– Көкшетауда су құбыры желісіндегі апатқа байланысты бірқатар емдеу мекемелері мен тұрғын үйлерге ауызсу тасымалданып жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорнының мәліметінше, ақпанның 27-сінде апаттық жұмыстарға байланысты Біржан сал және Тәшенов көшелерінің аралығындағы, яғни Қуанышев пен Есенберлин 150б мекенжайы бойынша орналасқан Көкшетау қалалық ауруханасы, Ақмола облыстық балалар ауруханасы және Перзентханаға ауыз тасымалданып жеткізілген.
Бұл туралы облыстық перинатальдық орталықтың дәрігерлері әлеуметтік желіге 150 науқас жатқан (оның ішінде жүкті әйелдер мен жаңа туған сәбилер бар) перзентханада судың жоқтығын айтып, мәселе көтерген болатын.
Қазіргі кезде апат салдары жойылып, сумен қамтамасыз ету жұмыстары қалпына келтірілді.
Ақмола облыстық Денсаулық сақтау басқармасынан түсіндіргендей, апаттық жұмыстарға байланысты көпбейінді облыстық ауруханада, облыстық балалар ауруханасында және облыстық перинаталдық орталықта су беру уақытша тоқтатылған. Сол себепті, медициналық объектілерге су тасымалданып жеткізілді және қажетті су қорымен қамтамасыз етілді.
«Қазіргі кезде «Көкшетау су арнасы» коммуналдық кәсіпорын апаттық-жөндеу жұмыстарын жүргізіп, су беру қалпына келтірілді. Жоғарыда аталған медициналық мекемелердегі жағдай Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының ерекше бақылауында», — деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметінен.
Айта кетсек, Көкшетауда жанармай құю бекетінде жарылыс болып, оператор қаза тапты.