеге Көкшетау атауы берілді. Көкшетау қаласының маңынан, яғни, аймақ аумағынантабылған ежелгі жыныстардың ең үлкен блогы «Көкшетау антиклинорийі»деген атау алды. Олардың жасы халықаралық сарапшылардың пікірінше  2,5 миллиард жылға жуық!

Бірнеше жыл бұрын Ұлытауда болған «Абылай ханның қара жолы» экспедициясының басқа мүшелері сияқты, осы жолдардың авторына Кетбұға жырау туралы кітап сыйға тартылған болатын. Кітаптың кіріспесінде және «Бабадан қалған асыл сөз» алғы сөзінде ортағасырлық Еуразияның кеңістігінде мекен еткен Ұлы Дала өркениетінің түркі ұрпақтарына арналған«Сақ болғын, ұрпағым, сақ болғын!» шығармасы ұсынылған. Кетбұға жырау (1185-1260) шығармасының ерекшелігі «Көкшетау» сөзінен басталуында!

«Көкшетауды селдер жуса, көркі кетер, сақ болғын,

Көсемдерің елді алдаса, көш бұзылар, сақ болғын…

Ынтымақсыз болған елден ырыс кетер, сақ болғын.

Бірлігі жоқ Алашымнан Қыдыр кетер, сақ болғын…»

Бұл шығармада ортағасырлық автор Ұлы Дала Елінің болашағын өзінше түсіндіреді және ұрпақтарын адамзат тарихының ағымынансақ болуға шақырады.

Осылайша XVIII ғасырда тарихи Көкшетау Абылайдың хан ордасына айналады (1711-1781). Хан ордасы – Көкшетау.Дәл осы жерде ұлы қолбасшы шығыстан шабуылдаған басқыншыларға тойтарыс беру үшін қазақтың басын қосып, ұлтымызды ешкімге бодан қылмай, азат етті.Жас болғанымен аты шығып үлгергенАбылай сұлтан Қазақ хандығының солтүстік өңірін басқару үшін Көкшетауға келеді.

Қалыптасқан жаңа геосаяси жағдайда Кіші жүз ресейлік бодандықшартына қол қойғаннан кейін солтүстік және шығыс шекараларды нығайту өткір мәселелердің бірі болды. Белгілі ғалым Зарқын Тайшыбайдың пікірінше, әкімшілік-аумақтық реформалар жүргізу және Қазақ мемлекетінің шекарасын нығайту мақсатында Сәмеке хан Тәуке ханның саясатын жалғастыра отырып, 1733 жылы жаңа әкімшілік аймақтар құрады. Көкшетау өңірін басқаруға Абылай сұлтан тағайындалады, оның немере ағасы Сұлтанмұхаммед Керекуге, ал, Абылайдың шөбере ағасы Құдайменді Қостанай-Тобыл бағытына жіберіледі. Осылайша тағайындалған жас сұлтандар, қазіргі тілмен айтқанда, әкімдер өңірлерді басқаруға кіріседі. Көп ұзамай Абылай Орта жүздің, кейін бүкіл Қазақ хандығының билеушісіне айналады.

Ханның шын есімі – Абылай Мұхаммед Баһадүр сұлтан. Әбілмансұр есімі жазба деректерде кездеспейді. Бұл Абылайдың соғыс кезінде қарсыластарытарапынан берген лақап аты. «Әбіл-әл-Мансұр!» араб тілінен қазақ тіліне аударғанда «Жеңімпаз!» дегенді білдіреді. Бұл Абылайдың мен қазақ әскерлерінің жоңғарларға және Қытай Цин империясына қарсы әскери жорықтардағы жеңістерімен расталады. Ханға жас кезінде бекітілген тағы бір лақап аты«Сабалаққа»келетін болсақ, моңғол тілінде «Сабалах» жауынгер, батыр дегенді білдіреді. Жас сұлтан бұл құрметті есімді өз кезегінде батыс моңғолдары болған жоңғар қарсыластарынан алған болатын.  (З.Тайшыбай. «Абылай атын ардақтап».

Оқу құралы. П., 2014 ж.).«Батыр» әскери атағы ұрыстағы жеке ерлігі үшін және әскери іс-қимылдарды шебер басқарғаны үшін берілгені белгілі. Абылайдың күрделі балалық шағы туралы қалыптасқан пікірге қарамастан, атақты ғалым Зарқын Тайшыбаймен кездескенімде, ол болашақ билеушінің ақсүйектер ортасында, туыстарының қолында тәрбиеленгенін, жақсы білім алғанын, әскери өнерді және болашақ көшбасшыға қажетті басқа да дағдыларды жетік меңгергенін айтты.

Профессор Қадыржан Әбуевтің «Абылай хан. Замандастары мен мұрагерлері»монографиясында хан туралы өте дәл жазылған: «Абылай хан қазақ тарихының айтулы тұлғасы, сондықтан, тарихшылардың әрбір жаңа ұрпағы оның тұлғасына жүгініп, қайта-қайта өмірдің жаңа сын-тегеуріндеріне жауап іздейтін болады және нәтижесінде табады. Абылай ханның мемлекеттік қызметі және оның дәуіріне қатысты Қазақстан тарихының бірқатар мәселелері жеткілікті зерттелмеген».

2012 жылдан бастап біз «Хан ордасы – Көкшетау» тақырыбын ғылыми- зерттеумен айналысудамыз. Хан ордасының тарихи Көкшетауда жатқандығын XVIII-ХІХ ғасырлардағы мұрағаттық деректер дәлелдейді. 2013 жылы осы жолдардың авторы өз зерттеуі барысында Абылайдың хан ордасы кешенінің орналасқан жерін, бүгінгі күнге дейін сақталған іргетасын анықтады. Бұл тарихи дерек көрнекті ғалым ӘлкейМарғұланның Көкшетау облысының сол кездегі басшысы Еркін Әуелбековке Сырымбет кешені жайында жазған ресми хатында Абылайдың бас ордасы –«Ханның Қызыл үйі» атауымен кездескен болатын. Бұл мұрағаттық құжат зерттеудің дұрыстығын тағы да растай түсті. 2017 жылғы «Рухани қазына» бағдарламасы аясындағы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты республикалық конференцияда осы жолдар авторының баяндамасын К.Ақышев атындағыАрхеология институтының директоры М.Хабдулина қолдады. Ол болашақ ғылыми жаңалықтың маңыздылығын атап өтті.Осы  «Хан ордасы – Көкшетау» жобасын іске асыру үшін мемлекет тарапынан да, демеушілер тарапынан да қаржылық қолдау қажет.

ХVІІІ ғасыр деректерінде «Абылай ханның қара жолы», «Хан жолы» ұғымы кездеседі, бұл дегеніміз солтүстік өңірді Қазақстанның оңтүстігімен байланыстыратын «Көкшетау – Ұлытау – Түркістан»сауда және керуен жолы.Егер семантика туралы айтатын болсақ, ғалымдардың пікірінше, қазақтарда қара түс көптеген мағыналарға ие, оның ішінде қасиетті, киелі деген ұғымдарды да қамтиды. Бейнелеп айтқанда, бұл жол Көкшетаудан Түркістанға дейінгі «Абылайдың киелі жолын» білдіреді. Елдіжарты ғасыр бойы басқаруы барысында Абылай хан негізгі ғұмырын Көкшетауда немесе оның атақты шөбересі, даңқты ғалым Шоқан Уәлиханов жазғандай, «Сүйікті Көкшетауда!»өткізген. Мұнда Абылай хан құрылтайлар, халықаралық кездесулер, қазақ мемлекетін, шекарасын сақтау үшін әскери жиындар өткізген. Оның көптеген ұрпақтары Көкшедеөмір сүрген және өмір сүреді.Ұлы ханның халықаралық саяси сахнаданкетуіне байланысты Қазақстан мен Орталық Азия тарихында «Абылайдың алтын ғасыры» деген атпен белгілі дәуір де қалыптасты.

Әлемдік тарихта ХІХ ғасырдағы отаршылдыққа қарсы ең ірі соғыстардың бірі Абылай хан ұрпағы – Кенесарының есімімен тікелей байланысты.  Қазақтың тұңғыш«Алаш» саяси партиясының көшбасшысы Әлихан Бөкейхан, қазақтың соңғы ханы Кенесарыға мынадай жолдар арнады: «Жылдар өте ұмыт боп көне сарын, Даңқымды жұтты бүгін неге сағым?! Даланың еркін жортқан көк бөрісі, мерт болды Кенесарым… Алайда6 оның рухы тірі мәңгі, Елім деп еңіреген мұңы қалды. Еркіндік сүйіп өскен қазағымның, Темірқазығы болып ол тұрып алды…» (орысшадан қазақ тіліне аударған Мерген Тоқсанбай).Көкше-Бурабайда халық арасындабелгілі «Кенесары үңгірі»  бар. Бұл үңгірдің ежелгі атауы «Көкшетау үңгірі».

ХІХ ғасырдан қазіргі ғасырға қайта оралсақ, ХХ ғасыр бірнеше әкімшілік-аумақтық реформалар ғасыры болды. Көкшетау өңірінің аумағы Қазақстанның басқа облыстары сияқты ондаған рет қайта құрылды, атаулары ғана емес, шекаралары да өзгерді. Жалпы, Көкшетау тарихи-географиялық аймағы бертінге дейін өз шекарасы шегінде қалды, оның аумағында кезінде Көкшетау облысы өркендеді. Тарихта бұл жарты ғасырлық кезеңді қамтиды. Оған дейін 1868-1928 жылдары Көкшетау уезі деп аталатын әкімшілік-аумақтық бірлік, оның алдында 1824-1868 жылдары Көкшетау дуаны болды. Көкшетау өз қасиетімен Қазақ хандығы, Ұлы Түркі өркениеті дәуірінде де Көкшетау болғанына көне тарихтың сан тарау жылнамасы дәлел.

Осындайда қисынды сұрақ туындайды, неге Көкшетау облысын қалпына келтірмеске?! Көкшетаудың тарихи-географиялық аймағы ежелден бері белгілі. Облыс мәртебесіне ие болған қасиетті Түркістан сияқты әділеттілікті қалпына келтірсек жеткілікті. Шынында да, ХХ ғасырда елу бес жыл бойы Көкшетау аттас облыс болды.Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТоқаевтыңҰлытау және Жетісу өңірлеріне жаңа мәртебе беру жөніндегі әкімшілік реформаларына байланыстыменің айтқым келетіні, ежелгі Көкшетау өңірін жаңғырту мәселесі де өзекті болып табылады.

Бибігүл БЕЙСЕНБАЙҚЫЗЫ,
Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің
аға ғылыми қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар