Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде спортты дамытуға зор көңіл бөлініп келеді. Өйткені, мұнда дене тәрбиесінің студент жастардың денсаулығын шыңдауға олардың мінез-құлқын қалыптастыруға зор ықпалы барын жақсы түсінеді. Ал, спорттық жеңістердің жалғыз жастардың емес, бүкіл оқу орны ұжымының абырой-беделін арттыратыны өз алдына бір мерей.
Университет басшылығы өз спортшыларын үнемі қолдап, жаңа жетістіктерге құлшындырып отырады. Жуырда университет түлегі Дина Жоламан өзі оқып бітірген оқу орнының қабырғасында болып кетті. Сөйтіп, студент жастарға бокстан әлем чемпионы, Қазақстан біріншілігінің тоғыз мәрте жеңімпазымен қауышу бақыты бұйырды. Бұл іс-шараға «Аманат» партиясының Ақмола облысы бойынша филиалының төрайымы Айна Мысырәлімова қатысты. Атақты спортшыны көпшілікке таныстыра келе, университет ректоры Сағынтай Елубаев оның еңбекқорлығын, ерік-жігерінің молдығын, мақсаткерлігі мен еліне, Отанына деген сүйіспеншілігін ерекше атап өтті. Сондай-ақ, ректор Дина Жоламанның өзінің спорттағы жоғары жетістіктерімен бүкіл университеттің, одан қалды, Ақмола өңірі мен еліміздің мақтанышы болып табылатындығын, есімінің әлемдік спорт тарихына енгендігін қуана жеткізді. Сонымен бірге, Сағынтай Зекенұлы университетте дене шынықтыру мен спорт жастар арасында жылдан-жылға кең қанат жайып келе жатқандығына тоқталды.
Жоғары оқу орнының басшылығы студент жастардың шығармашылық, рухани және дене тәрбиесі жағынан дамуы үшін барлық қолайлы жағдайларды жасауға ұмтылуда. Бұл үшін университетте Студенттер сарайы мен спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Мұның өзі университетте оқитын жастардың спортқа, өзін-өзі дамытуға деген ынта-ықыластарын одан әрі арттыра түсетіндігіне сөз жоқ. Бұл еңселі ғимараттарда спорттың 18 түрімен шұғылдануға барлық жағдайлар туғызылып, халықаралық деңгейдегі болашақ чемпиондардың өсіп-жетілулеріне күш салынатын болады.
Осы шаралардың бәрі университет басшылығының өздерінде білім алып жатқан болашақ мамандарға, олардың интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетін арттыруға ерекше қамқорлықпен қарап отырғандығының айғағы. Студент жастар да өз кезегінде оқу орны тарапынан көрсетіліп келе жатқан бұл қамқорлыққа сапалы білім, саналы тәрбиемен, қоғамдық өмірдегі белсенділіктерімен және спорттық аренадағы жаңа жеңістерімен жауап беруге күш салуда.
Жоғарыда айтылған спортқа деген зор құштарлық пен ықыластың айғағындай, 2023 жылдың 12 қаңтары мен 22 қаңтары арасында Америка Құрама Штаттарының Лейк-Плэсид қаласында өткен қысқы студенттік Универсиадада Қазақстан құрама командасының сапында осы университеттен бес студент табысты өнер көрсетті. Атап айтқанда, биатлоншылар Бекентай Тұрлыбеков алтыннан, Александр Мухин күмістен алқа тақса, Әли Қасенов хоккейден еліміздің ерлер құрама командасы сапында қола медальдің иесі атанды. Ол сонымен бірге, қарсыластар қақпасына бірнеше гол соғып, өзінің болашағы зор екендігін де дәлелдеді. Сондай-ақ, Полина Егорова, Алина Скрипкина да биатлоншы қыздар құрамасы сапында табысты өнерлерімен көзге түсті. Жалпы, ақмолалық спортшылардың да арқасында Қазақстан құрамасы осынау қысқы Универсиадада үш алтын, төрт күміс және төрт қола медальмен 11-інші орыннан көрінді. Бұл 11 медаль және 11-інші орын біздің ел құрамасы үшін осындай жарыстардағы өзі қол жеткізген жақсы нәтижелердің бірі болып саналады.
Бір сөзбен айтқанда, бәрі де Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің студенттері болып табылатын бес ұл-қызымыз да осы байрақты бәсекедегі Қазақстан құрамасының жеңістеріне өздерінің лайықты үлестерін қосқандығы анық. Бұл жетістіктер университеттің өзге студент жастарына да үлкен үлгі-өнеге бола түсетіні және оқу орны тарихына ірі әріптермен жазылатындығы даусыз. Демек, мұның өзі алдағы уақыттада аталмыш университет қабырғасынан республика, облыс намысын абыроймен қорғайтын спортшылар шыға береді деген сөз!
А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің баспасөз орталығы.