Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Заман талабы мен талғамы жаңа міндеттер жүктейді - АРҚА АЖАРЫ

Заман талабы мен талғамы жаңа міндеттер жүктейді

Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың Зеренді және Сандықтау аудандарындағы есеп беру кездесулері сындарлы іскерлік жағдайда өтті. Онда тұрғындар түйткілді мәселелерге тоқталып, көптеген көкейтесті сауалдарына жауап алды. Кездесулер барысында алдағы уақытта шешімін тілейтін жаңа міндеттер белгіленіп, салалар бойынша жұмысты жақсарту жолдары қарастырылды.

Зеренді. Өңір басшысы аудандағы бірнеше нысанды аралады. Шағалалы ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елдімекенішілік жолдарды орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мұнда су тасқынына дайындық жақсы нәтиже берген. Ең алдымен 70 метрлік құбыр төсеу арқылы су өткізгіш құбырдың өткізу қабілеті артқан. Биылғы көктемде ауылда еріген судың еш зияны сезілген жоқ. Биылғы жылы 100 миллион теңге қаржы бөлініп, ауылға кіреберіс жолды орташа жөндеуді бастау жоспарлануда. Мұнда су желілері де ретке келтірілуде.

Азық-түлік тауарларын сататын «Шағын маркет» дүкенінде төрт сөренарық бағасынан 10-15 пайызға төмен бағамен сатылатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына толтырылған. Сауда орны өткен жылдың желтоқсан айында ашылды, тауарлар делдалсыз, тікелей жергілікті өндірушілерден сатып алынады. «Мұнда, әсіресе, біздің зейнеткерлерге азық-түлікті қолжетімді бағамен сатып алу өте ыңғайлы», – деп алғыстарын білдірді жергілікті тұрғындар.

Өңір басшысы мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін әлеуметтік қызметтер туралы сұрап білді. Мұнда айына орта есеппен 180 келуші көмек сұрап жүгінеді. Өткен жазда ауылдық әкімдіктің іші жөнделіп, пандус орнатылып, республикалық бюджеттен жалпы сомасы 9,2 миллион теңгеге бедертас төселген.

Жоғары агротехникалық колледждегі халықпен есеп беру кездесуінде облыс әкімі ауылдағы кейбір нысандардың жақсы жағдайына тоқталды. Ол өз сөзінде, мектептің жөнделіп, қауіпті жағдайда тұрған қазандықтың ретке келтірілгенін ризашылықпен атап өтті. Сондай-ақ, өңір басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы бойынша өткен жылы өнеркәсіпті, құрылысты, сауданы дамыту, тұрғын үйлерді пайдалануға беру, бюджет түсімдері бойынша  толымды көрсеткіштерді қамтамасыз ете алмағанын атап көрсетті. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында ауыл шаруашылығы мен инвестиция тарту көрсеткіштері де жақсартуды тілейді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев таяуда Үкіметте еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған кеңейтілген отырыста инвестициялық мәселелерге бірнеше рет оралды. Нақты міндеттер қойылды. Бұл біздің жұмыс орнымыз, бюджет кірістері, салықтар екенін түсінуіміз керек. Демек, адамдардың тұрақты жалақысы, қаржылық әл-ауқаты болған кезде олар алаңсыз өмір сүреді. Өкінішке орай, сіздердің аудандарыңызда әлі ірі жобалар жоқ, тек шағын кәсіпорындар ғана жұмыс істеп тұр. Мұндағы ірі бизнесті дамыту үшін электр қуатын сапалы жеткізу қажет, өкінішке орай, ол жеткіліксіз екенін түсінеміз. Сондықтан, бұл – өндірісті Көкшетауға жақын, қолжетімді ауылдарда дамыту керек деген сөз, – деді Ермек Маржықпаев ауылдық округ әкімдеріне қарата айтқан сөзінде. – Халыққа қолайлы жағдай жасау керек: жол, су, жарық мәселелері әрбір адам үшін өте маңызды, – деп атап көрсетті.

Биылғы жылы аудан орталығында ұзындығы 16 шақырымды құрайтын жаңа электр желілерін тартуға 430 миллион теңге бөлінді. 26 миллион теңгеге курорттық аймақтың көшелерін қосымша жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі.Азат, Өзен, Ортаағаш, Қарашілік, Қызылегіс, Игілік, Красный Кордон, Үлгілі, Алексеевка ауылдарында көшелерді жарықтандыру қолға алынады.

– Облыстағы 177 елді мекенде су мәселесін шешу қажет. Жол картасы бойынша олардың әрқайсысында геологиялық зерттеу жұмыстары жүргізіліп, жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, сараптама жүргізіліп, қаржыландыруға өтінім беріліп жатыр. Зеренді ауданында 43 ауылдың 20-сына су құбыры желілерін тарту, 11-іне құрама блоктық модульдерді орнату жоспарлануда. Биыл Алексеевка ауылында 378 миллион теңгенің су құбыры желілерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталады. Біздің бастамаларымыз республикада қолдау тауып отыр. 2025 жылға қарай сумен қамтамасыз ету мәселесін толық аяқтауымыз керек, – деді Ермек Боранбайұлы. Жолдардың сапасы әлі де сын тудыруда. «Мысалы, облыста мердігерлердің астанадан асфальт тасымалдайтын кездері бар… Бұл жағдайда қандай сапа туралы айтуға болады? Өңірге жергілікті компаниялар келуі, олардың өздерінің қиыршық тастары, инертті материалдары болуы керек, – деп есептейді аймақ басшысы.

– Құрметті депутаттар, сіздер күрделі сайлау процедурасынан өттіңіздер, өңірдегі жол құрылысын бақылаңыздар, сондай-ақ, бұл іске азаматтық қоғам өкілдерін де белсенді түрде көмек көрсетуге шақырамын, – деп атап өтті облыс басшысы. – Елордаға жақын аймақтарда қоғамдық кеңестер құрылып, жұмыс өте қарқынды жүргізілуде. Көп елді мекендеріміз бен ауылдарымыздың қыстан кейінгі жағдайын қараңызшы. Аса бапты емес дер едім. Бұлай болмауы керек, – деп түйіндеді Ермек Маржықпаев.

Сандықтау. Облыс әкіміне жауапты тұлғалар айтып өткеніндей, Сандықтау өңірінде биыл туризмді, ауыл шаруашылығы саласында астықты өңдеу және сақтауды дамытумен тығыз айналысуды жоспарлап отыр. Астықты бастапқы өңдеу және сақтау орайында 2,9 миллиард теңгенің 8 инвестициялық жобасын іске асыру жоспарлануда. Бұл ретте, «Агро Лейк», «Агро Шанс», «Белгородское» ЖШС-лары сүтті мал шаруашылығы бойынша «СХП Байдалы 2» ЖШС-і етті мал шаруашылығы бойынша «Спасское Агро», «Бастау Агро С» ЖШС-лары, сүт өңдеу бойынша «Қарлығаш» ШҚ, жерді суару бойынша «Свободное» ЖШС-сына артатын үміт зор.

– Ауданда көрсеткіштердің тұрақты төмендеуі байқалады, – деп атап өтті одан әріоблыс әкімі. – «Ауадан алынған емес», нақты сандарды көргіміз келеді… Олардың артында қанша шаршы метр тұрғын үй, құрылыс жобалары, инвестиция тұр? Бұл сайып келгенде, жұмыс орындары, бюджет кірістері.

Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша Сандықтау ауданы құрылыс пен сауда саласындағы екі көрсеткішті толық орындамаған. Кәсіпкерлік басқармасының мәліметінше, бір кәсіпорын жабылған.

–Біз не үшін жұмыс істеп жатырмыз? Жаңа нысандарды ашуды ынталандыру керек. Сіздердің ауданыңыздың әлеуеті зор, мәселені көріп, шешу жолдарын білулеріңіз керек», – деп талап еткен Ермек Маржықпаев әр көрсеткіштің артында халықтың әл-ауқаты тұрғанын жеткізді.

– Ағымдағы жылы аудан жолдарын жөндеуге 1,1 миллиард теңге қарастырылды, бұл қаржыға 43,5 шақырым жолды жөндеу жоспарлануда. Олар: Новоникольское ауылының кіреберісі, Балкашино ауылының тротуарлары, Некрасов көшесінің қиылысы, Петровка ауылының көшелері мен жол желілері, Балкашино ауылындағы Белгородское-Раздольное автокөлік жолдарының аудан шекарасына дейінгі жерлері, – деп хабарлама жасады облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Владимир Кулаков. – «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Лесное ауылындағы елдімекенішілік жолдарды жөндейміз. Соның ішінде облыстық маңызы бар жолдың орташа жөндеуін Острогорка ауылынан бастап, Мариновка  ауылына қарай бағыттаймыз.

Залдан қойылған сұрақтарға келсек, адамдар заң аясында жер алу мәселесінде бюрократиялық кедергілерге тап болғаны белгілі болды. Құрылыс және абаттандыру жұмыстары бойынша мемлекеттік тапсырыстарды орындағысы келетіндер үшін де проблемалар бар. Мәселен, басқа аймақтардан конкурстық процедураларды жеңіп алғандар арнайы техникасы немесе материалдары мен жұмыс күші болмай шығады. Өңір басшысы бұл мәселелерді де қолына қалам алып жазып алды. Халықпен кездесуден кейін Ермек Маржықпаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
Вероника БУРДА.

Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар