«Болашақ» сарайында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, Ақмола облыстық Науан хазірет мешіті, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейi жанындағы Ақмола тарихшылар қауымдастығының бірлесіп ұйымдастыруымен «Науан хазірет Таласұлының рухани ағартушылық қызметі және қайраткерлік тұлғасы»республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. КонференциядаАқмола облысы әкімнің бірінші орынбасары Малғаждар Тәткеевқұттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға Ақмола облысы әкімінің жылы лебізін жеткізіп, жиынға алыс-жақыннан жиналған ғалымдар мен зиялы қауым өкілдеріне алғыс айтты және конференция жұмысына сәттілік тіледі. Іс-шараны Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Құдайберлі Мырзабек жүргізіп отырды.
Жиынға еліміздің көрнекті тұлғалары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, академик ғалымдар, дін өкілдері, зиялы қауым мен Науан хазіреттің ұрпақтары, жастар қауымы қатысты. Сонымен қатар, аталмыш конференцияғаҚазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас муфти Наурызбай Тағанұлының арнайы келіп қатысуы да іс-шараның мән-мағынасын аша түсті. Жиын басталмас бұрын Наурызбай Тағанұлы бастаған құрметті қонақтар мен өңіріміздің зиялы қауым өкілдері, Науан хазіреттің ұрпақтары Көкшетау қаласындағы ағартушы ұстаз, дін қайраткері Науан хазірет кесенесіне зиярат жасап, баба рухына құран бағыштады. Науан хазірет 1916 жылы 73 жасында дүние салып, Қопа көлінің жағасындағы мұсылмандар зиратына жерленген. Конференция басталмас бұрын жиынға қатысушылар Мағжан Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының негізгі қорларды сақтау бөлімі ұйымдастырған сирек және құнды кітаптардың көшпелі көрмесін тамашалады. Көрмеге Құран, Ахмет Байтұрсыновтың кітаптары және кітапхананың алтын қоры болып табылатын басқа да көптеген құнды кітаптар қойылды.
– Кеудемізге, жүрегімізге иман нұрын ұялатқан Аллаға барлық мақтаулар мен мадақтар болсын! Бүгін біздің еліміздің көрнекті тұлғасы, дін қайраткері, ағартушы, ел ішінде Науан хазірет атанған Наурызбай Таласұлының 180 жылдығына арналған конференцияны бастауға рұқсат етіңіздер, – деп бастап ашты жиынның шымылдығынақын Құдайберлі Мырзабеков. Ұйымдастырушылардың айтуынша бұл іс-шараны өткізу күні жоспарлау кезінде 10 наурызға дөп түссе керек, тереңірек зерделей келсе, бұл күн Науан Хазіреттің бақилық болған күнімен тұспа-тұс келген екен. Яғни, бұдан кейін тылсым күштің құдіретіне қалай ғана бас имейсің…
Рухани тағылымды кештің басында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысындағы өкілі Қуаныш қажы Жұмабайұлы құран оқып, дұғасынҚазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қайырды. Конференцияда басқарманың 2022 жылы атқарған жұмысы туралы бейнефильм көрсетілді.
Бір атап өтерлігі, бұл жиынға аға буынмен бірге жастар да көптеп қатысты. «Әумин» десіп қол жайған жамағат, бабалар рухына тағзым еткен балалар – өлмес рух пен өшпес тарихтың өнегесіндей көрінді бізге. Бабалар рухын тербетіп, ақжарма тілек, ізгі дұға, ақ батамен басталған жиынның келер ұрпаққа да берер тағылымы һәм танымы терең, жүректен өшпей, көңілден көшпей, жадыда жатталып қалатындай ғибраты мол болды.
– Елдің ертеңі үшін күрескен арыстарымызды ұмытпай, бүгінгі ұрпаққа насихаттауға бағытталған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы көптеген ізгі шараларды қолға алған болатын. Ерен тұлғаларымыздың есімдері еліміздегі іргелі мешіттерге беріліп жатыр. Биылдан бастап, діни басқармаға қарасты медреселерде Алаштану, Тұлғатану пәнін енгіздік. Науан хазіреттің елдік мұрат, асыл дін, ұрпақ тәрибесі білім алу жолындағы еңбегі ұшан-теңіз, – дей келіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас муфти Наурызбай Тағанұлыны Науан хазіреттің қайраткерлік тұлғасы, оның парасат-пайымы туралы зерделеп баяндап берді.
Әрине ғылыми-практикалық конференция болғаннан соң бұл жиында атақты академиктердің сөз сөйлеуі заңды. Аталмыш жиынға арнайы келген тарих ғылымдарының докторы Өмірзақ Озғанбай «Науан Хазірет және оның шәкірті Шаймерден Қосшығұлов» тақырыбында баяндама жасады. Бұл жиында астаналық, қызылжарлық, көкшетаулық ғалымдар да баяндама жасап, тұғырлы тұлғаның ғибратты ғұмыры туралы жан-жақты баяндап берді. Олардың қатарында Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Аманбай Сейітқасымов бар. Ғалым «Науан Хазірет хақында… зерттеулер мен міндеттер» тақырыбында баяндама оқыды.
– Ендігі кезекте Науан Хазіреттің тұлғасы туралы да ойларымызды ортаға салсақ… Хазіреттің шын аты Наурызбай екенін білеміз. 2009 жылы шыққан Қазақ әдеби тілінің сөздігінде (11 том, 498 бет) «Науан» сөзі парсы тілінен аударғанда биік, үлкен, ноян деген мағына береді екен. Мысалы, мына бір өлеңде былай айтылады: «Құрыш құс ұшты заулап ауаны есіп, Алдымнан ашылды бір науан есік». Ал, Дихан Әбілевтің мынадай сөздері бар : «Өлтіріп көрмесе де көжекті де, Бұл жолы өзінше бір науан еді».
Сонымен қатар, 2006 жылы шыққан «Қазақстан» деп аталатын ұлттық энциклопедияда, редакторы Бүркіт Аяған, Таласов Науқанбай деп жазылған. Жаңағы сөздіктің 15 томы, 144 бетінде «хазірет» сөзінің мағынасы араб тілінен аударғанда ұлы мәртебелі, мырза, тақсыр деп жазылған. Ислам энциклопедиясында Хазірет атағы лауазым иесінің дін қағидаларына жүйрік, ғұлама адам екендігін аңғартады делінген. Тарихта біз Хазірет Әубәкір, Хазірет Әли, Хазірет Сұлтан, тағы басқа да ислам данышпандарын білеміз. Сонымен Науан Хазірет деген атаудан түйетініміз, бұл атау қарапайым діни білім иесіне емес, жоғары білімді тұлғаға тиесілі екендігін аңғарамыз. Демек Науан Хазіреттің өте білімді, лауазымды, өз заманының ғұлама адам екендігін байқаймыз, – дей келіп, ғалым Хазіреттің шыққан ортасы, оқыған ордасы, қызмет еткен жері туралы тарқатып айтып, тарих беттерінде жазылған көптеген деректерді алға тартты. – Кеңес үкіметі кезеңі дін өкілдерін қудалаумен, мешіттердің жабылуымен, діни білім ордаларына тыйым салынумен, басқа да репрессиялық үдерістердін іске асуымен белгілі.Кеңес үкіметі орнағаннан бастап ислам дініне көбірек қысым көрсетіле бастады.90-шы жылдарға дейінгі уакыт аралығында Науан Хазіреттің тулғалық бейнесін барынша жағымсыз кейіпте келтіруге әрекет жасалған. F.Мүсіреповтың «Ақан сері — Ақтоқты» пьесасында Науан хазірет туралы бұрмаланған мәліметтер берілген. Сонымен қатар, пьесада Науан хазіреттің атқарған діни кызметі туралы сипаттама берілгенде ол пәтуә шығаруда қателік жіберіп, жазықсыз адамға үкімшығарушы деп жағымсыз кейіпте бейнелеген. Шияп Әлиев ағамыз бір сұхбатында: «Кезінде Fабит Мүсіреповтің Ақан сері туралы пьесасы көрсетілген уақытта жергілікті халық арасында протест болған.Мына көрші ауылда Сейітғали Шылымов деген ақсақал пьесаның дұрыс жазылмағанына шағымданып, Верховный Советке қайта-қайта Науан Хазіреттің образын өзгерту керек деп жазған. Сосын F.Мүсіреповты Верховный Советке шақыртып алып, осы жазылып жатқан арыз хаттын мазмұнымен таныстырады. Сол кезде F.Мүсірепов: «Маған Науан Хазіреттің шын бейнесі қандай болғанын айтып беріңдер. Сосын мен жазып өзгертейін» деген. Алайда, өзгертілмей сол күйінде калады. Кейіннен F.Мүсірепов Жақып Омаровқа «пьесаны түзеп қоюыңа болады» деп өтінішін білдірген, – дейді ғалым.
Жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының уағыз насихат бөлімінің меңгерушісі, ғұламалар кеңесінің хатшысы Батыржан Мансұров «Науан Хазірет және руханият ілімдері» тақырыбында, Қазақстанның еңбек сіңірген қайртаткері, жазушы-драматург Жабал Ерғалиев «Жанбатыр, Бабаназар екі жүйрік!..»тақырыбында, Астана халықаралық университетінің тарихшысы Саят Ыбырай «Науан Хазіретті Сібірден қайтару немесе дін үшін күрес» тақырыбында баяндамалар оқып, жиынның мақсатын аша түсті. Сонымен қатар, өңіріміздің басқа да ғалымдары өз ойларын ортаға салды.
Конференция соңында резолюция қабылданып, жиынға қатысушылар естелік суретке түсті.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.