Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ерте қамданғанның есесі кетпейді - АРҚА АЖАРЫ

Ерте қамданғанның есесі кетпейді

Көктем біздің өңірге еріген  қар суымен сай-саланы мелтектетіп, ауыл-аймақты абыржытып, тасқын қаупін төндіріп  келеді. Биыл аймақ жауапты кезеңге ерте қамданбақ.  

Қызыл суға қапысыз қамдануға себеп те бар. Соңғы жылдары өңір тасқын судың тақсыретін тартумен келеді. Биыл да қар мол. Оның үстіне ауа райын күні бұрын болжап та болмайды. Ертеректе құбылмалы кезеңді «түске дейін мейіз, түстен кейін киіз» деп бейнелеп айтқанымен, ежелден қалыптасқан тепе-теңдік, ауа райының мінезі сәл өзгерген. Ақпанның ақырған аязынан кейін сылбырап жауын да жауа салуы мүмкін. Күн күрт жылынып, қасат қар еріп кетпесе де, даланың маңдайы тершіп, бусана жіпсіп жататын кезі аз емес. Ал, көктемнің ерте әлде кеш келерін ешкім тап басып айта алмайды. Сондықтан, қаупі көп қатерлі кезең қарбаластырып, екі аяқты бір етікке тықпауы үшін ертерек алдын алған абзал.

–Күні бұрын сараптамалар жасап, зерттеу жүргізген кезімізде өңірде су басу қаупі бар 128 елді мекен назарға алынып отыр, – дейді төтенше жағдайлар департаментінің төтенше жағдайларды алдын алу басқармасының бастығы Еркен Берлібеков, – таяуда жоспардан тыс отырыс өткізіп, су тасқынына дайын болу мәселесі егжей-тегжейлі талданды. Жұмыс барысындағы жекелеген кейбір кемшіліктер мен орын алып отырған олқылықтар да назардан тыс қалған жоқ.

Облыста 2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасын жүзеге асыру бойынша бірқатар шаралар қолға алынған. Өңірде жалпы құны 23,8 миллиард теңге болатын 8 Жол картасын жүзеге асыру жоспарлануда. Оның ішінде Атбасар қаласын жиектей өтетін, жыл сайын ерте көктемде арнасынан аса тасып, жергілікті халықты әбден әбігерге салатын Жабай өзенінің арнасын биіктетіп, нығайту көзделуде. Әрі қызыл су іркілмей ағып өтуі үшін өзен түбін тереңдете, жылдар бойы жинақталып қалған лайдан аршу да жоспарлануда. Жыланды мен Жабай өзендерінің түйіскен жеріне де айрықша назар аудару қажет. Қос арнадан лықсып келген мол су өзен аңғарының төмендеу жерін жырып, Атбасар қаласына қауіп төндіреді. Осы аудандағы Садовый елді мекенінің маңынан өзен аңғарына биік, берік етіп қорғаныс бекетін салу көзделген. Егер өзеннің тарылған арнасын кеңейтіп, еріген қар суының еркін өтуіне тиісті жағдай жасалмаса, бөгеттің де қауқары шамалы болмақ. Биыл осы мәселе мықтап ескерілетін сыңайлы.  Борисовка ауылының маңындағы Жабай өзенінің аңғары биіктетілмек. Дәл осындай жұмыс Целиноград ауданының Оразақ ауылында да қолға алынбақшы. Бұл жерде де әр жыл сайын қызыл суға байланысты қауіп туындайды. Уақытты ұтымды пайдаланып, Нұра өзенінің жағалауын биіктетіп, арнасын мүмкіндігінше  тереңдеткен ләзім. Зеренді ауданының Шағалалы ауылының іргесін жалап өтетін Шағалалы өзені де қар суы мол болған жылдары мінез көрсететіні бар. Оның себебі, өзен арнасының тарылып, астына қоқыс жиналуы. Сең жүрген кезде тар арналар бітеліп, бөгесін болады.  Сандықтау ауданындағы Балкашин ауылының іргесін көктей өтетін Жабай өзенінің жатаған арнасы да қызыл суға ие бола алмайды. Нәтижесінде тасқынның тақсыретін талай тартқан жергілікті жұрт «аузы күйген үрлеп ішеді» дегендей биыл да алаңдаулы. Астрахан ауданының Колутон станциясының бойында да жыл сайын қызыл су қаупі туындайды.

Күні бұрын жоспарланған 8 шараның жетеуі бойынша жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Бір жақсысы, Атбасар қаласына су тасқыны қаупі бар аймақтардан тұрғындарды көшіру үшін 200 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Құрылыс жұмысына 4 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Осылайша, әр жыл сайын қызыл судан қауіптеніп, ауыл-аймақты суға алдырғанша, өткір мәселе біржола шешімін тапқаны әбден дұрыс.

–Үстіміздегі жылдың ақпан айында су көздері мен қолат-қайнаудағы, тіпті жазық жерлердегі қар көлемін болжау жұмыстары жүргізілді, – дейді басқарма басшысы, – қызыл судың қаупін тап басып біліп отырғанымыз артықтық етпейді. Мұндай болжамды наурыз туа мықтап қолға алып, қызыл су жүре бастаған кезде апта сайын өткіземіз.

Өңірдегі ең басты мәселе, гидротехникалық құрылғылардың әбден тозығы жеткендігі. Бұл мәселе қаншама уақыттан беріп айтылып келе жатса да, әлі күнге дейін оңынан шешілген жоқ. Мәселен, облыстағы барлық құрылғылар отыз жылдан астам уақыт бойы үздіксіз жұмыс істегендіктен, әбден тозығы жеткен. «Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, көктемгі қар суының сынағы сұрапыл болса, төтеп беруі де неғайбыл. Мамандардың есептеуіне қарағанда, 70 пайызының тозығы жеткен.

–Жан-жақты тексерулердің нәтижесі бойынша 3 гидротехникалық құрылғының апатты жағдайда екені белгілі болып отыр. Атап айтқанда, Бұланды ауданындағы «Иванковская», Шортанды ауданындағы «Негізгі», Бурабай ауданындағы «Веденовка» бөгеттері. Оған қоса, 18 құрылғының қанағаттанғысыз  екендігін айта кететін болсақ, жағдайдың қаншалықты күрделі екендігі көрініп тұр. Бұл орайда, Аршалы ауданындағы «Анаркөл», Астрахан ауданындағы «Қызыл жұлдыз», Бұланды ауданындағы «Прохоров-Колоколовская» бөгеттерінің жағдайы тіпті ауыр, – дейді Еркен Көшпайұлы.

Қазіргі күні осы кемшіліктерді жою жұмыстары ішінара қолға алынған. Мәселен, «Иванковская» бөгеті іс жүзінде толығымен босатылып, су бұру каналы жабдықталуда. «Негізгі» бөгеті бойынша ауданың бюджетінен 40 миллион теңгеге жуық қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Міне, осындай қадау-қадау іс қолға алынғанымен, тұтастай алғанда әлі де қауіп аз емес.

«Ерте қамданғанның есесі кетпейді» делінгенімен, жыл сайын бюджеттен қыруар ақша бөлінетін осы шаруаның біржола тап-тұйнақтай аяқталмайтындығы қайран қалдырады. Бағытталған мол қаражатқа ендігі өзен аңғарын қопсыған топырақпен емес, қорғасынмен құйып тастайтын уақыт болды. Бірақ, амал нешік?! Жылда сол баяғы биіктеу, тереңдету,  бөгет салу…

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар