Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жылқының жалында өскен жұрт едік қой... - АРҚА АЖАРЫ

Жылқының жалында өскен жұрт едік қой…

Алаш баласына Қамбар атаның сіңірген еңбегі жайлы күнді түнге, түнді күнге ұластырып, жағың талмай айтуға болар еді. Желден жүйрік жылқының жалына жармаспай өскендіктен бүгінгі ұрпақтың сәл әлжуаздау, боркеміктеу болуы таңқалдырмайды.

Қазір жасөспірімдер түгілі тепсе темір үзетін аптал азаматтардың өзі қойға мінетін, ыңыршағы айналуға жақындаған тулақтың жанына жақындауға қорқады. Алаш жұртының мұрты көкке шаншылып тұрған уақытта ұрпағы ат жалында өсті. Содан да шымыр, айбынды, намысқой болуы. Ат үстінен сыпырылып түскелі Алаш жұртының, желкілдеп өсіп келе жатқан ұрпағының бойын бұрын-соңды кездеспейтін сан алуан дерт меңдеді. Бұл жайында белгілі ғалымдардың уәжін келтіре кетуге болады. Жылқының қадір-қасиеті, орасан зор пайдасы тіпті талас тудырмайды да. Мәселен, ауық-ауық атқа міну ас қорытуды жақсартады екен. Күнделікті тіршіліктегі жұқарған жүйкені де қалыпқа келтіреді. Ал, еркін тыныс алуға тигізер септігі тіпті орасан. Оның үстіне эндокриндік жүйеге жағымды әсер етері бар. Аяңы алшы бастырған салт жүріс кезінде көп қозғалмағандықтан тұтаса құрысып қалған арқаны жазбақ. Аяқтың, бел мен жамбастың бұлшық еттері іске қосылып, тұтас денедегі тонусты жақсартады.

Тіпті көнекөз қариялар арыдағы айбынды қазақтың ұрпағының көп болуы осы жылқының арқасы дейді. Салт жүрген кезде адамға ешбір массаж арқылы беріле қоймайтын шарапат та осы мыңболғыр жылқының жақсылығы. Асылында бұл тараптағы жылқының қадір-қасиетін тарата дәлелдеп, уақыт оздырудың қажеті жоқ. Бүгінгі ұрпақтың жетесіне жете бермегенімен күні кеше күпі киген қазақтың бар баласы білетін. Бүгінде елімізде аутизм дертіне шалдыққан бала көп. Көптігі сондай көңілге қорқыныш ұялатады. Кейінгі ұрпақтың денсаулығы не болмақ?! Ал, ұлт денсаулығы әрқашан мемлекет байлығы санатында.

Біздіңше осы бір ұлт денсаулығына шырмауықтай жабысқан дертпен ата малының қадір-қасиеті арқасында пышақпен сылғандай етіп құтылуға болатын сыңайлы. Ол үшін балаларды иппотерапиямен, яғни, жылқыға мінгізіп емдеу керек. Жанға жағымды мұндай жаңалық Астана мен Ақтөбеде бар екен. Арнайы манежді орталықтардың сұранысқа ие болып жатқандығын естіп отырмыз. Бұл тараптағы мамандардың пікірінше, иппотерапия адамның орталық миындағы қан айналымын көп-көрім қалыпқа келтіреді. Қазақы ұғымның ұңғысына сыйғызып айтсақ, тақымының астында тулаған жылқы жарықтық үстіне мінген қаршығадай ұлдың тұла бойындағы алпыс екі тамырына қан жүгіртіп, тезірек жазылуына адам айтқысыз септігін тигізеді. Әрі балғын ағзаның жедел дамуына, кемелдене жетілуіне мол мүмкіндік туғызбақ. Бір ғажабы, психикалық және физикалық жетілуінде әлдебір тежелу бар балалар да осы иппотерапия арқылы біршама жақсарып, тіпті, дертіне дауа тауып, тай-құлындай құлдырай шауып кетеді деседі. Бұдан артық жаратқан иеден не тілерсең. Тағы да мамандар пікірін сыналай келтіретұғын болсақ, иппотерапиямен емделген балалардың есте сақтау қабілеті де дами түспек. Оқу бағдарламасын қапысыз игеруге де септігі тимек. Науқас балалардың интеллектісінің дамуына тәп-тәуір ықпал етеді.

Алаш баласына есте жоқ ескі кезеңнен бері еңбегі сіңіп келе жатқан жылқының қадір-қасиетін жете таныдық дегенімізбен, әлі де санамызға сыналап кіретін тылсым сыры сарқылған жоқ. Әне бір жылдары көкшетаулық атты полиция қызметкерлері сал ауруына шалдыққан балаларды оңалту бағытында игі бір істі қолға алып еді. Негізінде иппотерапия емдеу тәсілі әлмисақтан белгілі. Тіпті ғылыми тұрғыда жан-жақты дәлелденген деп айтуға да әбден болады. Мұндай шаралар шетелдерде табысты қолданылуда. Асылында атқа мінген адамның омыртқа сүйектерінің арасы ашылып, барлық бұлшық еттері үздіксіз қозғалысқа түсіп, ағзаға жағымды әсер ететіндігі даусыз. Полиция қызметкерлерінің айтуларына қарағанда, «Черкез» және «Ричард» атты жылқылар балалардың ең сүйікті көліктеріне айналған.  Алғашқы бетте қала балалары қарадай үркіп, жолағылары келмегенімен, бірте-бірте атқа мінудің қызығын ұғына бастаған. Бұрынғылар «жылқы үстінде желік бар» деп тегін айтты дейсіз бе.

Осындай оң шешім қабылдап, «Мейірім» балаларды дамыту орталығы және №4 арнайы мектеп-интернатының басшылығымен өзара келісімге келген болатын. Сырқат балалар аптасына екі мәрте атқа мініп, серуендеді. Игілігі елге ортақ болды.

Осы істі барынша дамытуға болар еді. Мәселен, облыс орталығындағы «Құлагер» атшабары негізінде арнайы манеж ашу мәселесін ұлтжанды азамат Марат Қойшин ондаған жыл бойы көтеріп келеді. Әйтсе де өкінішке орай, ұлт саулығы, балалардың денсаулығына шарапаты мол шаруа жүзеге асар емес.

–Біздің өңірде қыс ұзақ. Атшабар қыс бойы бос тұрады десе де болады, – дейді Марат Қойшин, – жылына екі-үш шара ғана өтеді. Бар дүниені іске жаратып, игілігін ел көрсе несі айып. Қазіргі балалар атқа мінуден қалып барады. Жалғыз қалада емес, ауылдың өзінде де осындай жағдай. Атшабарда арнайы манеж салатын ыңғайлы жер телімі де бар. Білікті жаттықтырушылар да табылып қалады. Іргедегі балалардың ұлттық спорт мектебінде ат жетерлік. Енді қандай қиындық бар? Менің ойымша, ұзындығы 80, ені 30 метрлік манеж салса жетіп жатыр. Манеж үш бөлікке бөлінсе. Бірінші бөлігінде күнделікті жаттығулар жасалады. Екінші бөлігінде науқас балалармен иппотерапиялық жаттығулар өткізсе, ал, үшіншісінде ниет еткен адамдар жуас, мініс аттарын жалға алып мініп жүрулеріне болады. Балалардың киім ауыстыратын, мал дәрігерлері отыратын арнайы орын жабдықтаса жетіп жатыр. Менің есебім бойынша осы шаруаға шамамен 20 миллион теңге жеткілікті. Неге десеңіз, жылқыға жылы қораның қажеті жоқ, жел соқпайтын, қар түспейтін пана болса жеткілікті.

Аутизм және ДЦП дертімен ауыратын балалар үшін мұндай жобаның қажет екендігін мамандар да растайды. Пандемияға дейін  №1 арнайы мектеп-интернаттың оқушылары балалар ұлттық спорт мектебіне үзбей барып тұрған. Бұл мектепте аутизм дертіне шалдыққан жүзге жуық бала тәлім-тәрбие алуда. Мектептегі мұғалімдердің айтуларына қарағанда, атқа мініп бой жазған балалардың көңілдері көп-көрім көтеріліп, жағдайлары бұрынғымен салыстырғанда тәп-тәуір жақсарып қалатын болған. Үзбей жаттығуға ауа райының қолайсыздығы мүмкіндік бермейді. Егер жабық манеж салынса, бұл түйткілді түбегейлі шешуге болады.

Бүгінгі таңда өңірде әрқилы спорт кешендері салынып, пайдалануға беріліп жатыр. Бұл тарапта тамаша жетістік бар. Әйтсе де, осы бір іске ден қойылмай келе жатқандығы өкінішті. Жас ұрпаққа жаны ашитын ел ағаларының айтуларына қарағанда, «Құлагер» атшабары Краснояр селосының іргесінде, қашықтау, сондықтан, қала балаларының барып-қайтуына сәл қолайсыздау. Мүмкін қаланың ішінен орын табылып қалар. Қалай болған күнде де түйткілді мәселенің түйіні шешілсе, жүздеген баланың денсаулығы жақсарып, аутизмнен арылып, жүздерінде бақыт шуағы ойнар еді.

Байқал БАЙӘДІЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар