Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Назар аударып, алға апаратын істер әлі де көп - АРҚА АЖАРЫ

Назар аударып, алға апаратын істер әлі де көп

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев кезекті жұмыс сапарымен Біржан сал және Бурабай аудандарында болып, осы өңірлердің тұрғындарымен есеп беру кездесулерін өткізді. Бұл кездесулерде қол жеткен жетістіктер мен олқылықтар қатар айтылып, әрі оларды шешу жолдары қарастырылып, халық өздерін толғандырған мәселелері бойынша аймақ басшысының қабылдауында болды.

Біржан сал. Аудан орталығы Степняк қаласында облыс әкімі алдымен, жылу тарату желілері құрылысының барысымен танысты. Өз кезегінде, «Bertys Construction» ЖШС-ның  жоба жетекшісі Еркеболат Қанқұлов жылу желісінің жалпы ұзындығы 9,6 шақырымға жуық, ал, жылу қуаты екі мың кВт-тан астам екенін баяндады. Нысанды пайдалануға беру 2023 жылдың шілде айына жоспарланған. Жобаның жалпы құны 443 миллион теңгені құрайды. Сонымен қатар, өңір басшысы қазіргі күнде тұрғын үйге айналдырылған бұрынғы жатақхана ғимаратында да болды.

– Біз ең алдымен, өз қызметкерлеріміз үшін бар жағдайды жасауға тырыстық. Өйткені, өндіріске жастар керек. Дегенмен, қажет болған жағдайда басқалар да, мәселен, мұғалімдер, медицина қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер пәтерлердің бір бөлігіне қоныс аудара алады, – деген «Қазгер құс» ЖШС директоры Борис Оздоев, ішкі әрлеу жұмыстары аяқталып, бір айдан кейін бір және екі бөлмелі 17 пәтерді пайдалануға беретіндерінжеткізді.

– Инфрақұрылымды дамытып, тұрғын үйлер салу жастарды ауылда қалдырудың бір жолы. Сондықтан, мұндай жобалар қажет, – деп нақтылады өңір басшысы.

Ермек Боранбайұлы есеп беру жиынында ауданның инфрақұрылымына тоқталып, ауыл шаруашылығы саласының дамуын да ерекше атап өтті. Бүгінде Біржан сал ауданының ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 37 миллиард теңгеден асқан. Өйткені, қой, ешкі, жылқы санының артып келе жатқаны рас. Ауданда ет өндіру алты мың тоннаға, сүт 22 мың тоннаға жуықтаған. Қазіргі таңда 305 басқа арналған бес ет фермасы, 160 басқа арналған сүт фермасы құрылған.

Әлеуметтік сала да назардан тыс қалмауда. Аудандық аурухана мен медициналық пункттерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Облыс орталығында емханасы бар аурухана мен Андықожа батыр ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салу жоспарлануда. Медициналық ұйымдардың жабдықталуы 76 пайызға жеткен.

Ағымдағы жылы Бұланды ауылында жаңа мектеп салу қарастырылуда. Оған қоса, бірқатар ауыл мектептерінде күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Маусым айында Степняк қаласындағы №1 орта мектепте күрделі жөндеу жұмыстары басталады.

– Инвестициялар нәтижесінде халықтың табыс деңгейі көтеріледі. Ол үшін жұмыс орындарын ашуымыз керек. Ал, мемлекет өз тарапынан инфрақұрылымға көмектесетін болады, – деген Ермек Боранбайұлы,соңғы екі жылда 1,8 миллиард теңгеге жолдар жөнделсе, 2023 жылыосыған тағы 2,8 миллиард теңге бөліну жоспарланып отырғанын атап өтті. Бұл қаражат аудандық маңызы бар жолдарды және аудан орталығы мен бірқатар елді мекендердегі жол жамылғылары мен жаяу жүргіншілер жолын жөндеуге де жұмсалмақшы.

Үлгі ауылының тұрғыны Алма Бекенова ауданда оң өзгерістер бар екенін айта келе, су құбырының құрылысы аяқтала ма, жоқ па деген күмәнін де жасырмады. «Бюджет қаражатының толық игерілуін, жұмыстардың тиімді әрі уақытылы жүргізілуін қадағалаймыз», – деп жауап берді өңір басшысы.

Азамат Мұсабаев аудан әкімі Достанбек Есжановтың жұмысын белсенділер атынан сынға алды. «Әкім халықтың мәселесін білмейді, шалғай ауылдарға бармайды, су құбыры, құрылыс жұмыстарының қозғалысы байқалмайды», – деп қынжылған қоғам белсендісіне «Өтінішіңіз назардан тыс қалмайды», – деп уәде берді Ермек Боранбайұлы.

Бурабай. Өңір басшысының Бурабай өңіріне жұмыс сапары Қатаркөл ауылындағы «Discovery-Borovoe» сауықтыру және ойын-сауық орталығына барудан басталды. Ол жерде директордың орынбасары Павел Безвербный даму перспективалары туралы айтып берді. Оның сөзінше, ғимараттарға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жиһаздар мен электроникалар жаңартылған. Ағымдағы жылы жыл бойы жұмыс істейтін бассейн жәнекөтергішпен сырғыту, спа-салон ашу жоспарланып отыр, осылайша туристер мен демалушыларға көрсетілетін қызмет түрлерін айтарлықтай кеңейту көзделген. Оған қоса, орталықтың жұмысын 150-ге жуық адам қамтамасыз етеді, олардың көпшілігі басқа өңірлерден келген.

– Демалыс аймағы халықаралық аналогтардан еш кем түспейді. Туризм факультеттерінде оқитын жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін кейін жұмысқа орналастырып, тәжірибені жолға қою керек, – деген ұсынысын айтты облыс әкімі. Сондай-ақ, Ермек Боранбайұлы Қатаркөлауылындағы мектепте болды. Мектеп «Қазақстан халқына» әлеуметтік қорынан 250 миллион теңгеге құрал-жабдықтар алған. Әкім одан әрі мәдениет үйі, Спорт сарайының және Щучинск қаласының Заречный шағын ауданындағы 45 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен танысты.

Аудандық мәдениет басқармасының басшысы Дина Қарсыбаева жоспар бойынша жаңа мәдениет үйінде заманауи кинозал, мерекелік шаралар мен көрмелер өткізуге, шығармашылық үйірмелер мен бірлестіктердің сабақтарын жүргізуге арналған залдар болатынын атап өтті. Сондай-ақ, «Ауыл тұрғындардың тапсырысы бойынша біз заманауи талаптарды ескере отырып, орындықтарды екі есе көбейтіп, ғимараттың жалпы сәулеттік келбетін сақтаймыз», – дейді ол.

Есеп беру жиынында Ермек Маржықпаев өткен жылдағы және ағымдағы жылдың бірінші тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындысын айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.

– 2023 жылы үш көпқабатты тұрғын үйдің құрылысына және олар үшін инфрақұрылымға 1,9 миллиард теңге бөлінді, тұрғын үйді пайдалануға беру жоспары 31 мың шаршы метрді құрайды. Медицина қызметкерлері үшін 45 пәтерлі бір жалдамалы үй және тағы екі 45 пәтерлік несиелік үй салынуда. Жеке инвестиция есебінен 118 пәтерлік екі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл көптеген отбасылардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға және оларды жайлы етуге мүмкіндік береді, – деді өңір басшысы.

Жылу мәселесі біртіндеп шешілуде. 2022 жылы Оқжетпес ауылына блокты-модульдік қазандық сатып алынса, биыл жылу желілерін тартуға 100 миллион теңге бөлінген. Соның нәтижесінде жылумен қамту сапасы жақсарып, Бурабай ауылының жылу қазандығына түсетін жүктеме азайған. Щучинск қаласында жылу желілерін салу және қайта жаңғырту бойынша тағы екі жоба жүзеге асырылады. 26 елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілді, тағы үш ауылға 2025 жылға дейін сапалы ауыз су келетін болады. Білім саласында да оң істер бар. Щучинск жоғары техникалық колледжі мен Мәдениет ауылындағы мектептің ғимараттары жөнделіп, бес жаңа автобус сатып алынған. Жалпы, тұрғындардың сауалдарының басым бөлігі жол желісін салу мен жөндеуге қатысты болды.

– 2022 жылы жол жөндеуге 2,5 миллиард теңге бөлініп, 45 шақырым жолға асфальт төселді. Жұмыс биыл да жалғасын тауып, Бурабай ауылында, сондай-ақ, Щучинск – Николаевка, Бурабай – Қатаркөл және тағы басқа тас жолдарында жол жөндеу жұмыстары жүргізілмек, – деп жауап берді бұған облыстық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
Наталья ЯКОВЛЕВА.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар