Өткен жексенбі күні Көкшетау қаласының Достық үйінің алаңында славян халқының «Масленица» мерекесіне орай театрландырылған қойылым ұйымдастырылды.
Мерекелік концерттік бағдарлама барысында «Русская песня», «Ғалиябану» халық ансамбльдері, «Синегорье» вокалдық ансамблінің әртістері, «Көкшетау»мәдениет сарайының ардагерлер хоры, «Хуторок» ансамблі, «Достар» мәдениет сарайының жастар тобы және басқалары қатысты. Олардың орындауында орыс, украин, қазақ және татар әндері шырқалды.
Күн сәл аязды, желді болғанымен, алаңға жиналған адамдардың бір-біріне деген ыстық ықыласы, ақжарма тілегі мерекелік шараның шырайын келтіріп, ажарын аша түсті. Расында да, еліміздегі сантүрлі ұлт өкілдерінің бір шаңырақ астындағы тату-тәтті өнегелі өмірі, олардың бір-бірінің мейрамын бірігіп тойлауы, еліміздегі бейбітшіліктің жарқын көрінісі деуге болады.
Мерекелік іс-шара барысында славян қоғамдық ұйымдарының басшылары А.Артеменко, Г.Осиненко, С.Худякова құттықтау сөз сөйлеп, жиналған қауымға жылы лебіздерін білдірді.
Бұл жерде арқан тарту, армреслинг, кір көтеру, бағанаға өрмелеу сияқты сантүрлі спорттық ойындар да қызу өтті.Қонақтар назарына қолөнершілердің туындылары мен кәдесый бұйымдары қойылған көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ, жиналғандарға құймақ пен ыстық шай, палау ұсынылды.
«Масленица» мерекесіне белсенді қатысқандарға ұйымдастыру алқасының бағалы сыйлықтары табыс етілді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.