Ақпаратқа сәйкес, тыйым Jusan Bank акцияларының 78,23 пайызына иелік ететін First Heartland Securitiesтің 131,3 млн дана қарапайым және артықшылыққа ие акцияларға салынды. Шешімді Алматының аудандық соты 15 ақпанда шығарған, бірақ ол тек 21 ақпанда жарияланып отыр.
Кейбір мамандар, банк акцияларының сатылуы Jusan Bank- тың тұрақтылығына әсер етпейтінін атап өтеді. Банктің акциялары банктің өзіне емес, басқа компаниялар мен жеке инвесторларға тиесілі. Кез келген жағдайда банк акциялары клиенттер алдындағы барлық міндеттемелерді орындау үшін капиталдың жеткіліктілігіне де, өтімділігіне де әсер етпейді-міс.
Еске салсақ, жақында Бас прокуратура Jusan тобын Қазақстанға қайтару жұмысы жүргізіліп жатқанын хабарлады.
2022 жылғы маусымда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елден заңсыз шығарылған қаражатты Қазақстанға қайтару жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылған сәттен бастап Бас прокуратура капиталды жымқыру және шет елге шығару фактілерін анықтау үшін банк секторында талдау жүргізді.