Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде Ақмола облыстықішкі саясат басқармасы жанындағықоғамдық даму орталығының ұйымдастыруымен «Отбасы құндылықтары» тақырыбында дөңгелек үстел жиыны өтті. Іс шараның басты мақсаты өскелең ұрпақтың бойында отбасылық құндылықтарды сақтау және адами қасиеттерді қалыптастыру болып табылады,Сонымен қатар, ұлттық сана-сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті де парасатты, іскер де білікті мамандар қатарын толықтыру осы жиынның басты мақсаттарының бірі.
Тағылымды шараға «Қоғамдық даму орталығы» мекемесінің мамандары Айдар Қожабаев, Рысты Абдрахманова, «Ақмола облысының Аналар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Айнагүл Жазиева, «Ақмола облысының Әкелер кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы ЕрланЗакириянов, Шучинск қаласындағы №9 мектеп-гимназиясы директорының бейінді оқыту ісі жөніндегі орынбасары, педагогика және психология ғылымдарының магистрі Баян Бекетай, «Ақмола облысының Аналар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Айнұр Жахина қатысып, өз ой-пікірлерімен бөлісті. Сондай-ақ, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледж студенттері де қатысып, өз үлестерін қосты.
Жиын барысында қатысушылар тарапынан белсенді пікір алмасулар болып, тақырыптың маңыздылығы айқындала түсті. Бүгінде отбасы құндылықтары ішінде бала тәрбиесі, оның қоғамдағы рөлі өте маңызды мәселелердің бірі болып табылады. Қоғамдық сананы жаңғырту барысында отбасы тәрбиесі тәрбиенің үлкен бір бағыты екендігі айқын.
Жеке тұлғаны қалыптастыруда отбасы тәрбиесі және отбасылық құндылықтар адамның өмірін құрайтын маңызды іргетасы. Отбасы мейірім мен махаббаттың ұштасқан ордасы.
−«Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» деп бекер айтылмайды. Себебі, болашақ аналар қоғамды тәрбиелейді. Болашақ ер азаматтарды тәрбиелейтін де аяулы аналар болып табылады. Осы жауапкершілікті қазірден бастап түсіну қажет. Белгілі ғалым, тарихшы, профессор Рахман Алшанов осы уақытқа дейін қазақ тілін сақтап келген біздің аналарымыз деп айтқан еді. Өйткені, байырғы замандардан бері әкелер үнемі жаугершілік, соғыс уақытында ғұмыр кешті. Сонда ұрпағымызды тәрбиелеп, тілімізді, дәстүрімізді сақтап келген аналарымыз болатын, − деп отбасында қыздың орны жөнінде Айнагүл Жазиева тарқатып айтып берді.
Ақмола облысы бойынша «Әкелер одағы» бірлестігі 2019 жылдан бастап тіркелді. Ерлан Закирияновтың айтуынша, барлық әлеуметтік саланы қамтитын қоғамдық бірлестіктердің бірігіп жұмыс істеуі мол нәтиже береді.
−Әкелердің қоғамда арнайы құқықтары мен міндеттері бар. Біздің одақтың басты мақсаты ер мінезді ұлдарымызды тәрбиелеу болып табылады. Ертең ол өзінің Отанын, отбасын қорғай алатын, шаңырағы шайқалмайтын мықты ер азаматболса, ол қоғамда өзіне лайықты орын таба алады. Қазіргі уақытта, облыс мектептерінде әкелер клубтары да бар. Мектеп оқушыларының әкелерімен бірге интеллектуалдық және спорттық сайыстарды жиі ұйымдастырамыз. Осының барлығы ер азаматтың қоғамдағы рөлін арттырады деп санаймын, – деді бірлестік төрағасы.
«Қоғамдық даму орталығы»мекемесі ағымдағы жылы ұрпақ тәрбиесі мен отбасы құндылықтарын дәріптеу бойынша ауқымды іс-шаралар өткізуге дайын. Бала-бақшаларда, мектептерде, кәсіпорындарда сондай-ақ, отбасын құрған жас ата-аналармен кездесулер өткізіп, отбасы құндылықтары жөнінде ой бөлісу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда.
Ілияс ӘУБӘКІРОВ.