– 19 ақпанда қазақстандық және шетелдік əуесқойлар «Бурабай» ұлттық саябағына жиналып, Жұмбақтастың жанында, қалың мұз қатқан айдын бетінде экстремалды жарысқа қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«BURABAY ICE 2023» жарысы нағыз trail running жанкүйерлерінің басын қосады. ҚР Президентінің Іс Басқармасына қарасты «Бурабай-Даму» ЖШС, «Экстремалды Атлетика» қоғамдық бірлестігі және «Rebel Running» ЖК бірлесіп арқаның қатал қысына, ызғарлы желіне жəне кристал мұзына қарсы тұратындарға осындай ерекше сынақ дайындап отыр.
«Қыс мезгілінде көлдің мұзайдынында бұқаралық спорт жарысын өткізу елімізде бұрын-соңды болып көрген емес. Біз алғаш рет қолға алып отырмыз. Табиғаты әсем Бурабай өңірінде, аты аңызға айналған Жұмбақтастың жанындағы экстермалды сайыс өте қызықты өтеді деген сеніміміз мол. Әрине, әуесқой спортшылар үшін бұл сынақ оңайға түспейді. Дегенмен, осындай сынақ адамның ерік-жігерін шыңдауға да көмектеседі.
«Бурабай-Даму» серіктестігінің мақсаты – осындай іс-шаралар арқылы өңірдің әсем табиғатын жұртшылыққа насихаттай отырып, туристердің қызығушылығын арттыру, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау. Біздің компанияның құрылғанына биыл 8 жыл толады, сол себепті биыл осындай іс-шаралар көбірек өткізіледі», — дейді «Бурабай-Даму» ЖШС бас директорының орынбасары Қасымжан Кенжешов.
Жарыс бірнеше қашықтықта өтеді: 7 км, 14 км жəне 21,1 км жүгіру немесе 7 км скандинавиялық жүріс. Бұл жарысқа кез келген жастағы спортшылар мен жастар қатыса алады. Бүгінге дейін 200-ден астам спортшы тіркелді. Олардың арасында АҚШ, Канада, Африка, Еуропа елдерінің, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия спортшылары, сондай-ақ Қазақстанның барлық облыстарының спортшылары бар. Тіркеу әлі жалғасып жатыр.
Айта кетейік, жарыс 19 ақпан күні сағат 10:00-де Бурабай көліндегі қайық станциясында басталады. Мәреге жеткен спортшылардың қай-қайсысы да жүлдесіз қалмай, барлығы марапатталады.