Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Көкшем» деп өткен Кәрекең - АРҚА АЖАРЫ

«Көкшем» деп өткен Кәрекең

Белгілі журналист, әнші-композитор, ақын Кәрім Ілиястегінің туғанына – 95 жыл

 «Көкше, Көкшетау! Көкше әсем, әнді өлке, салтанат-сәулет сәнді өлке! Көкше дархан дәнді өлке!

Жерұйығым менің Көкшетау! Атыңды аузыма алғанда-ақ көңілімді күй кернеп, өн бойымды ән аймалап, ала жөнелетіні де сенің құдірет-қасиетің ғой, кербезім менің…».

«Көкшетау, Көкшем…» деп соққан бұл жүрек үлпілін сона-а-ау 1977 жылғы 20 августа жарық көрген «Көкшетау правдасы» газетінің сарғайған беттерінен оқып отырмын.«Көңілі күндей жомарт өлкем»атты мақала. Автор көз тоймас Көкшетаудың көркем табиғатынан бастап, осы өңірде туып-өскен небір майталмандарды мақтанышпен, сағынышпен еске алады. «Көкшетау жыр бесегі»деп, тебіренеді, туған жеріне еркелейді, бауырына тығылады.

Өзінің кіндік қаны тамған, көрікті Көкшетауға деген кіршіксіз көңілі мен перзенттік махаббатын көркем сөзбен өрнектеп тауыса алмай отырған мақала авторыөзіміздің Кәрекең, Кәрім Ілиястегі.

Кәрекең 1928 жылдың шілде айында қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Сырымбет баурайындағы Алшынбай-Суөткел деген ауылда өмірге келген.Әдебиет және өнер музейіне тапсырған құжаттарында осылай көрсетілген. Десек те, Кәрім Есмағұлұлы бір жазбасында:«Мен, Кәрім Есмағұлұлы Ілиясов 1929 жылғы  қаңтардың 3-інші жұлдызында Көкшетау облысының бұрынғы Айыртау, қазіргі Володар ауданының шағын ауылы Алшынбай, «Чапаев» колхозында дүниеге келіппін.»деп атап өтіпті. Қалай болғанда да қағазбастылыққа үйреніп қалған қазіргі қазақ баласы Кәрекеңнің туған күнін құжаттағы уақытымен атап жүр. Олай болса, биыл ақын, әнші-композитор, журналист Кәрім Ілиястегінің туғанына 95 жыл толып отыр.

Кәрім Ілиястегі өз жазбасында: «Әкем Есмағұл Ілиясов 1902 жылы туған. Шешем Ықыш 1904 жылы туған. Әкей 1942 жылы, Анам 1962 жылы дүние салды. Екеуі колхозшы болды», –  деп ата-анасын еске алады. Әкесі Есмағұлдың немере ағасы Айса әншілік өнер қонған адам екен. Әу баста бұлақтың көзін ашып, кішкентай Кәрімге домбыра ұстатқан осы кісі болса керек.

Жерлес ақын, манасшы, драматург Баянғали Әлімжановтың шығармалар жинағының ХІ томында Кәрім Ілиястегімен дидарласқанын айта келіп, былай дейді: «Ал, атақты әнші, аяулы ақсақал Кәрім Ілиясовтың өз аузынан естіген бір әңгіме: Кәрекең бала күнінде, 1930 жылдары Степнякта тұрған екен. Сонда Біржан салдың баласы Теміртастың тізесінде отырып, ән тыңдапты, өзі де ән салыпты, Теміртас атамыздың батасын алыпты».

Расында, 1932-1936 жылдары 4-5 жастағы Кәрімнің әкесі Есмағұл  атақты Біржан салдың баласы Теміртаспен қазіргі Степняк қаласында көрші отырып, жақын қарым-қатынаста араласады. Теміртас Біржанұлы ұзын бойлы, ірі денелі, өте күшті кісі болған екен. Атқа мінгенде созылып отырса, екі аяғы жерге тиетін болған. «Балуан ата» атанған. Балуан ата-Теміртас бес жастағы баланың домбыраға деген әуестігін байқап: «Кішкентай көбегенім ақын-әнші болсын», деп ақ батасын береді. Мектеп табалдырығын аттасымен Кәрім «әнші бала» атанған.

Шоқан Уәлихановтың туған жеріндегі Сырымбеттегі қазақ мектеп-интернатында Еркін Әуелбеков, Мұса Асайыновпен бірге оқыған, көрнекті қоғам қайраткері Бәйкен Әшімовтен сабақ алған. Сол жылдары, айтулы айтыс ақыны Отызбайдың Шәкені, әйгілі әнші Тырбидың Молдахметі сынды саңылақтардың өнерін тамашалаған, олардан үлгі алып, барынша ұқсап бағуға талпынған. Аталмыш өлкенің әнші-ақын, шайыр-жыршыларының өрісті өнері бала Кәрімді әнге әуес, күйге құмар қылған.

Екінші дүниежүзі соғысының басталуына байланысты 1941-1948 жылдар аралығында колхозда жұмыс істеген. Бала біткеннің бақытын ұрлаған соғыс жылдарындағы ауырлықты, бала Кәрім де басынан өткереді. 1948 жылы қайтадан оқуын жалғастырған.

Кейін өмір соқпақтары оны Кәкімбек Салықовпен, Шота Уәлихановпен, Ұлан Ементавпен табыстырады.

 Кәрім Ілиястегі, Кәкімбек Салықов және Шота Уәлиханов.

1951-1952 оқу жылында Қазақтың С.М.Киров атындағы университетінің тіл және әдебиет факултетіне қабылданған. Қазақтың даңқты жазушысы Мұхтар Әуезовтің алдынан дәріс алған. Кәрім Есмағұлұлы сол шақты «Көкшетау» газетінің 1997жылғы 12 қыркүйекте жарық көрген «Әлемге даңқымен мәшһүр дана» атты мақаласында былай деп мақтанышпен еске алады: «Ғұлама ғалым, Лениндік, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Мұхтар Омарханұлы Әуезовтен дәріс алып, бір мың тоғыз жүз елуінші жылдардың алғы шетінде оның шәкірті болғаным қандай ғанибет, зор мақтаныш, үлкен бақыт екен ғой, шіркін!».

Әрі сол жылдары республикалық радионың штаттан тыс тілшісі міндетін атқарып, драма және опера театрларында көпшілік қатысатын сахналарда бой көрсетіп, хорда ән айтып, сол кездегі қазақ өнерінің небір тарландарын көру бақытына да ие болады.

КазГУ-ді бітіргеннен кейін республикалық жастар одағының арнайы комсомолдық жолдамасымен «Тың көтеруге» жібереді. 1956-1958 оқу жылдарында Ақмола, қазіргі Целиноград облысының Қорғалжын ауданындағы орта мектепте мұғалімдік қызмет атқарады. Ұстаздық ете жүріп, жас жеткіншектерді хор, драма, домбырашылық өнерге тәрбиелейді. Іргесін Кәрекең қалаған қорғалжындық өнерпаздар уақыт өте келе,«халықтық» деген өрелі атақ алып, республикаға танылады.

1958 жыл отбасы жағдайына байланысты елге қоныс аударады. 1966 жылдың желтоқсанына дейін Сырымбетте  ұстаздық қызмет атқарады. Драма үйірмесін құрып, Ғабит Мүсіреповтың «Қозы Көрпеш Баян Сұлу» пьесасын, «Қыз Жібек» трагедиясынан үзінді қойып, елді тағы да тамсандырады.

1966 жылы денсаулығына байланысты Көкшетау қаласына көшіп келеді. Содан 1989 жылдың шілдесіне дейін облыстық радио және «Көкшетау» газетінде журналист болып қызмет атқарған. Сол жылдары оқырман қауымға ұшқыр публицист  ретінде танылады. Телерадио хабарлары арқылы Көкше өңіріндегі қазақтың дәстүрлі ән мектебі өкілдерін, айтыскерлік өнердің сан қырын үзбей насихаттап отырады.

1999 жылдың 8 қаңтарында «Көкшетау» газетінің №3 санында жарық көрген «Арқаның арқалы әншісі»атты мақаласында журналист Райхан  Сейітовабылай дейді: «Бірде осы Кәрекең жайында сөз болғанда, Қазақстанның халық ақыны, айтыстың ақтаңгері атанған Көкен Шәкеев ағамыз аңқылдап отырып, осы бір қанаттас інісін еркелете айтқаны бар-тын: Қартайғанда кәрі боз тарлан шығыпты дегендей, алпыстан асқанда біздің Кәрім ән мен күй шығаратын өнер тапты. Және сол әндерін Қазақстанның Қайрат Байбосынов, Ілия Жақанов сынды белгілі өнер қайраткерлері жоғары бағалап, менің балам Ербол халықаралық фестивальда орындап, байып жатқан жайымыз бар, деген ол кісі ағынан жарылып».

Байқап отырғанымыздай, сал-серілерден қалған мол мұраның насихатшысы болған Кәрім Есмағұлұлы алпыстың асқарына шыға бере өзі де ән шығарып, оны елімізге танымал әншілер жоғары бағалап, үлкен сахналарда орындап та жүрген. Кәрекеңнің жанға жылу, жүрекке шуақ беретін Кәкімбек Салықовтың сөздеріне шығарған «Оқжетпес», «Есілге», «Жол жүректің өмірі», Еркеш Ибраһимнің сөзіне жазған «Сағыныш», «Қарашығың болар ма ем», «Өзім», Жұмағали Саинның өлеңіне жазған«Достық туралы» тәрізді әндері бар.

Кәрім Ілиястегі кей әндердің сөзін өзі  шығарған. Мәселен, «Көкшетау –Сарыарқаның раушан гүлі», «Көкше әуені», «Айыртау», «Зеренді вальсі», «Қазақтың қасиетті Сарыарқасы», «Дарқан дала құт мекен» сияқты тағы да басқа әндерін атап өтуімізге болады.  Әндерінің тақырыбының дені туған жер, атамекенге арналған. Кәрекеңнің әндерін бүгінгі күнде Қапаш Құлышева, Бисара Макенова, Гүлжан Ахметова, Сәрсенбай Хасенов сынды өзіміздің жез таңдай, күміс көмей жергілікті әншілердің репертуарынан да кезіктіре аламыз.

Сондай-ақ, Кәрім Есмағұлұлы «Күткенде», «Алақай», «Жеңісті аңсау», «Сырымбет сазы» тәрізді күйлердің авторы.Қазақтың дәстүрлі ән өнерінің жанашыры әрі насихатшысы болған, сол әндерді нақышына келтіре орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген, өзі де құлақ құрышын қандырар, жүрекке сырлы сезім сыйлар тамаша ән-күй тудырған Кәрім Ілиястегін Арқа әншілік мектебінің көрнекті өкілі деп нық сеніммен айтуымызға әбден болады.

Сазгердің әндер жинағы.

1999 жылы Кәрім Ілиястегінің 70 жылдық мерейтойына орай, Көкшетау қаласында сазгердің «Саз самал» әндер жинағы жарыққа шықты. Кітапқа алғысөзді:

Адамдық өнеріңіз бірге өрілген,

Кеудеңнен сәуле шашып нұр көрінген.

Көкшенің қадірлі бір перзенті боп,

Кәреке, саған дарын, тіл берілген,

деп бастап, Қазақстан Республикасының халық ақыны Көкен Шәкейұлы өлеңмен жазыпты.

2000 жылдың 5 сәуір күнгі «Көкшетау» газетінің №27 санында газеттің сол кездегі редакторы Жабал Ерғалиев «Ән ғұмыр» мақаласында«Саз самалды» қалың оқырманға сүйіншілей отырып: «…Кәрім ағаның мынау өмірге деген бар іңкәрлігі мен сүйіспеншілігі де өз әндерімен бірге айтылады. Кәрім ағаның барша адам баласына деген адалдығы да өз әндерінің тамырында!

…Әне қолына домбыра ұстаған Кәрім аға сахнаға шығып келеді. Бұл жолы өмір сахнасынан ән салмақшы.

Толқынды айту керек-ей жайлап қана, а-а-а-а, ой, ги-ги-ги-гай, ги-ги-гай…

Шалқи түс, шалқи түс, Кәреке! Шалқи түс, Кәреке! Шалқи түс, Кәреке! Қол соғамыз біз де шалқып, шалқы, аға, әніңмен!..», деп әнші өнеріне бас иіп, інілік ілтипатын білдіреді.

Кәрім Ілиястегі, Жабал Ерғалиев, Иран сал Тасқара.

Кәрім Есмағұлұлы бүгінде өзіміз қызмет істеп отырған, құрылғанына отыз жылдан астам уақыт болған Ақмола облыстық әдебиет және өнер музейінің негізін қалаушылардың бірі. Ол 1989-1996 жылдар аралығында әдебиет және өнер музейінде аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген. Сол жылдары ел ішін аралап, қазақтың әдебиеті мен өнеріне қатысты небір құнды жәдігерлерді музей қорына тапсырған. Музей қызметкерлері ұйымдастырған ауқымды іс-шарлардың сценарийлерін жазып, қаланың түрлі оқу орындарына көрме-дәрістер өткізіпті. Сондай-ақ, музей қызметкерлерінен «Дастан»фольклорлық-этнографиялық ансамблін құрып, жетекшілік жасаған. Ансамбль құрамында өзі де өнер көрсетіп, халықтың ыстық ықыласына бөленген.

Кәрекең бір жазбасында: «Жолдасым-жұбайым Сапура Мұхаметқалиқызы Темірәлиева 1931 жылы туған. Орал облысының Қазталов ауданынан. КазГУ-дің тарих факультетін тәмәмдаған. Балаларымыз бар. Тұңғышымыз Мұхтар 1957 жылы, Аманбай 1958 жылы туған», деп өз отбасы туралы аз-кем мағлұмат береді. 2017 жылы әдебиет және өнер музейінде «Қарашаңырақ» деген жоба жүзеге асырылды. Осы жоба аясында Кәрекеңнің ұлы Мұхтардан қалған қос тұяқ, немерелері Ұлан мен Арай Ілиясовтар аталары жайында естелік әңгімелер айтып, жүздеген жеке заттарын музей қорына табыс етті.

2018 жылдың 12 сәуірі күні әдебиет және өнер музейінде әнші-композитор, ақын, журналист Кәрім Ілиястегінің туғанына 90 жыл толуына орай әдеби-сазды еске алу кеші болып өтті.Ақын, жазушы, драматург Төлеген Қажыбай өнер иесінің өмірі мен шығармашылығынан естелік әңгімелер айтты. Кезінде Кәрім Ілиясовтан ән үйреніп, тәлім алған көкшетаулық әнші Қажыбай Жахин, сал-серілік дәстүрдің салтанатын үзбей келе жатқан Иран сал Тасқара, сазгермен әріптес болған Бекболат Өтеулиев құйқылжытып ән орындап, көпшіліктің көңілін серпілтті.

2018 жылдың 12 қазаны күні әнші-композитор, ақын, журналист Кәрім Ілиястегі көп жылдар бойы тұрған Көкшетау қаласы, Әуелбеков көшесіндегі 151 үйге ескерткіш тақта қойылды. Іс-шара барысында жазушы-ақын, журналист Төлеген Қажыбай, Кәрім Ілиясовтың туысыБүркітбай Өсіпов сөз сөйлеп, өнерпаз турасында естеліктерімен бөлісті, көпшілікті игі бастаманың жүзеге асуымен құттықтады. Сондай-ақ, өнеріне ел тәнті болған талантты әнші Қажыбай Жахин, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының әншісі Сәрсенбай  Хасенов әуелетіп ән салды.

Кәрекеңнен қалған жәдігерлер 2021 жылы қайта жабдықталған музейдің жаңа экспозициясынан ойып тұрып орын алды. Көрмеден көпшілік қауым өнер иесінің «Саз самал» әндер жинағын, фотосуреттерін, құжаттарын, қойын дәптері мен мандолинасын, тағы да басқа жәдігерлерін тамашалай алады.

Қасиетті Сырымбет топырағында туып, күллі өмірін халқының ән-жырын насихаттауға арнап, болашақ жас ұрпаққа ұлттық руханияттың дәнін сепкен, көрікті Көкшетауын перзенттік жүрекпен өле-өлгенше сүйіп өткен, әнге қосқан Кәрім Ілиястегі 2001 жылы жетпістен асқан шағында дүниеден озды.

Кәрекеңнің көзін көрген замандастары ол кісінің адамгершілігі мен ұшқыр өнері жайында әлі күнге дейін талмай әңгімелеп, сағынышпен еске алады. Республикалық, облыстық сахналардан сазгердің туындылары шырқалып, халықтың жүрегіне айрықша жылылық пен шаттық сыйлайды. Кәрім Есмағұлұлы республикамызда екінші болып ашылған сол кездегі Көкшетау әдебиет және өнер музейінде қызметкер болып істегенде жер-жерден кейде жаяу-жалпылап жүріп жинаған небір көне де бағалы жәдігерлерді осы күні көпшілік көрермен музейімізден қызыға тамашалап, рухани лаззат алады. Туған жерін сүйген ұлды, туған халқы ешқашан ұмытпақ емес. Кәрекең әрқашан ел есінде, Көкше халқымен бірге!

ақалада пайдаланылған фотосуреттер Ақмола облыстық әдебиет және өнер музейі қорынан алынған).

Бақытбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,
Ақмола облыстық әдебиет және өнер музейінің ғылыми қызметкері.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар