Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қызылшаны болдырмаудың бірден бір жолы – вакцинация - АРҚА АЖАРЫ

Қызылшаны болдырмаудың бірден бір жолы – вакцинация

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облысы санитарлық-эпидемиялогиялық бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина өңірдегі қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық жағдай жөнінде кеңінен айтып берді.

Бүгінде жер шарының түкпір-түкпірінде қызылшаның таралу қаупі бар. Сарапшылардың пікірінше, бұл соңғы жылдары белең алған Ковид-19 салдары, өйткені, дәл осы пандемия вакцинациямен қамтудың төмендеуіне және қызылшаға қарсы бақылаудың әлсіреуіне әкелді.  Соңғы бірнеше жылда әлемде 150 елде қызылшамен ауырған 155 мың жағдай тіркеліп, өлім-жітім көбейді. Жыл басынан бері жақын шет елдерде де індет ошақтары Украинада, Қырғызстанда, Ресей Федерациясында және тағы басқа елдерде анықталды. Ақмола облысының бас санитарлық дәрігерінің айтуынша, Қазақстанда қызылшаға күдіктенудің 242 жағдайы тіркелген, зертханалық расталған жағдайлардың саны 147-ге жетті. Айта кету керек, науқастардың 71 пайызы вакцинацияланбаған, ал, 12 пайызында вакцинацияның мәртебесі белгісіз. Қызылша ортаңғы құлақтың, өкпенің, трахеяның, бронхтың, ми қабатының қабынуы және пневмония түріндегі асқынулармен қауіпті. Бұл өмір бойы мүгедектікке, зағиптыққа және саңыраушылыққа әкелуі мүмкін.

−Ақмола облысының аумағында қызылша ауруына қатысты деректер соңғы бес жыл көлемінде бірнеше рет тіркелді. 2018 жылы 30 жағдайдың 21-інде балалар сырқаттанды. Одан соң бір жылдан кейін 282 дерек тіркелді. 2020 жылы 59 жағдай анықталды. Өткен екі жыл көлемінде қызылша дертіне шалдыққандар жоқ. Тек биылғы жыл басынан бері Атбасар, Шортанды, Бурабай аудандарында және Көкшетауда қызылша ауруына қатысты 6 жағдай тіркелді. Тексеріс нәтижесінде оның бесеуінде індет анықталған жоқ.   Қызылша өте жұқпалы ауру және оны емдеу қиын. Арнайы препарат жоқ. Антибиотиктер тек асқынуларды емдеу үшін тағайындалады.  Қызылшаның алдын алудың негізгі және жалғыз жолы вакцинация,−деді  бас санитарлық дәрігер.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың сәуір айында Көкшетауда тұратын бір жарым жасар баладан қызылша анықталды. Арнайы сараптама өткізгеннен кейін барып нақты диагноз қойылды. Сәбиге қызылшаға қарсы екпе егілмеген екен. Өйткені, ата-анасы қарсылық білдірген. Аурудың жұғуының басты бір себебі, Еуропадан демалып келе жатқанда тікұшақтың ішінде қызылшамен ауырған адам болған. Осыған байланысты, дерттен қорғанудың жалғыз ғана жолы екпе егу болып табылады.

−Қазіргі уақытта, бір жастан алты жасқа дейінгі балалардың бәріне екпе егілуі керек. Биыл  жоспар бойынша 12 мыңға жуық бала вакцинамен қамтылуы тиіс. Бүгінге дейін 3 мыңға тарта балаға екпе егілді. Жыл сайын сәуір айында Еуропалық иммундау апталығы өткізіледі. Биыл бұл науқан сәуірдің 23-і мен 29-ы аралығында жоспарланды. Бұл кез-келген жастағы адамдарды екпе түрлі аурудан сақтандыру мақсатында жасалып отырған шара. Науқан аясында екпе түрлі себептермен уақытылы екпе егілмеген балаларға салынады. Өңір бойынша былтыр  600-ге тарта балаларға екпе егілді.  Көктем келісімен табиғат аясында серуендейтіндердің саны арта түседі. Дәл осы уақытта кене энцефалитінің де өршитін кезі. Өткен жылы кене энцефалитінің 5 дерегі және кене боррелиозының 2 жағдайы тіркелді. Соңғысын Лайм ауруы деп атайды. Кене энцефалитінің инкубациялық  кезеңі 21 күнге дейін ұласады. Алғашқы белгілері біліне бастаған сәтте дәрігердің көмегіне жүгіну қажет,−деді Айнагүл Мусина. Мұндайда тез шаршау орын алып, адамның иық тұсы мен қолдары, аяқтары сырқырай бастайды. Кененің уытын арнайы дәргерлердің көмегі арқылы кетірген жөн.

Жиын барысында облыстың бас санитарлық дәрігері өңір бойынша бруцеллезге қатысты жағдайдың қалыпты екенін айтты.

–Алайда, алғашқы тоқсанда Көкшетауда ересектердің арасында бір жағдай тіркелді. Бруцеллездің алдын алу үшін жеке шаруашылықтағы малдарды жылына екі рет ветеринарлық тексерістен өткізіп тұру қажет. Тағамдарды, сүт және сүт өнімдерін арнайы белгіленген орындардан ғана сатып алған жөн,−деп толықтырды өз сөзін Айнагүл Мусина.

Иә, мұндайда «Сақтанғанды Құдай сақтайды» деген халық даналығын ұмытпаған абзал.

Ілияс ӘУБӘКІРОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар