Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тіл саясатының бір жағынан шығысқан порталдар мен сайттар - АРҚА АЖАРЫ

Тіл саясатының бір жағынан шығысқан порталдар мен сайттар

Мемлекеттік тіл орталықтары мен қазақ тілін оқытуға арналған интернет-ресурстар туралы халық жете біле бермейді. Сондықтан, бүгін арнайы осы порталдар жөнінде сөз қозғап, олардың маңызы мен атқаратын қызметін оқырманға жеткізгіміз келеді. Олай болса, құлақтарыңыз мына интернет-ресурстарға түрік жүрсін. Бұл ең алдымен, біздің баршамызға қазақ тілінің одан әрі дамып, өркендеуі үшін керек. Сонымен, осындай порталдар дегенде мынаны білген жөн деп ойлаймыз.   

«Tilalemi.kz»  – тіл саясатын жүзеге асыру саласындағы жаңалықтар, лингвист ғалымдардың мақалалары, республикалық конкурстардың, іс-шаралардың ережелері және тағы басқалары орналастырылған портал. Сонымен қатар, порталда кітаптар, мультимедиялық бағдарламалар, сөздіктер мен журналдар орналастырылған.

«Аbai.institute» – қазақ тілін Қазақстанда және шетелде оқыту және ілгерілету бағдарламасы шеңберінде әзірленген веб-портал. Портал 7 тілде (қазақ, ағылшын, неміс, француз, орыс, түрік, парсы) ұсынылған және Android, iOS платформалары арқылы жүктеуге қолжетімді.

«Tilqural.kz» – қазақ тілін кезең-кезеңмен оқытуға арналған веб-сервис. «Tilqural.kz» ересектерге қазақ тілін А1, А2, В1, В2, С1 деңгейлерінде үйренуге мүмкіндік береді. Тіркелгеннен кейін пайдаланушы қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтау үшін тестілеуден өтеді. Тестілеу нәтижелері бойынша жүйе оқу курсын ұсынады.

Сайт қазақ тілін оқушының сөздік қорын толықтыруға, жаңа сөздердің мағынасын түсінуге және оларды күнделікті өмірде қолдануға, еркін оқуға, өз ойын ауызша да, жазбаша да жеткізуге, сөздерді дұрыс дыбыстауға, сөйлемдерді сауатты құрастыруға мүмкіндік береді. Пайдаланушы жеке кабинетінде орындаған сабақтарының статистикасын көре алады. Сервис Android, iOS платформалары арқылы жүктеуге қолжетімді.

«Tilmedia.kz» – үштілді сайты қызықты және тиімді тәсілдер арқылы орыс және ағылшын тілді азаматтарға қазақ тілін үйренуге мүмкіндік береді. Тілдерді оқыту әдістемесі аудио және бейне мазмұнға негізделген.
Сайтта латын және араб графикасы қарастырылған.

«Вalatili.kz» сайты үш жастан асқан балаларға, сонымен қатар, бала тәрбиесі мен оқытуды жүзеге асырушы тәрбиешілер мен мұғалімдерге, ата-аналарға арналады.

Сайтта баланың өзіндік жұмысына арналған жұмыс парақтары, ұcтаздар мен тәрбиешілерге, ата-аналарға әдістеме парақтары ұсынылған. Грамматика мен орфографияны үйренуге арналған материалдар, соның ішінде интерактивті әліпби мен ойындар, жас ерекшеліктеріне сәйкес аудиодиктанттар, каллиграфиялық дағдыларды дамытуға арналған тапсырмалар, қосымшалар қарастырылған.

Балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқуға арналған көркем мәтіндер, соның ішінде қызықты әңгімелер, тақырыптық өлеңдер, интерактивке негізделіп жасалған жаңылтпаштар, жұмбақтар мен мақал-мәтелдер топтастырылған.

«Emle.kz» сайты қазақша дұрыс жазу, жұртшылықтың тіл мәдениетін көтеру мақсатында құрылды. Деректер базасында қазақ тілінің өзекті орфографиялық сөздігі, орфография ережелері, осы салаға қатысты ғылыми әдебиеттер бар. Сайттың «Әдеби тіл нормалары» блогында сөз сазы, оның көркем әдебиет пен өмірдегі маңызы, ережелері мен қағидалары берілсе, «Орфография» блогында сөздердің дұрыс жазылу ережелері беріледі. Сондай-ақ, кірме сөздер мен терминдік мәнге ие сөздердің бұрынғы және қазіргі жазылу барысындағы айырмашылықтары салыстырмалы түрде көрсетіледі. «Пунктуация» блогында тыныс белгілердің қойылу ретіне байланысты ережелер енгізілсе, «Аббревиатура» блогында қысқарған сөздер, олардың толық атаулары, қысқарылу реті, атаулар мен сөздерді қысқарту барысында басшылыққа алынатын қағидалар мен сүйенетін заңдылықтар келтіріледі. «Мақалалар» блогында осы саладағы ғалымдардың ғылыми мақалалары келтірілген. Оқырман автормен байланысып, мақаланың астына пікір қалдырып, сұрағына жауап ала алады.

«Termincom.kz» сайты Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы терминологиялық комиссия бекіткен терминдерді бірыңғай электрондық базаға үздіксіз енгізу мақсатында құрылды.

Cайт «Бекітілген терминдер», «Терминдер хронологиясы», «Қолданыстағы салалық терминдер», «Ойталқы», «Құқықтық-нормативтік база», «Ғылыми-әдіcтемелік негіздер» және «Іздеу» бөлімдерінен тұрады.

«Sozdikqor.kz» – әртүрлі салалық сөздіктер мен энциклопедиялардағы сөздермен және тұрақты сөз тіркестерімен, ескірген қазақ сөздерімен, кірме сөздермен, ақпараттық технологиялардың даму кезеңіндегі жаңа технологиялық сөздердің мағынасымен танысуға мүмкіндік беретін алғашқы әмбебап платформа.

Порталға 60-қа жуық түрлі салалық сөздіктер мен энциклопедиялар енгізілген. Атап айтқанда, 15 томдық – қазақ әдеби тілінің сөздігі, Абай сөздігі, Ахмет Байтұрсынов энциклопедиясы, қазақ тілінің синонимдер сөздігі, қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі және тағы басқалары.

Порталдың іздеу жүйесі арқылы сөздердің анықтамасын, синонимдерін, антонимдерін, омонимдерін, сөздердің фразеологиялық тіркестерде кездесу жиілігін білуге болады.

Порталдың мобильді қосымшасын Goolge Play және App Store-дан жүктеуге болады. @Sozdikqor.kz тelegram-бот жұмыс істейді.

«Qujat.kz» – құжаттарды қазақ және орыс тілдерінде сауатты әзірлеу бойынша үлгілер мен нұсқаулықтар берілген электрондық база. Сайтта іс қағаздарын жүргізу 2-ге бөлінген: «кеңсе» және «кадр» құжаттары, онда құжаттардың жеке үлгілері ұсынылған. Құжаттардың екі жүзден астам үлгісі (қазақ және орыс тілдерінде) PDF және DOC нұсқаларында қолжетімді. Құжаттардың үлгілеріне онлайн өзгерістер енгізу мүмкіндігі қарастырылған.

«Qazlatyn.kz» (портал және конвертер) – еліміздегі латын графикасына көшу үдерісін сүйемелдейтін негізгі ұлттық портал. Порталдың көпфункционалды конвертері мәтіндерді кириллден латынға және төте жазуға онлайн сәйкестендіруге мүмкіндік береді.

«Qazcorpora.kz» – қазақ тілі ұлттық корпусының публицистикалық мәтіндерінің кіші корпусы.

Корпус – белгілі бір тілдегі мәтіндердің электронды түрде жинақталуына негізделген ақпараттық-анықтамалық жүйе. Корпусты құрудың негізгі мақсаты – табиғи тілдік ресурстарды жинау, қалыпқа келтіріп, жүйелендіру, нәтижелерді ұтымды пайдалану үшін тұтынушыларға ұсыну.

Публицистикалық мәтіндер корпусына «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Түркістан», «Заң» газеттерінде жарияланған мақалалардың электронды көшірмелері енгізілді. Мәтінге 12-20 параметрлік метабелгілер (мәтін авторы, мәтін тақырыбы, мәтін стилі, жанр, мәтін түрі, хронотоп, дереккөз, басылым мерзімі және тағы басқалары) жасалды.

Алдағы уақытта публицистикалық стильдің басқа да ішкі жанрларын қамту, сондай-ақ, басылым кезеңдері бойынша ұлғайту және дереккөздердің атаулары бойынша кеңейту көзделуде.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар