Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бақытжанның баспалдақтары - АРҚА АЖАРЫ

Бақытжанның баспалдақтары

Белгілі ақын, журналист Бақытжан Тобаяқ – 70 жаста

Бақытжан Ошақбайұлы Тобаяқ 1953 жылы 21 сəуірде туған, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі (1994),
Қазақстан Республикасының еңбегі сіңген мəдениет қайраткері (2003). 1973 жылы ҚазПТИ-ді,1993 жылы ҚазМУ- ді, сондай-ақ, Ш.Шокин атындағы энергетика ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасын бітірген.
Көп уақыт бойы энергетика, көлік қатынасы салаларындағы, жоғары білім жүйесіндегі инженерлік ғылыми жəне ұстаздық қызметтерін журналистік жəне ақындық қырларымен тығыз ұштастырып келді. Өткен жылдары «Қазақ энциклопедиясында», «Зерде», «Қаржы-қаражат» журналдарында, «Халық кеңесі» газетінде, ҚазАқпаратта, «Хабар» агенттігінде түрлі жауапты қызметтер атқарды. Ұлттық «KEGOC» энергетикалық компаниясында бөлім бастығы болды. «Бостан», «Темірқазық», «Сонар», «Металдар құпиясы», «Егемен елдің экономикасы», «Адамзат тірлікті дəулет білмек…», «Құланиек», «Алматы көшелері», тағы басқа өлеңдер жинақтары мен ғылымитанымдық кітаптары жарық көрген. Қазақстан Республикасының құрметті энергетигі.
Республикалық «Жігер» фестивалінің, Халықаралық Түрік фестивалінің, Ə.Бөкейханов атындағы сыйлықтың
лауреаты, бірнеше республикалық жыр мүшəйраларының жеңімпазы мен жүлдегері.
«Құрмет» орденінің иегері, Алматы облысының құрметті азаматы.

Сексенінші жылдардың басы болар деймін, менің сол кезде «Госкомиздат» деп аталатын құзырлы мекемеде қызмет істеп жүрген кезім болатын. Кеңес үкіметінің кезі ғой. Ол кезде ұжымдарды қайда істесең де, облыстарға ауыл шаруашылығы жұмысына жіберіп отыратын.

Қоңыр күздің қалың ортасы болатын. Мен мекеменің бір топ қызметкерлерімен, сол кездегі Алматы облысына (осы күні Жетісу) баратын болып белгілендім. Бас-аяғымыз жиналғаннан кейін белгіленген күні жолға шықтық. Қолқабыс жасауға жұмылғандардың саны жеткілікті екен. Есебі бірнеше автобус. Әр мекеме бір-бір автобус иеленген. Біздің Баспа комитетінен 10-15 адам бөлінген екенбіз. Автобусқа отырып жолға шықтық, жолда қала сыртынан күтіп тұрған тағы 4-5 автобус қосылды. Осыншама адам сол кездегі Сарыөзекті көктей өтіп, Панфилов ауданының орталығы Қоғалыға қарай қозғалдық. Жолда біраз елді мекендерді басып өтіп, ақыры, сол ауданның Бостан деп аталатын ауылына ат басын тіредік. Жол бойына кісі тиеген біраз автобустар әр ауылдарда қалып жатты. Діттеген жерге жеткен соң, көліктегілер бір жерге бас қосып, жинала бастады. Бұл ауылға бірінші рет келуім еді. «Ешкімді танымаймын ғой, енді қайда барсам екен» деп дағдарып тұрғанымда қарсы алған басшылардың бірі бас-аяғымызды жинақтап, бір үлкен жатақханаға жеткізді. Жатақхана дегенім, бұрынғы клуб па, үлкен кең үйлерден тұратын дарбаза болып шықты. Бір кезде қасыма біреу:

– Ассалаумағалейкүм, Секе! – деп сәлем беріп, қолын ұсынды.

Кім екенін болжап білгенімше, бірден Бақытжан екенін білдім. Бақытжан Тобаяқ, бөгде жерде нақ туысымды тапқандай қуанып кеттім. Құшақтасып жатырмыз.

–Бұл жақта нағып жүрсің?

–Мен де сіз сияқты жұмысқа келдім, қасымдағылар мына автобуста отыр. Қазір түседі, бәріміз бір жатақханаға орналасатын болсақ керек.

Мен әлде де тосаңсып: «Болса да ауылға әкелгесін неге үйлерге түсірмеді екен» деп жатақханаға көңілім толмай тұр еді. Бақытжан бірден «Қысылма Секе, бұл Бостан деген менің ауылым, менің туған үйім де осы жерде» деп бір ескі үйдің орнын нұсқады.

–Жүр, көрейік! – деппін мен, әлде де сенер-сенбесімді білмей. Біз ескі қыстаудың орнына келдік. Үй орнында қаулап шөп өсіп кеткен.

–Менің әкем осы ауылға басшы болып келген екен, мен сонда туылыппын, – деді Бақытжан. –Біз негізі Қарқаралы жағының қазағымыз, қаракесекпіз. Ертеде көшіп келген екенбіз. Әкем Ошақбай осы өлкеде бірнеше колхоздарды басқарған. Кейін Алматының түбіне көшіп барғанбыз.

Әрі қарай жөн сұраса келіп, Бақытжанның руы Қаракесек екенін, баяғы Құнанбайды көрген Жанақ ақын заманында белгілі болған адам. Абайдың әкесі Құнанбаймен туыстас. Поляктің жиһанкезі Янушкевичпен кездескені тарихтан белгілі. Сөйтіп, сол күннен бастап Бақытжан екеуіміз ағалы-інілі болып, араласып кеттік. Әлі күнге дейін Алматыда да, кейін Астанада да жұбымыз жазылған жоқ, араласып тұрамыз. Сөйтіп, көп ұзамай «картоп шаруашылығына» кірісіп кеттік. Жұмысымыз картоп жинау. Бостанның картоптары өнімді екен, көпшілікке өтімді товар екен.

Бас-аяғы бір айдай жүрдік. Жұмысымыз да абыройлы болды… Жинаған картобымызды арнайы машинаға тиеп, қасындағы «Калинин» совхозының базасына жеткіземіз. Сондай сапарда Бақытжан мені өзінің дос ағасы Нұрсерік Ескендіров деген жігітпен таныстырды. Ол сол совхоздағы орта мектептің директоры екен. Бір күні үйіне апарып, шай іштік. Содан араласа келіп, Нұрсерік екеуіміз әбден дос болып кеттік. Нұрсерік бізді облыс орталығы Талдықорғанға бірнеше мәрте алып келді. Талай үйде қонақ болып, серілік күндеріміз көп болды.

…Мектепті алтын медальмен тәмамдаған Бақытжан 1973 жылы Қазақ политехникалық институтының энергетика факультетін бітіреді. Алғашқы қадам – еңбек жолын Өскемен жылу электр орталығында жұмысшы болып бастайды. Содан соң республикалық «Казтехэнерго» кәсіпорнында инженер болып істеп, қазіргі Атырау, Павлодар, Алматы жылу электр орталықтарында қазандықтар мен турбогенераторларды іске қосуға, энергоблоктардың автоматикасы мен өлшеу аспаптарын баптауға қатысады.

Жетпісінші жылдарда Бақытжан Қазақтың ғылыми-зерттеу энергетика институтының плазмалық энергетика зертханасына шақырылып, біраз жылдар абыройлы қызмет атқарады. Сол кезеңде Алматы теміржол институтында жылу энергетикасы негіздерінен дәріс береді, плазма техникасы мен ауа ағындарының аэродинамикасын зерттеп, бірнеше ғылыми мақалалар шығарды, плазматрондарды іске қосып, олардың жаңа буындары бойынша тың жетістіктерге қол жеткізді. 1986 жылы «КСРО өнертапқышы» атағына ие болды.

Көп жылдар Қазақ энциклопедиясында ғылыми кызметкер, сондай-ақ, «Білім және еңбек» журналында ғылым және техника бөлімін басқарды. Осы жылдарда ол қазақ халқының озық ойлы ұлдары Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Е.Бекетов, Ш.Шекин, Ш.Есенов, А.Машановтар туралы құнды зерттеу-ғылыми эсселер жазды.

Жоғары Кеңестің тұңғыш органы «Халық кеңесі» газетін ұйымдастырушылардың бірі болды. Газет жабылғанға дейін экономика бөлімін басқарды. Одан кейін қаржы-бақылау комитетінде, Алматы қалалық тіл басқармасында жауапты қызметтер атқарды. Бақытжан Тобаяқ ұлттық энергетикалық «KEGOC» компаниясында аударма бөлімін басқарып, Қазақстан энергетикасының дамуы жолындағы проблемалық мақалалар жазып, жаңа кітаптар сериясын шығаруда.

Ақындығына келсек, республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты, Халыкаралық Түрік фестивалінің лауреаты, бірнеше жыр мүшәйраларының жеңімпазы.

Менің бұл жайларды тәтпіштеп, баяндап отырған себебім, жетіп-піскен шағында інімнің еңбегін өзінің туған елі, Сарыарқа, Көкше өңірінде тұратын ағайындары, оқырмандары тереңірек білсе екен деген тілек еді. Енді ініме деген жыр-лебізімді тарту етейін:

Алыс сілтеп құрығын,

Жолын қуған ұлының,

Аямаған елінен

Білімі мен білігін –

Бақытжан деген бір інім.

 

Қанышқа да тым ұқсас,

Мұхтарға да тым ұқсас.

Жарқыраған маңдайы,

Одан әрі күміс шаш.

 

Жамбыл деген ағасы –

Бөлек еді бағасы.

Қазына еді, шіркін-ай,

Ортаймаған сабасы.

 

Жәлел деген ағасы

Бөлек еді бағасы.

Тауда туған тұлпардай,

Таймай кеткен тағасы.

 

Бір ағасы Бауыржан,

Сүйікті де тәуір жан.

Ел білетін дәрігер,

Алғыс алған қауымнан.

 

Ой жіберіп қарашы,

Бұл Бақытжан дарасы.

Осылардың бәрі де,

Ошақбайдың баласы.

 

Туған жері Бостан-ды,

Кеп жинаған достарды.

Елжіретер жүректі,

Еске алғандай ескі әнді.

 

Жетісудан екенін,

Ардақтаған мекенін.

Ақындығы басып тұр,

Энергетик екенін.

 

Біле бермес жұрт әлі,

Талдықорған бір талы.

Арғы түбін зерттесең,

Жанақ ақын ұрпағы.

 

Қаздауыстың үнінен,

Тәттімбеттің күйінен.

Тарап жатқан еліңе,

Ерлігіне сүйінем.

 

Ал, Бақытжан!

Жан інім –

Дара туған дарыным.

Басылмасын арының,

Аямасын Тәңірім,

Бұл Дүниенің жарығын!

Серік Тұрғынбекұлы,

Астана, 2023 ж.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар