Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тамыр - АРҚА АЖАРЫ

Тамыр

Ырысы мол, ынтымағы жарасқан Көкше төрінде ондаған ұлттың өкілі бір-бірімен тіл табысып, мамыражай күн кешуде. Ортақ мүддеге олжа салумен қатар, өздерінің салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарын дамытудың мол мүмкіндігін мейлінше тиімді пайдаланып, бір кезде уақыт  шымылдығы тұмшалаған асылдарын жарқырата аршып алып, жан-дүниелерін сәулелендіруге ұтымды пайдалануда.

«Pідный кут» украин қауымдастығы облыс орталығындағы соңғы жылдары салынған сән-салтанаты келісті Достық үйінен оймақтай орын алып, ірге бекітпек екен. Жаңа қоныстарына құтты болсын айттық.  «Pідный кут» украин тілінен жобалап аударғанда «туған мүйіс» деген ұғымды береді екен. Атының өзі көп жайды аңғартқандай. Мынау жарық дүниеде өз мүйісің, кішкентай болса да құрқылтайдың ұясындай жып-жылы, жаныңа шуақ дарытатын, сағынып келетін бұрышың болғанға не жетсін. Бәлкім, шаршағанда сергітетін, қамыққанда жұбататын, қос қолтығыңнан періштедей желеп-жебеп, демейтін алапат күш те өз мүйісіңді мелтектеп тұратын шығар.

–Ақмола өңірінде 29511 украин бар, – дейді қауымдастықтың басшысы Светлана Худякова, – облыс орталығының өзінде ғана 4538 украин тұрады. Біз барлығының басын біріктіріп, ана тілімізді үйретіп, сан ғасырдан бері жалғасып келе жатқан әдемі, мазмұнды салт-дәстүрімізді жаңғыртқымыз келеді. Осының барлығы жергілікті халықтың мерейлі мұратымен үндесіп жатса, достығымыздың алтын арқауы беки түссе, мерей емес пе?!

Осы жерде қоғамның бір мүшесі Валентина Мамонованы жолықтырдық. Кішіпейіл, ақ жарқын жан екен. Әңгіменің тиегін ағытты дейсіз. Негізгі бағыт жергілікті ұлт өкілдерімен жарастығы. Көрген, естен кетпес қамқорлығы. Ұзақ жылдарға ұласып келе жатқан адал достығы.

–Жаңылмасам 1992 жыл болуы керек, жолдасым Николай Тимофеевич екеуіміз Петропавл қаласынан шықтық. Қаңтар айы. Біз қаладан шыққанда күн ашық болатын, орта жолға жете бергенде алапат боран басталды. Кері қайтудың да реті жоқ. Екі жақтың қашықтығы бірдей. Нар тәуекел деп Көкшетауға беттеп келеміз. Сәлден кейін арқан бойындай жер көрінбеуге айналды. Майлы боран үдей соғып тұр. Құрғақ, ұлпа қар емес, сулы-соқталы қар. Кәдімгі жергілікті жұрт айтатын, көктемде жиі кездесетін майлы боран. Бір кезде тас жолдың үстінде қоянжонданып жатып алған қасат қарға көлігіміз малтықты да қалды. Не ілгері, не кейін шыға алмадық. Жол үстінде қол ұшын берер жолаушы да жоқ.

Қос жолаушы дәм-тұзымыз таусылған-ақ шығар деген. Бие сауынындай уақыттан кейін көліктің де жағар майы бітіп, сөнген. Қол-аяғы суықтан домбығып бара жатқанда майлы боран сәл саябыр тауып, қара түнек кеңістіктің арасынан жалғыз жарық көрініпті. Көлік дейтіндей де емес, тас жолдан қамшылар жақ қапталында. Не болса да әлгі жалғыз жарыққа жетіп жығылайық дескен. Басқа амал жоқ. Жаяу адам түгіл трактор өте алмайтын оппа қарды омбылап жүріп, ес кетіп, жан шыққанда жалғыз жарыққа жеткен. Жалғыз жарық  үміт сәулесі іспетті, емексітіп, алға жетелеген де отырған. Сөйтсе, терезеден себезгілей көрінген үйдің жарығы екен. Жалма-жан есік қаққан. Айқара ашылған есіктен үй иесі шығып, ақ боранда адасқан ерлі-зайыптыны сүйемелдеп жүріп төрге оздырыпты. Кім екенін де сұрамаған. Аяқ-қолын жылы суға малған. Іле қазан көтерген. Суықтан кезере домбыққан еріндері ыстық сорпаға тиіп жан шақырыпты. Көрер жарықтары бар екен. Міне, содан бері жол жиегіндегі шоқ жұлдыздай шағын ғана Қызылтаң ауылындағы Исмағұловтар отбасымен дәм-тұзы араласып келеді. Кәдімгі ет жақын ағайын тәрізді. Бәлкім ағайынның өзі дәл бұлардай сыйласа бермейтін болуы мүмкін.

–Қазақта «аштықта жеген құйқаның дәмі аузымнан кетпейді» деген ғажап сөз бар, – дейді Валентина Михайловна, – біз сол сөзді сәл ғана өзгертіп, боранда, суық сорып, өлмелі халге түскенде ішкен сорпаның дәмі естен кетпейді дейміз. Сол күнгі көрген жақсылығымыз жадымыздан шығар ма?! Бір-бірімізбен сыйластығымыз ұлғайған соң «тамыр» десіп кеттік. Алғашқыда осы сөздің мәнін түсінбегем, сөйтсем, мынау жалпақ даланы мекендеген, пейілі де сол даланың өзіндей кең қазақтар достасқан өзге ұлт өкілдерін  тамыр деседі екен ғой. Мағынасы қандай терең сөз! Біз Қызылтаңдағы тамырларымыздың балаларымен де доспыз. Өздерінше айтқанда, тамырмыз. Тамырдың тереңге кеткені сондай, балалары Әнуар үйленгенде де тойында болдық. Қайролла мен Калиманың немерелері біз үшін өте ыстық. Белоруссиядан бес жасар немереміз келгенде, балалары қой сойып қарсы алды. Бізді қазақтың салт-дәстүріне үйреткен де осы отбасы.

Валентина Михайловнаның жан сырын тыңдап отырып, қайран қалдық. Достық деген ұлы ұғымды санама сіңірген қазақ халқы дейді. Әйтпесе, қиян шеттегі Украинада туып, өрісі қазақ даласында жайылған, біздің елге 1970 жылдары медициналық училищені бітірген соң жап-жас кезінде жолдамамен Щучинск қаласына келген кейіпкеріміздің алғаш достасқан адамы №19 разъезде тұратын Қарашаш Иманқұлова екен. Екеуі араларынан қыл өтпейтін дос болып, табаны күректей 25 жыл ғұмыр кешіпті. Бірде Валентина Михайловна Украинада ота жасатқан көрінеді, осыдан қырық жыл бұрын. Әлгі хабарды естіген Қарашаш досы артынан іздеп барады.

–Біздің деревняның адамдары Қазақстаннан қаршадай қыз іздеп келді дегенде, кереметтей таң қалған, – дейді Валентина Михайловна, – біреулері қазақтың әйгілі әншісі Роза Рымбаева келіпті деп тұспалдап жатса керек. Иә, аздап ұқсастығы бар. Қарашаштың өзі «мен әнші емеспін» деп тіс жара қоймайды. Ән айтып бер деп, қолқаласа не істейсің деп қоямын мен.

Несін айтасыз, Қарашаш досын іздеп барып, баласы мен өзін мәпелеп бағып күткен. Басыңа іс түскенде қамқор болар қарасын іздемейсің бе, Қарашаштың осы бір жақсылығын ғұмыр бойы аңыз қылып айтудан жалықпай келе жатыр екен. Кейін досының тұрмысқа шығуына септігі тиген. Бірге қызмет істейтін Серік Болтаев есімді азаматтың кісілігін, адамгершілігін жыға таниды екен, екеуінің ортасында дәнекер болыпты.

Аз-кем әңгіме барысында бір адамның тағдыры арқылы тұтас ұлттың пейілін ұққандаймыз. Бізді достық деген ұлы күштің жылы жылғаларымен қуаттандырған Валентина Михайловнаның ақ алғысы таусылатын емес. Бар ілтипат, таңғы шықтай мөлдіреген таза пейіл Қарашаш пен Исмағұловтар отбасына айтыла отырып, кеңпейіл қазақтың болмысына бағытталғандай. Қамшының сабындай қысқа тірлікте дәл осылай риясыз сыйласып, бір-біріне ақ алғысын жаудырып жүргенге не жетсін, шіркін?!

Көбей ЖҰМАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар