— Ақмола облысында төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері алаяқтық үшін сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көкшетау қалалық сотының үкімімен Көкшетау қаласы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері Т. және К. алаяқтық жасауға оқталғаны үшін сотталып, өмір бойына мемқызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.
Әрқайсысына 3 000 000 теңге айыппұл салынды.
Оған қоса, кінәлілер аға лейтенант және азаматтық қорғаныс капитаны арнайы атағынан айырылды.
«ТЖ басқармасының аға инженерлері Т. және К. қолында тиісті материалдары болмаса да, қоқыс өртенгенде оқиға орнына бармай, ЖШС басшысына әкімшілік жазаның айыппұл сомасының жартысын оларға берген жағдайда жауапкершіліктен құтылуды ұсынған. ЖШС басшысы қызметкерлердің әрекеті заңсыз екенін түсініп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жүгінді. Нәтижесінде олар 200 000 теңге сомасында ақша алған кезде ұсталды. Осылайша Т. және К. ауыр дәрежеде алаяқтық жасады (ҚК 24-бабының 3-бөлігі, 190-бабының 3-бөлігі)», — деді ведомстводан.
Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметінен атап өткендей, сотталғандар кінәсін мойындап, істеген ісіне өкінген.
Олардың кінәсі куәгерлердің, жәбірленушінің айғақтарымен, жасырын тергеу әрекеттерінің материалдарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен расталды.
«Жәбірленушіге келтірілген залал толық өтелді.Үкім заңды күшіне енген жоқ», — деп толықтырды ведомстводан.
Айта кетсек, күні кеше Көкшетау полиция басқармасы бастығының орынбасары да алаяқтық үшін сотталған еді.