Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің М.Ғабдуллин атындағы Көкшетау азаматтық қорғау академиясына оқуға түсу – мектеп бітірген әрбір жас үшін зор мәртебе.
Өкінішке орай, кейде өз облысымыз, өз қаламыздың жастары тап іргелерінде мұндай жоғары білікті оқу орнының барын білмей қалып жатады. Сондықтан, оларға осыны жеткізіп, болашақ өмірлеріне сеп болу баршамыздың да міндетіміз. Міне, жуырда осы мақсатта №1 мемлекеттік өрт сөндіру бөлімінің басшылығы мен аға инженерлері 2023 оқу жылында осы академияға оқуға түсу жөнінде болашақ абитуриенттер арасында үгіт-түсінік жұмыстарын жүргізді.
Осы жұмыстардың барысында Көкшетау қаласының №1 мектеп-гимназиясының оқушыларына Қазақстандағы Төтенше жағдайлар саласында білікті маман кадрлар даярлау туралы айтып жеткізілді. Оны Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің осы саладағы жалғыз арнаулы жоғары оқу орны – М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау Академиясы жүзеге асырады. Академия «өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша төтенше жағдайлар органдары мен бөлімшелерінде қызмет ету үшін әртүрлі сипаттағы төтенше жағдайларда өздеріне жүктелген міндеттерді ойдағыдай шешуге қабілеті жоғары, моральдық және іскерлік қасиеттерге ие жоғары білімді білікті офицерлерді даярлайды.
Іс-шара барысында Мәлік Ғабдуллин атындағы Көкшетау азаматтық қорғау академиясына оқуға түсу тақырыбындағы үгіт-насихат буклеттері таратылды. Осындай жұмыстармен 50 жасөспірім қамтылды. Осы бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасын табады.
Н.ЖАҚСЫБАЕВ,
Көкшетау қаласы 1-МӨСБ бастығының орынбасары,
азаматтық қорғау капитаны.