Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қолдауымен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойы аясында 27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай ұйымдастырылған «Сәлем!» халықаралық комедиялық қойылымдар фестивалі өз мәресіне жетті. Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының ұйымдастыруымен өткен ауқымды театр додасы биік деңгейде өтті.
27-31 наурыз аралығында Көкшетау баурайын думанға бөлеп, көрермен көңіліне шуақ сыйлаған комедиялық қойылымдар фестиваліне Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстаннан бас-аяғы 9 театр ұжымы қатысты. Төрт күнге ұласқан театр бәйгесі нағыз театр мерекесі есебінде көрермен көңілінен шықты. Фестивальдің алғашқы күні театр мамандары мен БАҚ өкілдерінің қатысуымен баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Жиында сөз алған Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының «Өнертану» факультетінің деканы, өнертану кандидаты, «Театр өнері тарихы мен теориясы» кафедрасының профессоры Меруерт Жақсылықова Темірбек Жүргеновтің өмірінен сыр шертіп, дара тұлғаның ерекше қайраткерлігіне тоқталды. Фестивальдің салтанатты ашылуында Ақмола облыстық мәдениет басқармасының басшысы Айгүл Баубекқызы мен театр басшысы Жарас Қалдаров құттықтау сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тілеген соң, арнайы шақырылған құрметті қонақтар мен театр ұжымдарының арнайы өкілдері қызыл кілем үстінен жүріп өтті.
Фестиваль шымылдығы Астана қаласының «Жастар театры» ұсынған «Пранк-Махаббат» комедиясымен ашылды (авторы Қанат Жүнісов, қоюшы режиссері Дәурен Серғазин).
Комедиялық қойылымдарға деген көрерменнің ықыласы мен ынтызарлығы ерекше екені байқалды. Төрт күн бойы көрсетілген бір-біріне ұқсамайтын 9 қойылымға да көрермен аншлаг боп келді.
Фестивальге қазақстандық және шетелдік театр мамандары қазылық етіп, әр қойылымнан соң арнайы талдаулар жүргізіп, өз пікірлерімен бөлісті. Қазылар алқасының құрамы: халық әртісі, театр педагогы Тілектес Мейрамов, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының «Өнертану» факультетінің деканы, өнертану кандидаты, «Театр өнері тарихы мен теориясы» кафедрасының профессоры Меруерт Жақсылықова, Еуразия театр қауымдастығының Әзірбайжан еліндегі өкілі Юсуф Джафаров, Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымына мүше елдердің мемлекеттік театрлары басшылары кеңесінің үйлестірушісі Эльчин Гафарлы, халықаралық, Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің мүшесі, атақты театр сыншысы, біртуар тұлға Әшірбек Сығайдың кенже шәкірті, театртанушы Нұрислам Әбділ. Сондай-ақ, қазылық еткен театр мамандары жеке-жеке кездесулер мен арнайы шеберлік дәрістерін өткізді. Шеберлік дәрістеріне Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжінің білім алушылары мен Ш.Уәлиханов атындағы университет студенттері және театр әртістері қатысты.
Ерекше сипатта тұңғыш рет ұйымдастырылған «Сәлем!» комедиялық қойылымдар фестивалі 31 наурыз өз мәресіне жетті. Қазылар алқасының шешімімен «Үздік дебют» номинациясымен және 200 000 теңге ақшалай сертификатпен Астана қаласы әкімдігінің «Жастар театры» «Пранк-Махаббат» комедиясындағы Қымбат рөлі үшін – Ләззат Қуанышова марапатталды (авторы Қанат Жүнісов, режиссері Дәурен Серғазин);
«Үздік сценография» номинациясымен және 300 000 теңге ақшалай сертификатпен Өзбекстан Республикасының мемлекеттік әскери «Тұран» театры марапатталды. «Тилло табассумлар» комедиясы (авторы Абдуллы Кадырий, қойылым режиссері Мелиев Сайфиддин Сайриддинович);
«Үздік эпизодтық роль» номинациясымен және 200 000 теңге ақшалай сертификатпен Токтоболот Абдумомынов атындағы Қырғыз Мемлекеттік академиялық театры «Алда жаш жубайлар, ай» комедиясы, Лазаттың елесі рөлі үшін – Арген Карагулов марапатталды (авторы Мухамедкалый Касенов, қойылым режиссері Эркин Эгембердиев);
«Үздік музыкалық безендіру» номинациясымен және 300 000 теңге ақшалай сертификатпен Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры марапатталды. «Айман-Шолпан» комедиясы (авторы Мұхтар Әуезов, қойылым режиссері Мақсат Айтжанұлы);
«Үздік әйел бейнесі» номинациясымен және 300 000 теңге ақшалай сертификатпен Райымбек Сейітметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры «Турандот ханшайым» комедиясындағы Турандот рөлі үшін – Гүлзада Айтбаева марапатталды (авторы Карло Гоцци, қоюшы режиссері Қуандық Қасымов);
«Үздік ер адам бейнесі» номинациясымен және 300 000 теңге ақшалай сертификатпен Бикен Римова атындағы Талдықорған драма театры, Даржан рөлі үшін – Еркебұлан Айдымбаев марапатталды. «Қазақы комедия» комедиясы (авторы және қоюшы режиссері Болат Ұзақов);
«Үздік режиссерлік шешім» номинациясымен және 500 000 теңге ақшалай сертификатпен Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыкалық-драма театры марапатталды. «Венециялық егіздер» комедиясы (авторы Карло Гольдони, қоюшы режиссері Баатырбек Шамбетов);
«Үздік актерлық ансамбль» номинациясымен және 700 000 теңге ақшалай сертификатпен Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театры марапатталды. «Сұлтанның аты сұлтан» комедиясы (авторы Саадала Ваннус, қойылым режиссері Барзу Абдураззаков);
«Үздік комедиялық қойылым» номинациясымен және 1 миллион теңге ақшалай сертификатпен «Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры марапатталды. «Чарли Чаплин» трагикомедиясы (авторы және қоюшы режиссері Николай Балобан);
Салтанатты шара соңында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Алтынай Әміренова құттықтау сөз сөйлеп, Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры ұжымына фестивальді жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіріп, облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың атынан арнайы 1 миллион теңге ақшалай сертификат табыс етіп, халықаралық комедиялық қойылымдар фестивалін дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылатынын жеткізді. Естен кетпес ерекше комедиялық қойылымдармен көрермен көңілін көтерген театр додасын ұйымдастыруға мүмкіндік берген облыс әкімі Ермек Боранбайұлына және фестивальдің жақсы өтуіне бастан-аяқ ат салысқан Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театры ұжымының қызметкерлеріне ризашылық білдіреміз. Театр өнерінің мерейі үстем болсын!
Манарбек ҚЫДЫРБАЙ,
Ш.Құсайынов атындағы
облыстық қазақ музыкалық-драма театры
әдебиет бөлімінің меңгерушісі.