Өзге емес, өзім айтам өз жайымды…
1948 жылдың 27 ақпанында бұрынғы Көкшетау облысының Зеренді ауданына қарасты Қарашілік ауылында мұғалімнің отбасында дүииеге келіппін. Менің алты айлығымда әкемді Қостомар ауылына ауыстырып, сонда көшіп барып тұрақтап қалдық. Осы ауылда сегізжылдық мектепті, кейіннен Қарашілікте онжылдық мектепті бітірдім. Бір жылдай әртүрлі жұмыстар атқарып, 1967 жылдың күзінде әскер қатарына алындым.
Әскерден оралғаннан кейін Зеренді аудандық газеті редакциясында аудармашы-тілші болып жұмысқа орналастым. Бір жылдан кейін Алматыға жол тарттым. Оқуға түспек болдым. Алайда, бірінші жылы балым жетпей, КазГУ-дың журфагына түсе алмадым.
Газет редакторы Баймұрат Азнабаевқа: «Қайткенде оқуға түсем, түсе алмасам, қайтып келмеймін» деп кеткен едім. Сол уәдемде тұрып, «Алмаатажилстрой» тресінің жиырмасыншы құрылыс-монтаж басқармасында алғашында бетоншы, кейіннен тас қалаушы болып екі жылдан аса жұмыс істедім.
Сегіз айлық кешкі дайындау курсына ақша төлеп, білімімді жетілдірумен айналыстым. Келесі жылы күндізгі бөлімге жарты балым жетпей, тағы да түсе алмадым. Дегенмен сол балмен журфактың сырттайғы бөліміне оқуға алынудың сәті түсті. 1973 жылдың күзіне таман Зеренді аудандық газеті редакциясына қайта оралдым. 1974 жылдың 10 қазанында «Көкшетау правдасы» газетіне Рүстем Бермағамбетов басқарған өнеркәсіп-транспорт бөліміне тілші болып, ауыстырылу тәртібімен жұмысқа алындым. Бірер жыл өткен соң Нұрмұхамбет аға басқарған насихат және үгіт бөліміне аға тілші, кейіннен Шучье, Еңбекшілдер, Уәлиханов аудандары бойынша осы газеттің меншікті тілшісі болып ауыстырылдым.
1985 жылдың жазында обком хатшысы, журналистика саласындағы ұлғағатты ұстазым Жанайдар Мусин ағаның қолқалауымен жұмысы кенжелеп, он сегіз нөмірі шықпай қалған Уәлиханов аудандық «Шалқар» және «Простор» газеттеріне редактор болып бардым.
1993 жылы бұрынғы Көкшетау аудандық «Бұлақ» газетінің ең алғашқы әрі соңғы редакторы болдым. Бұлай дейтінім, 1997 жылдың жазында аудан, іле-шала облыс қысқартылып, мүлдем жұмыссыз, оның үстіне маған берген үйлері жекешелендіріп алған үйі болып шығып, үйсіз қалдым, бір жылдай жұмыссыз отырдым.
1998 жылдың жазында Мағира әпкем мен Сәлима қарындасымның көмегімен Астанаға қоныс аудардым. Алғашында Әділет министрлігінің мемлекеттік тілді дамыту және аударма бөліміне бас маман болып жұмысқа орналастым. Осында үш жылдай жұмыс істеп, Парламент Мәжілісіне шақырылдым. Келісім-шарт бойынша бір жылдай ілеспе аудармашы болып жұмыс істедім. Ақпарат министрлігінің мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің бастығы, Жоғарғы Сотта баспасөз қызметінің бас консультанты, Энергетика министрлігінің аударма бөлімінде бас маман болдым. 2004 жылы Парламент Сенатының редакциялық-баспа бөліміне келіп табан тіредім. Мұнда сарапшы, аға, бас сарапшы, бас консультант болып қызмет еттім.
2009 жылдың қараша айында жаппай қысқарту жүргізілді. Аппарат басшысына барып, қысқартуға ілектіре беріңдер дедім. Өйткені, 2010 жылдың 27 ақпанында зейнетке шығуға тиіс болатынмын. Бөлімде кейіннен келген кейбір қызметшілердің еңбек өтілі үш жылға жетпейтін. Нақ осы қызметшілер қысқартуға ілегетін болса, берілетін төрт айлық жәрдемақыдан қағылатынын білетін едім. Соларға кесірім тиіп кетпесін деп зейнеткерлікке төрт ай ертерек кетуді ұйғардым. Мұндай жағдай Сенат аппаратында бұрын-соңды болмаған екен.
Осы «ерлігімді» ескерді ме, кетерімде сол кездегі Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өзі қабылдап, Сенаттың Құрмет грамотасын тапсырды. 2015 жылы Сенаттың Құрмет грамотасымен екінші мәрте марапатталдым. Алпыс жасқа толғанымда Сенат аппаратындағы әріптестерім «Алпысың, асқарың құтты болсын, Қапез!» деп шағын кітапша шығарып, сыйға тартты.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Жоғарғы Сотта, Бас Прокуратурада аудармашы, республикалық аңшылар журналы «Қансонарда» алғашында бас редактордың міндетін атқарушы, кейіннен бас редактордың орынбасары болып бір жылға жуық жұмыс істедім.
Күні бүгінге дейін республикалық деңгейде өткізілетін іс-шараларға шақырылып, ара-кідік ілеспе аударма жасауға қатысып тұрамын.
Хоббиім – шахмат, дойбы ойнау, көңілдің хошы келгенде шығармашылықпен айналысу.
Сенат аппаратында қызмет етіп жүргенде шахмат жарыстарына жиі қатысатын едім. Ал, Жоғарғы Сотта 2012 жылы Ұлы Жеңістің 67 жылдығын мерекелеуге байланысты Жоғарғы Сот қызметкерлері мен департамент қызметкерлері арасында өткен «Дойбы» турнирінде 1-ші орынға ие болғаным үшін сол кездегі Жоғарғы Сот Төрағасы Б.Бекназаровтың қолынан алған Диплом мен Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Құрмет грамотасын тапсырған сәттегі суреті үйімнің төрінде ілулі тұр.
Осы орайда, мына бір жайды, яғни, анамыз қайтыс болғанда Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың біздің үйімізге жоғары үкіметтік жеделхат жолдағанын айта кеткім келіп отыр.
Бұл жеделхатта былай деп жазылған:
«Құрметті Қожахметовтер отбасы, аяулы анаңыз Бәтимәнің дүниеден озуына байланысты қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамын. Үлкен әулеттің ұйтқысы ардақты ана, еліне қызмет етуші абыройлы азаматтар тәрбиелеп өсірген абзал жанның жатқан жері жәннатта, топырағы торқа, иманы саламат болсын. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қ.Тоқаев. Астана 2008 жылғы 10 сәуір» «Ұлық болсаң, кішік бол» деп айтылатын ұлағатты сөздің бір айқын көрінісі осы болса керек.
Міне, менің өмірбаяным қысқартып айтқанда осындай. Ал оның жай-жапсарына тереңірек үңіліп, кеңірек қамтитын болсам, бұл ұзын-сонар баяндауға ұласып кетуі мүмкін. Арнайы дайындалған екі бет түйіндеме (резюме) қағаздар арасында жататын. Соны іздеп қағаздар арасынан таба алмағандықтан, осылай жазып беруіме тура келіп отыр.
Сөз соңында айта кетуге болатын бір жай, біз бір шаңырақтан қалам ұстаған төрт жан бармыз. Олар жазушы әпкем Мағира мен негізінен, орысша жазатын қарындасым Алмагүл республикалық басылымдарда, мен облыстық газетте, ал, қарындасым Сәлима Зерендінің аудандық газетінде бір мезгілде жұмыс істедік. Бұл енді қазақ баспасөзінде өте сирек кездесетін жайлардың бірі екенін айтуға тиіспін.
Қапез ҚОЖАХМЕТОВ
Астана
Аудан, облыс қысқарып арып-ашып,
Жүргенде жұмыс болмай құтым қашып.
Астана, өзің едің қабылдаған,
Бір сәтке құшағыңды айқара ашып.
Есімде, бәрі есімде… елегенің,
Ұлыңды қиын кезде демегенің.
Кейбіреу құлазытса көңілімді,
Кейбір сәт нұр-шуаққа бөлегенің.
Осылай бір сыныңнан өткендеймін,
Мен де бір перзентің боп кеткендеймін.
Бұл күнде қиындықтар артта қалып,
Біршама мақсатыма жеткендеймін.
Сыр бүккен ерке Есілдің сол жағына,
Орнауда жаңа қала ел бағына.
Сәулетті небір әсем ғимараттар,
Жалт еткізіп қаратар жан-жағыңа.
Ескі үй, ғимараттар алынуда,
Құрылыс жаңа үлгімен салынуда.
Тағдыры мен сияқты талай жандар,
Жан-жақтан Астанаға ағылуда.
Жарлылар көзге ілінбей қағылуда,
Жуанға «жаңа қазақ» жағынуда.
Жалпақ бет, шартық қарын кейбіреулер,
Парақор, жемқорлықпен қағынуда.
Әрине, мұндайлардан жиренемін,
Жиренемін, өзгеше күйге енемін.
Сен де жирен демекпін, жас ұланым,
Болмасын жат қылықтар үйренерің.
Жастардың бір бақыты – еріктілік,
Мен тілеймін бұған тек беріктілік.
Тәуелсіз еліміздің ертеңі үшін,
Алғайсың адал еңбек серік қылып.
Болса екен бойларыңда елжандылық,
Ізгілік, арта берсін имандылық.
Суындай балбұлақтың шөл қандырар,
Сезімің нұрландырсын тұрған күліп.
Еркін ел, еркебұлан ұландарым,
Ертеңіңе қызығып тұрам дәйім.
Жарқын іс жаршысы бол Астанада
Қамданған болашаққа қырандарым!
Тәуелсіздік күнгі тілек
Құтты болсын тәуелсіз боп кешкен елім тірлігің,
Арта берсін қуат-күшің, ынтымағың, бірлігің.
Қайғы бұлты қайта келіп торламасын аспанды,
Отандастар қасіретпен түрілмесін түндігің!
Жері де кең, пейілі де дархан жүрек қазақтың,
Тартса дағы қанша зардап, теперішін тозақтың.
Деп тілеймін туған елдің тәуелсіздік тойында,
Келер ұрпақ келешекте көрмей өссін азап-мұң!
Амал қанша, аз емес қой басқа түскен азабың,
Өткен күннің шындығы сол, ақиқатты жазамын.
Жарқын болсын егеменді еліміздің ертеңі,
Тарқамасын бұл тірлікте дүбірлеткен базарың!
Тағы-тағы бола берсін тәуелсіздік тойларың,Орында
лсын ойға алған арман, тілек ойларың.
Еркіндігім берік болсын, беки берсін біртіндеп,
Күншуақтан қуат алып жыли берсін бойларың!
Еркіндікке қол жетті деп есіріп тым кетпеңдер,
Азат күнді ұзақ күтіп, аман-есен жеткендер.Қиындықт
ар кейін қалсын, тек үмітпен қарайық,
Болашақта ер еңбекпен, бірлікпенен көктеңдер!
Таусылмайтын төзім бергін, жігер бергін халқыма,
Дақ түспесін мирас болған ынтымақшыл салтыма.
Ырыс, бақыт үзілмесін, бұзылмасын тыныштық,
Баянды боп қалсын деймін кейінгі жас жалпыға!
Қалай ғана бәрін бүгін бірден айтып тауыса алам,
Сарыла күтіп, ата-бабам талай ғасыр аңсаған.
Тәуелсіздік бізге тартқан тәңірімнің сыйы ғой,
Басқа қонған қасиетті бақ емес пе бұл саған!?
Осы бақты басқа теппей, қастерлей біз білейік,
Егеменді елімізде еркін өмір сүрейік.
Төмен түсіп, бәсең тартқан еңсемізді түсірмей,
Рухымызды көтеріңкі, биік ұстап жүрейік.
Тәуелсіздік гүлдестесін әсемдетіп тағайық,
Жігер отын жүректерге маздатып бір жағайық.
Көк байрағын желбіретіп Қазақстан елінің,
Жаңа ғасыр, мыңжылдыққа нық сеніммен барайық!
Наурыз келіп жеткенде
Наурыз келді қайта айналып тағы да,
Ағайындар күтіп жүрген сағына.
Хош келіпсің, әз Наурызым, асылым,
Келе бергін туған елдің бағына.
Наурыз келді жадыратып жанымды,
Көп болсын деп жаңалықтар жағымды.
Мәрттікпенен көтерейік көңілді,
Мерекемен құттықтаймын бәріңді!
Қонақтатпай көңілдерге уайым,
Жолатпайық, қайғы-мұңды қуайық.
Уа, жарандар, Наурыз мейрам келгенде,
Ақ пейілмен сәлемдесіп тұрайық!
Қыр көрсетіп көрінбейік «құр мықты»,
Тілейік тек берекелі тірлікті.
Наурыз тойы жылда айналып келгенде,
Абыройға кенелтетін бірлікті.
Қауышайық бірімізбен-біріміз,
Жадыраңқы болсын көңіл-күйіміз.
Бас бірікпей, жүнжіп кетіп жүрмейік,
Егеменді ел болғанда күніміз.
Бәйбішем де жасап жүрген сақтығын,
Көрсетсін бір көңіліңнің ақтығын.
Елден келген сақтаулы сүр қазыны,
Салсын деймін той-қазанға тап бүгін.
Қомсынбаңдар, біздің үйге келіңдер,
Қоңыр үйдің тірлігін бір көріңдер.
Ризығы мол дастарқаннан дәм татып,
Ризалықпен наурыз-бата беріңдер!
Наурыз-көже ұсынылсын бәріңе,
Тойшыл қауым, жасыңа да кәріңе.
Ащы суды жолатпаңдар бұл тойға,
Арақ шіркін, опа бермес бәріңе.
Бейбітшілік бола берсін жерімде,
Ақ көгершін ұша берсін көгімде.
Наурыз тойы әр жыл сайын тойлансын,
Емін-еркін егеменді елімде.
Наурыздағы тілек осы, жарандар,
Келер күнге тек үмітпен қараңдар.
Бармақтай бақ талабыңа серік боп,
Нұр-бақытқа кенеліңдер, адамдар!
Елім менің, ынтымақпен көктесін,
Ағайындар ұмытсыншы өкпесін.
«Егескендер ел болмайды» деген бар,
Бірлігі жоқ ел деп бізді сөкпесін!
Қуанайық күн шуағын төккенге,
Қыстың сызын жібітетін көктемге.
Сағындырып қайта оралған ұлы күн –
Ұлы мейрам Наурыз келіп жеткенде!
Еркек атын жамылған еркектер бар…
Еркек пе екен ?! –Азын-аулақ
Қиындыққа төзбеген.
Қайран ауыл, қазағымның
Қайғы-мұңын сезбеген.
Тура жолдан бұра тартып,
Жүретұғын езбелеп.
Тәуелсіздік алған кезде
Туған елдің мүддесін
Төмен қойған өзгеден.
Еркек пе екен,
Ебін тауып,
Аяқтардан шалатын.
Қызметте өсу үшін
Аярлыққа баратын.
Еркек пе екен,
Дүние – боқты
Мешкейлікпен жинайтын.
Жағдайы кем жақынымен
Бөлісуге қимайтын.
Еркек пе екен,
Екіжүзді
Құр өтірік күлетін.
Қарабастың қамыменен,
Тірлік кешіп жүретін.
Мақсатына жету үшін,
Алдап соға білетін.
Еркек пе екен,
Ешуақытта
Жақсылыққа бармайтын.
Қара бастың қамын ойлап
Ел байлығын жалмайтын.
Қабыспайтын,
Сөзі менен ісі де.
Арам ойы қажет етсе,
Бірге туған бауырын,
Ақыр соңы
Анасын да алдайтын.
Еркек пе екен,
Өнегені жайпап өткен,
Жайсаңдардың нарлығын.
Кешегіден бізге жеткен,
Құндылықтың барлығын.
Кең дүниені,
Келе жатқан тар қылып.
Еркек пе екен,
Ұқпай қойған
Ана тілдің көркемін.
Тіл жойылса,
Жаһандану батпағына
Батып кетер ертеңін.
Еркек пе екен,
«Нән мықтыға» табынған.
Өп-өтірік есі кетіп,
Босқа мақтап сабылған.
Шені үлкен «пысықтарға»
Құрақ ұшып жағынған.
Байыбына бармай жатып,
Ығына тек солардың
Айтқанына бағынған.
Мәз болатын,
Құр атаққа «зиялы»,
Тоғышарлық, тойымсыздық
Жайлап алған,
Болмысы мен қиялын.
Тек осыны мақсат етіп,
Жүретұғын ұдайы.
Еркек пе екен,
«Нән мықтыға» көпшік қойып,
Молшылыққа кенелген.
Байып алып,
Елімізден қашатын.
Шет ел асып
Абыройды ашатын,
Оңай олжа – мол қаржыны,
Еліне емес, құнсыз іске,
Оңды-солды шашатын.
Елімізде нақ осылай,
Еркек атын жамылған,
Әсіресе, билікте көп,
Небір сұмдық, қулығымен,
Еркектерің қағынған.
Ал осындай еркектерден,
Қайран елім,
Қалың жұртым,
Қашан, қайтып арылар!?.