Таяуда Түркия мемлекетінде болған жер сілкінісі әлем халқын дүр сілкіндірді. Қаншама жауқазын ғұмыр солып, қанша жүрек қан жылады. Мыңдаған сәби жетім қалып, мыңдаған ата-ана баласын ажалдан құтқарамын деп жанын пида етті. Әлем болып жұмылып, түрік халқына қол ұшын беріп, жәрдемдесуге, қамқорлық құшағына бөлеуге асықты.
Солардың арасында қазақстандық құтқарушы мамандар да болды. Түркиядағы зілзаладан зардап шеккендерге көмек көрсетуге Қазақстаннан аттанған құтқарушылар арасында 18 ақмолалық бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы тапсырмасымен Түркиядағы жер сілкінісінен кейін зілзала орындарына барып, құтқару жұмыстарына қатысып, күні кеше елге аман-есен оралған бүгінгі күннің батырларымен біз де жақынырақ танысып, сұхбаттасып қайттық.
Өрт сөндіру саласында 2010 жылдан бері еңбек ететін құтқарушы Қамат Баязитов Түркия еліне барған сапарда негізгі жұмыс аймағы Газиантеп қаласында болғанын айтады.
– Біз уақытты тиімді пайдалануға тырыстық. Мұндайда әрбір сағаттың, тіпті минут пен секундтың қаншалықты қымбат екендігін жіті ұғына түсесің. Себебі, тірі қалған жандарды табу мүмкіндігі сәт сайын азая береді. Құтқару жұмыстарымен айналысқанда аянып қалмадық. Үйіндінің астынан бір адам болсын тірі шықса екен деп үміттендік. Біз Газиантеп қаласындағы жеті қабатты үйдің астында қалған адамдарды құтқарумен айналыстық. 16 сағаттан жұмыс істедік. Жеті қабатты үй жартылай құлаған. Құрал жабдықтармен толық қамтамасыз етілдік. Пневмодамкраттар, «Холматро» атты гидравликалық құрылғылар, перфораторлар бәрі, бәрі болды. Төртінші қабаттан бастап адам мәйіттері табыла бастады. Өкінішке орай, 20-дан астам адамның мүрдесі табылды. Олардың жетеуі бала. Апатты жағдайда ажал құшқан жандардың туған-туыстарының сол жерден қолжетім жерде алаң да алаң күй кешіп, бізге бір үмітпен қарайлап, Алладан жәрдем сұрап қатты қиналып жүргенін көру бізге де жауапкершілік жүгін арта түсті. Біз де туғанын іздеген Түрік бауырларымызбен бірге уайым кештік, үкілі үміт, шынайы ниетпен қол ұшын беруге тырыстық, – дейді Қамат Баязитов.
Бөлімше командирі Қамат Баязитовтың айтуынша, аталмыш бөлімнен азаматтық қорғау майоры, бөлім командирі Айдын Жоламанов бастаған Евгений Ефремов, Дархан Өмірбеков, Темірлан Салихов есімді құтқарушылар барған. Олардың барлығы да бірауыздан осындай сауапты әрі жауапты сапардан түйгендері мол екендіктерін айтады.
Елге сауап арқалап оралған жандардың қатарында Көкшетау қаласындағы № 2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Әлішер Ғиззат пен Тілеген Темірболатов бар. Олар әңгіме барысында аталмыш бөлімнен өздерімен бірге тағы екі әріптестері Дамир Жұмабаев пен Раджан Шолақовтың бірге барғандарын атап өтті. Аталмыш бөлімнен алыс сапарға аттанған төрт құтқарушының төртеуі де бөлімше командирлері.
– Көкшетаудан 7-ші ақпан күні жолға шықтық. Біз Астанадан Түркия еліне Газиантеп қаласына ұшақпен жеттік. Бізді үш топқа бөлді. Біздің топ он күн бойы түнгі ауысымда жұмыс істеді. Бірден жұмысқа білек сыбана кірісіп кеттік. 16 сағат бойы жұмыс істедік. Жеті қабатты үйдің күл-талқаны шыққан десе де болады, плиталары бір-бірінің үстіне түсіп, «гармошка» іспеттес қалыпқа енген, көз сенгіссіз жағдай. Өз басым мұндайды бірінші рет көруім. Жанымызда Түрік құтқарушылары бірге жұмыс істеді. Тілдік барьер байқалмады. Себебі, сол жерде өзіміздің қазақ жігіттері де ерікті болып апатты аймаққа қол ұшын беру үшін арнайы келген екен. Әсіресе, шымкенттік Мәди деген жас жігіт түрікше түсінбей қалғанымызды бірден аударып беріп, бәрін түсіндіріп, құрақ ұшып жүгіріп, жан-жақты жәрдемдесіп жүрді. Біздің топ 8 адамның мүрдесін тапты. Араларында балалар да бар. Көңіл толқытары, табылған адамдардың барлығы өмірінің соңғы секундтарына дейін ажалмен арпалысқандықтары көрініп тұрды. Мәселен, балалардың ересектеуі өзінен кішілерді немесе ересек адамдар кішкентайларды қалқалап, балалар болса бірін-бірі құшақтап жан тәсілім еткен,– деп еске алды Тлеген әңгіме барысында.
Зілзала болған өңірді өз көзімен көрген құтқарушыларды қайдам, осыны естіген біздің өзіміз қобалжып отырдық. Жүрегіміз Түрік бауырларымыз үшін жылап жатқандығын несін жасырайық. Жалғанда жан баласы ауру азабын, айтып келмес апаттың қасіретін, залалын көрмесінші деп тілейсің жүрекпен. Бірақ, адамның тілегі емес, Тағдырдың жазғаны болады ғой…
– Әрқайсымыздың қолымызда рация болды. Себебі, жанымызда авариялық үйлер көп еді. Олардың өзі де шатқаяқтап тұрды. «Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, қазба жұмыстары жүріп жатқанда түрлі жағдайлар болуы мүмкін. Қалай дегенмен де аса қауіпті аймақ. Мұндай да аса сақтық керек. Сағат сайын амандығымызды баяндап тұрдық. Мінекей, Аллаға шүкір, аман-есен елге оралып отырмыз. Бір атап өтерлігі біз сол жақта жүріп, үнемі отбасымызбен хабарласу мүмкіндігіне ие болдық. Бұған бірден-бір себеп, біз сапарға аттанғанда бізді бірден роуминг қызметіне тегін қосып берді. Бұл да бір қамқорлық деп түсінеміз. Мен іс сапарға аттанғанда жанжарым екінші перзентімізді дүниеге әкелу сәтін күтіп, қол аяғын бауырына алу күніне санаулы уақыт қалған болатын. Жаны аман-есен қалса екен деген бір тілекпен жүрдім. Аллаға шүкір, елге оралғанда Дарина есімді қызым дүниеге келіп, қуанышымызды еселей түсті, – дейді Тілеген Темірболатов.
Жігіттер әңгіме барысында жауапкершілік туралы көп айтты. Қалың үйіндінің астында қалған мәйітті алып шығудың өзі оңай емес. Сәл мүлт кетуге болмайды. Себебі, қолыңда адам тағдыры.
– Маған бір түрік азаматы келіп, өз балаларының фотосын көрсетіп, олардың қай қабатта болуы керек екендігін айтып берді. Біз үш баланың және қайын енесінің мүрдесін таптық. Дәл суреттегідей киіммен табылды. Сондағы әкенің қайғысын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Біз мүрделерін табыс етіп жатқанда, қан жылап тұрды қайран әке.
Әлішер де өзінің көзбен көріп, көңілге түйгенін баяндап берді. Әсіресе, Түрік халқының қазақстандықтарға деген ықыласын, ақжарма ниетін баса айтты.
– Түрік бауырларымыз бізге ерекше ықылас білдірді. Қазақстаннанбыз дегенді естігенде алғыстарын айтып жатты. Шындығында да, ондағы жағдайды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осы орайды пайдаланып, Түрік бауырларымыздың қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз. Бейбіт күннің, әрбір сәттің бағасын білейік, бұдан асқан бақыт жоқ екен, – дейді ол.
Иә, уақыттың қадірі дегеннен шығады. Жігіттер сұхбат барысында адамды құтқару үшін уақыттың қаншалықты маңызды екендігін бірнеше рет қайталып өтті. Көзбен көріп, көңілге түйгеннен болар. Жігіттердің айтуынша, Газиантеп қаласының тұрғындары бес минут үнсіздіктің жан баласы үшін қаншалықты маңызды екендігін жақсы біледі. Зілзала зардабынан туғандарынан қас-қағым сәтте көз жазып қалғандар осы бес минут үнсіздік жарияланғанда демін ішіне тартып Алладан медет сұраумен болады деседі олар. Айтуларынша, жер сілкінісінен кейін қираған үйлердің астында қалған адамдардың тірі екендігін арнайы аппарат арқылы білуге болады екен. Ол үшін арнайы бес минут үнсіздік жарияланады. Елестетіп көріңізші, қаланың біртұтас ауданы бес минут бойы үнсіз қалады. Сол сәтте аппарат көмегімен үйіндінің астында қалған адамның жүрек қағысын есту мүмкіндігі бар екен. Бір адам болсын тірі қалса екен деп қаладағы қаншама халықтың жүрегі сол бес минут ішінде дірілдеп соғып, лүп-лүп етіп, елжіреп тұрады десеңізші…
Бұл оқиғаны құтқарушылар тебірене жеткізді. Жанарларында мұң бары байқалады. Бірақ, жүрегі батыр адам қобалжығанын байқатпауға тырысатыны бар. Иә, бүгінгі күннің батырлары кім десе, біз осы жігіттерді нық сеніммен айта аламыз. Жауапты сапарларыңызды Алла сауаптан жазсын деген тілек тілейміз біз сіздерге!
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.